Эпидемиолог вакцина салдыруға болмайтын жағдайды атады
Эпидемиолог вакцина салдыруға болмайтын жағдайды атады
229
оқылды
Антиденелер саны белгілі бір титр мөлшерінен асып кетсе, онда вакцина алуға болмайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл туралы Алматыдағы №12 қалалық емхананың эпидемиологы Данара Укиева мәлімдеді. Укиеваның айтуынша, аурудан кейін антиденелер алты ай бойы сақталады. Вакцина алмай тұрып алдымен ағзадағы антиденелерге ИФТ-тест тапсыру керек. Егер вакцинаның бірінші дозасын алған адам ауырып қалса, екіншісін салдыру үшін алты ай күтуі қажет (Антидене титрі - антиденелер табылуы ықтимал қан сарысуының шекті сұйылтуы).
"Егер антиденелер саны белгілі бір титр мөлшерінен асып кетсе, онда вакцина алуға болмайды. Ал антиденелер саны аз болса, вакцина қажет, әйтпесе ауырып қалуыңыз мүмкін. Әр ағзаның дербес және антиденелердің жойылу жылдамдығы әртүрлі екенін түсіну керек", - деді Укиева.
Данара Укиеваның мәлімдеуінше, вакцина 18 жасқа толмағандарға, жүкті және бала емізетін әйелдерге, сондай-ақ, аллергиялық реакциялар мен созылмалы аурулары бар адамдарға салынбайды, ал бұл санаттарға жатпайтындардың барлығы вакцина салдыруы тиіс. Айта кетейік, Алматыда вакцина салатын 211 екпе пункті бар. Олар емхана, сауда орталықтары, базар, мектеп, мәдениет нысандарында орналасқан және күн сайын демалыссыз таңғы 08.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.