Қазақстан Үш жылда не өзгерді?
Биыл Денис Теннің қайғылы қазасына 3 жыл толмақ. Нақты реформа туралы да осы оқиғадан соң талап етілген болатын. Сол кезде ІІМ штаттық бірлік санын оңтайландырудан бастады. Мың жарымға жуық басшылық лауазым мен штаттық бірліктің 11%-ы қысқартылды. Осы қысқартудан артылған ақша қызметкерлердің жалақысын 20-65% өсіруге мүмкіндік берді. Бірінші кезекте патрульдік полиция, жедел-тергеу бөлімшелері, учаскелік инспекторлар мен ЖОО оқытушыларының айлығы өсті. Жоғары оқу орыны демекші осы жылдан бастап ведомстволық білім беру саласы модернизацияланды. 12 оқу орнынан тек 5-еуі қалды. Туристік полиция қызметі ашылды. Полицияның ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында фронт-кеңселер ашылды. Карантин кезінде жабылып қалған бұл қабылдау бөлмелері таяуда қайтадан ашыла бастады. Осылай қарқынды басталған өзгерістер бұл салада 2020 жылы пандемияға байланысты саябырсып қалған болатын. Енді 2021 жылды ІІМ құқықбұзушылықтар профилактикасы жылы деп жариялап отыр. Сервистік модельді енгізу үшін учаскелік инспекторлардың жұмысын түбегейлі өзгертіп, «таяқ тастам жердегі полиция» қағидатын қолға алған. Цифрландыру заманының озық үлгісіне негізделген Police 102 мобильді қосымшасы іске қосылды. Расында да, бұған дейінгі атқарылған істердің қаншалықты нәтижелі болғанын бағалау қиын. Өйткені біз осы үш жылда атқарылған шаралардың тек негізгілерін ғана атап өттік. Ал қандай да бір шара қабылдағанда оның нәтиже беруіне уақыт керек екені белгілі. Сондықтан да бұған дейін қолға алынған шаруалардың жемісі енді көрінеді делік. Сонда осыншама ұзақ уақыт жүргізілген реформаның нәтижесі қашан белгілі болмақ? Қалай дегенде де, полиция қызметкерлері жұмысының ең үлкен бағасы халық сенімі десек, осы күнгі ахуалға қарап, ішкі істер саласы халықтың көңілінен шығып отыр деп айту қиын. Бүгінде «полицияның сервистік моделі» мынадай болуы керек деген нақты түсінік жоқ. Сол себептен де ІІМ бұл модельдің қазақстандық тұжы рым дамасын жасап шығаруға тырысып жатыр. Өйткені түрлі шетелдік институционалды модельдерді қолмен енгізгенмен, егер ол мәдени, тарихи, экономикалық, институционалдық, нормативтік, саяси, әлеуметтік және демографиялық жағдайларға бейім болмаса, жемісін бермейді. Әзірге біздің елдегі реформа нысаналы форманың жаңа түріне көшумен көрініс тауып отыр. ІІМ түгел полицияның киімін алдағы 2 жылдың ішінде ауыстырып бітуді жоспарлапты.Нұрлан ҚОСАЙ