Халықтың ақшасы авторлық фильмге арналған ба?
Халықтың ақшасы авторлық фильмге арналған ба?
345
оқылды

Қулығына құрық бойламайтын режиссерлер бар

Иә, кинематографияда фильм­нің бағыты бойынша екі негізгі тенденция бар. Бірі – коммерция­лық туындылар болса, екіншісі – фестивальға арналған авторлық туындылар. Әрине, бірінші топқа мемлекет тапсырысы бойынша түсірілген фильмдер мен тарихи туындылар да жатады. Ал автор­лық фильмде көбінесе автордың жеткізгісі келген тақырыбы мен көркем ой таспаланады. Мұндай фильмдердің әлемдік аренада жүл­де алып жатқаны да содан. Бірақ аталған туындыларға көрерменнің баруы екіталай. «Қазақфильм» қыз­­меткерлері де авторлық фильм­­ді прокатқа қойғанда көрер­мен­нің аз бас сұғатынын, кино­театр­лар­дың прайм-тайм уақытын бермей­тінін айтады. Сондықтан осы текті туындылардың көрсеті­лімін қайы­рым­дылық мақсаттағы шаралар­дан, онлайн жиындардан көресіз. Яғни, бюджеттен бөлінген ақша то­­лық ақталмайды. Фести­вальға ар­­нап түсірген фильмнің не­гізгі та­быс көзі – жүлде. Ал отан­­дық ав­­т­ор­­­лық туындылардың жиі жүлде ал­май­тынын ескерсек, атал­ған фильм­­дер кино қорын тол­тыра­тын­дай әсер қалдырады. Айталық, қазір фильмдер «Қазақ­фильм» арқылы қаржыландырмайды. 2019 жылғы Кино туралы заңға байланысты мемлекет қаржысын иеленгісі келген туынды Ұлттық киноны қорғау қорының іріктеуінен өту керек. Мәліметтерге сүйенсек, әзірге екі рет питчинг өткен. Жақында үшінші питчинг ұйымдас­тырылады. Яғни, сценарийдің таспалану тағдыры питчинг нәтижесіне байланысты. Мәселен, қор 2019 жылы өткен бірінші пит­чингте 17 киножобаны қаржылан­дырған. 2020 жылы өткен екінші питчингте 39 киножоба қолдауға ие болды. Соның ішінде авторлық фильмдер санатына «Ауыл», «Көкбозат», «Өліара» кіреді. Мұн­дай іріктеуге «Қазақфильм» де өз жобасын ұсынады. Мысалы, кейінгі екі жылда Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын», Әділхан Ержановтың «Обучение Адемоки» фильмі­нің түсірілімін мемлекет қаржыландырып жатыр. Осы тұста Дәрежан Өмірбаевтың есімі көрерменге жақсы таныс болар. Өйткені режиссердің туындыларын шетел ыстық ықыласпен тамашалайды. Мәлімет­терге сүйенсек, Франция Өмірбаевтың фильмдеріне өзі құда түсіп, прокатқа шығарады екен. Осындай прокаттан да киноқоржынымызға қаржы түсетіні бел­гілі. Ал жастар арасында Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархат Шарипов, Шарипа Оразбаеваның фильмдері фестивальдарда топ жарып жүр. Осы тұста режиссерлермен, кино­танушыларды әңгімеге тартып, салаға қатысты бірнеше мәселемен таныстық. Кинотанушы Ержан Жұмабеков авторлық киноның мәселесіне тоқтала келе, мұндай туындылардың көбінесе шетелдік фести­вальдер аудиториясына, белгілі бір маман­дарға танымал екенін алға тартты. Ал отан­дық көрермен тарапы қабылдамай жа­тады. Оның айтуынша, авторлық кино әрқашан кинематографияны алға сүйреді. Бұл – кино тілін түсінуге, ізденіске, экспериментке арналған кинематография. Қандай да бір фильм болмасын, ол автор­лық болсын, коммерциялық кино болсын, бірінші кезекте фильм көрерменнің рухани құндылығын қанағаттандыру мақсатында жасалуы тиіс. Кинофестиваль –кине­матографияның даму бағытын, көркемдік деңгейін бағалауға, саралауға мүмкіндік беретін шара. Сондықтан кино­танушы әр кинофестивальдың мақсаты мен саясаты барын ашық жеткізді. «Фестивальдік қозғалыстардың өзара кемшіл тұстарын байқап жүрміз. Мәселен, кейбір режиссерлер осы фестивальға ар­найы кино түсіреді. Фестиваль талабы мен формасына, сәнде жүрген тақырыпқа төселіп алғандары бар. Белгілі бір ауди­ториясы болғандықтан, көрермендерге бұл фильмдердің ұнамай жататыны осыдан. Қазақ киносында да фестивальға арнайы бағытталып түсірген фильмдер баршылық. «Байқоңыр» кинофестивалының бағдар­ламалық директоры ретінде осы фести­вальдың тәжірибесінде мысал келтірейін. Бізге жыл сайын 200-ден астам фильм келіп түседі. Осы фильмдердің ішінде де арнайы фестивальға бағытталып түсіретін фильмдер кездеседі. Мұндай фильмдер көбінесе трендік форманы, тақырыпты көздеп, қазір сәнде жүрген феминизм, гендерлік саясат, ЛГБТ тақы­рыбын қозғайды. Мұндай тақырыптарға ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ кинематография бірінші кезекте көркемдік дең­гей болуы шарт. Бұл арзан шаблонды коммерциялық фильмге де, авторлық дүниеге де қатысты. Соның қатарында фестивальға  бағытталған псевдоавторлық фильмдер де бар. Яғни, екі бағыттың ортасында көрерменнің талабына да, авторлық дүниеден де көркемдік деңгей көрсете алатын фильмдер жоқтың қасы», – дейді кинотанушы.

