Соңғы кездері барлық Жосықсыз компаниялар жазалануы тиіс
Қалыптасқан жағдайға байланысты 10 маусым күні Премьер-Министр А.Маминнің жетекшілігімен өткен кезекті Үкімет отырысында құрылыс материалдарының бағасы талқыланды. Үкімет басшысы салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға бағаның өсуіне бақылау жасауды және жосықсыз компанияларға қарсы қатаң шара қолдануды тапсырды. Сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе құрылысшылар мен өнім өндірушілер арасында ұзақмерзімді сатып алу шартын рәсімдеу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Шетелдік тауарлардың қымбаттауына жол бермес үшін импорт алмастыру бойынша жобалардың уақытылы жүзеге асырылуы маңызды екенін ескертті. Жұртшылық арасында бағаның қымбаттауына құрылыс материалдарының өңірлерге дұрыс жеткізілмей жатқаны да себеп болғаны туралы әңгіме көтерілген. Дегенмен «Қазақстан темір жолы» ҰК»АҚ дерегіне сенсек, компанияның қолданыстағы жылжымалы құрамы тапсырыс берушілердің сұранысын толығымен қамтамасыз етіп отырмыз деген уәж айтады. Мәселен, тек мамыр айында ғана материалдарды теміржол көлігімен тасымалдау көлемін 14%-ға ұлғайтыпты. Әйтсе де, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің басшысы Серік Жұманғариннің айтуынша, баға өсіміне негізінен көтерме-бөлшек нарықтағы алыпсатарлардың әсері көп болғаны анық байқалады. Оның айтуынша, өндірілген өнімнің зауыттан шығып, тұтынушыға жеткенше сатылу бағасына біршама үстеме баға қосылады екен. Мысалы, цементтің бастапқы бағасы 25%-ға дейін қымбаттап кетуі мүмкін. Ол енді өндіруші мен тұтынушылардың арасында жүрген делдалдардың қолдан жасаған әрекетіне байланысты. Мұндай қымбатшылыққа ұрынбас үшін ірі өндірушілер цемент сатуды тек өздерінің сауда және сату компаниялары арқылы жүзеге асырады.Ала-құла баға
Құрылыс материалдарының қымбаттауы жекелеген түрлері мен өңірлер бойынша ала-құла. Мысалы, Ақмола өңірінде полиэтилен құбырларының бағасы тіпті ерекше шарықтап кеткен, 65%-ға қымбаттаған. Оған «Қазинжиниринг» АҚ-ның еншілес кәсіпорны «Тыныс» АҚ-ның бағаны себепсізден-себепсіз 62%-ға көтеріп жібергені себеп болған. Осы факті бойынша аталған кәсіпорынға монополияға қарсы заңбұзушылықты жою жөнінде хаттама жіберілген. Жалпы, полиэтилен құбырларын жасауға арналған шикізат толығымен импорттан келеді, негізінен Ресейден. Олардың құны соңғы айда 10-15 %-ға өскен, тиісінше елдегі өнім өндірісі орташа алғанда 10%-ға қымбаттаған. Ол Шымкент пен Ақтөбе облысында – 19%-ға, Қарағанды облысында 14%-ға өскен. Жоғарыдағы мысалдардан республикада құрылыс материалдары бағасының шарықтап кетуіне жекелеген кәсіпорындардың, әсіресе алыпсатарлардың кінәсі көп екенін көреміз. Осыған орай Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қымбатшылықтың себебін анықтау үшін кешенді шараларды қолға алды. Сол бойынша бүгінгі күні жосықсыз нарық субъектілеріне монополияға қарсы заңбұзушылықты жою туралы 26 хабарлама жіберген. Құрылыс материалдарын өндірушілермен монополияға қарсы заң нормаларын сақтау жөнінде 10 комплаенс жасалған. С.Жұманғариннің айтуынша, қазір аталған тауар нарығындағы жағдай толықтай бақылауға алынған және жақын арада баға тұрақталатын болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Бейбіт Атамқұлов отандық құрылыс материалдарын өндіруші кәсіпорындардың қуатын арттыру және озық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ импорттық тәуелділіктен арылу үшін біршама жұмыстар қолға алынып жатқанын жеткізді. Осы мақсатта 2021-2025 жылдар аралығында бұл салаға 442 млрд теңгеден астам қаржы бөліп, 79 жобаны іске қосу қарастырылған. Мұның 22-сі импортты алмастыратын жобалар. Оның ішінде құрылысқа аса қажетті санфаяс, минералды жылытқыштар, қыш тақталар, ағаш-тал талшықтары және басқа да материалдардың өндірісі бар.Отандық өндіруші ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарлы
Тәуелсіз сарапшылардың құрылыс саласының басты 24 бағыты бойынша жасаған талдауына сүйенсек, отандық өндірушілер құрылыс материалдарымен ішкі нарықтың 10 тауарлық түрін толықтай қамтамасыз ете алады. 11 тауарлық түр бойынша сұраныстың 50%-ын қанағаттандырады, ал 3 түрі тек шетелден тасымалданады: линолеум, түсқағаз, санфаянс. Қазақстанда цемент өндіру нарығында шағын кәсіпорындарды айтпағанда, ірі 10 компания жұмыс істейді. Олар ішкі нарықты цементпен жүз пайыз қамтамасыз етіп қана қоймай, өз өнімдерінің 20 пайызын экспортқа шығарады. Кірпіш өндірушілердің саны тіпті көп – 465 зауыт жұмыс істеп тұр. Отандық өндіріс силикат кірпіш сұранысын толықтай жабдықтап отыр. Тек кірпіштің керамикалық түріне деген қажеттіліктің жартысына жуығы импортпен жабылады. Арматура нарығында ірі 5 өндіруші бар. Олардың ең қуаттысы – жылына 400 мың тонна арматура өндіретін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ(Қарағанды) мен өндірістік қуаты 450 мың тоннаға жететін «ЕвразКаспиан Сталь» ЖШС(Қостанай). Отандық арматура өндірушілер ішкі нарықты қамтамасыз етуге қабілетті, тек металл сынықтарының тапшылығына байланысты бұл саладағы көрсеткіш әзірше ақсап тұр. Қазір республика аумағында арматура жасайтын үш зауыт салынып жатыр. Олар пайдалануға берілген күні құрылысты арматураға деген мұқтаждық толықтай шешілмекші. Сондай-ақ Қызылорда облысында жобалық қуаты 197,1 мың тонна болатын шыны зауытының құрылысын аяқтау көзделген. Бұл зауыт іске қосылса, елімізде шыныға деген сұраныс та жүз пайыз шешілетін көрінеді. Ал полиэтилен өндіріс бойынша 4 кәсіпорынды іске қосу жоспарланған. Сондықтан алдағы уақытта құрылыс саласында бағалық астыртын сөз байласуға тыйым салынса, қымбатшылықтың беті қайтады деген үміт бар.Дәулет АСАУ