Басты талап – кино мәдениетін көтеру

Ержан Жұмабековтің ойын белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев жалғады. Қазір фестиваль үшін кино түсіретіндердің көбейгенін растады. Мәселен, режиссер­лердің фестивальшіл болып кетуі шетелде де бар құбылыс екен. Өйткені киноны өнер ретінде бағалайтындарға фестивальдан артығы жоқ. Себебі саланы Голливуд жаулап алған. Яғни, орташа деңгейдегі коммерциялық туындылар көп. Сондықтан өнерге шөліркеген авторлар фестивальға арнап фильм түсіреді. Режиссердің айтуын­ша, қазір жоғары деңгейдегі киноны тама­ша­лағысы келетіндерді тек фестивальдан та­басың. Бірақ фестивальды өткізу бары­сын­да да небір қарама-қайшылықтар бар. фильм Бастысы, автор өзіндік менін жоғалт­пай, фестиваль жүлдесін алуға құнығып кетпеуі керек. Мысалы, фестиваль ұйым­дастырушылардың арнайы шарттары бар. Мұны «Оскар» жүлдесін тапсыру кезіндегі шарттардан да байқаймыз. Сондықтан режиссерлер кино әлеміне саясаттың ара­лас­қанына қарсы. Ұйымдастырушылар қойған талаптарға келсек, «Қазақ­фильм­нің» өзінде фестивальдармен байланыс орнататын бөлім бар. Олар фильм фраг­менттерін түрлі фестивальға жібереді. Артынша олардан жауап келеді. Мәселен, жауапты тұлғалар таспаланып жатқан «Ақын» фильмінің фрагментін фестивальға жолдаған. Оларға фильм ұнаған. Бірақ фильмнің басында қазақтың жазушылары тіл туралы, әдебиет туралы 8 минут ой­толғам жасайды. Ал шетелдіктер «осы фрагментті қысқартып, ықшамдаса, бізге түсініксіз» деп хабарлама жіберген. Режиссер Дәрежан Өмірбаев ұзақ ойлан­ғаннан кейін қысқартудан бас тартқан. Себебі фильмнің сөлі, нағыз мәселе осы жерде қозғалған. Сол үшін автор мемлекет қаражатына түсірілген әрбір туынды кө­рер­мен үшін таспаланғанын қалайды. Ол «Қазақстанның бюджетінен ақша алып, ки­ноны шетелге арнап түсіруге әсте бол­май­ды» деп отыр. «Ақырындап фестиваль де саясаттың құралына айналып келе жатыр. Мысалы, кейбір фестивальдарда сондай тенденция бар. Еліңді, мәдениетіңді, дініңді жаман етіп көрсетсең, олар қолдай кетеді. Мысалы, ЛГБТ тақырыбы осыған мысал бола алады. Бұл жерде не істейміз деген мәселе туады. Көрерменнің деңгейін көтеру керек. Ол үшін елімізде жақсы фестивальдар ұйымдастыру қажет. Өзіміз­дегі фестивальдар шетелдегі фестивальдың деңгейіне жетсе, жалтақтамайсың. Мыса­лы, Қазақстанда киноинститут жоқ. Сол жерде кино мамандарын даярлап шығар­сақ. Қазір фестиваль тетіктерін біліп алған кейбір қулар фестивальге арнап фильм түсіретін жағдайға жетті. Халыққа орташа­дан сәл жоғары фильмдер тарайды, көбірек ұнайды. Осы тұста орташа фильм мен кітапқа «халық қалауы» деп айдар тағудың қажеті жоқ. Бұл жерде сан мен сапа деген проблема бар. Мұнда сан шешпейді, сапа шешеді. Бізде жақсы сыншы жоқ. Мысалы, мәртебесі фестивальдан биік сыншылар кездеседі. Міне, таспаланған туындыны автордан, режиссерден жақсы түсінетін сондай сыншылар пайда болса, фестиваль­дардан қорықпауға болады. Ол үшін ма­ман­дар дайындап, оқыту керек. Осы күнге дейін 100-ге жуық сыншы дайындап шы­ғар­дық. Ішінде атап айтатындай сыншы шық­қан жоқ. Содан кейін осындай құ­рылым болмағаннан кейін шетелге жал­тақтайсың да отырасың», – дейді режиссер.

Мәселе қайда жатыр?

Жыл басында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов киноға бөлінген «ақталмайтын» ақша жайында айтқан-ды. Мәселен, 2010 жылдан бері есептегенде елімізде бюджет есебінен 178 фильм түсіруге 50 млрд теңге бөлінген. Еш­бірі айтарлықтай кассалық табыс әкелмеген. Кинотанушылардың айтуынша, кейінгі 3 жылдың ішінде фестиваль үшін түсірілетін фильмдер көбейіп кеткен. Олардың көпшілігімен отандық көрермен таныс емес. Өйткені мұндай туындының бағасын белгілі бір аудитория мен мамандар береді. Дейтұрғанмен арасында сапасы сын көтеретін авторлық фильмдер бар. Бірақ көрермен арасында танымал емес. Мысалы, Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ерлан Нұрмұхамедов «Жаңғақтал» фильмі талай фестивальда топ жарған. Бірақ аталған фильмдерді көрермен қабылдамаған. «Ерлан мен Сәбиттің киносы прокатта 3 күн тұрды-ау деймін. Ешкім бармағасын алып тастады. Бұл жерде мәселе фильмде емес, көрер­менде. Көрерменнің мәселесін шешіп, кино мәдениетін көтермей мәселе шешіл­мейді», – дейді Дәрежан Өмірбаев. Иә, Ержан Жұмабеков айтқандай, «псевдоавторлық» туындылар көбейіп кеткенімен, арасында режиссердің жүрек лүпілі сезіліп тұратын дүниелер бар. Түйгеніміз, киноиндустрияға болашағы бар киноны іріктей алатын сарапшылар, кәсіби сыншылар мен көзі қарақты көрермен қажет.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