Қулығына құрық бойламайтын режиссерлер бар
Иә, кинематографияда фильмнің бағыты бойынша екі негізгі тенденция бар. Бірі – коммерциялық туындылар болса, екіншісі – фестивальға арналған авторлық туындылар. Әрине, бірінші топқа мемлекет тапсырысы бойынша түсірілген фильмдер мен тарихи туындылар да жатады. Ал авторлық фильмде көбінесе автордың жеткізгісі келген тақырыбы мен көркем ой таспаланады. Мұндай фильмдердің әлемдік аренада жүлде алып жатқаны да содан. Бірақ аталған туындыларға көрерменнің баруы екіталай. «Қазақфильм» қызметкерлері де авторлық фильмді прокатқа қойғанда көрерменнің аз бас сұғатынын, кинотеатрлардың прайм-тайм уақытын бермейтінін айтады. Сондықтан осы текті туындылардың көрсетілімін қайырымдылық мақсаттағы шаралардан, онлайн жиындардан көресіз. Яғни, бюджеттен бөлінген ақша толық ақталмайды. Фестивальға арнап түсірген фильмнің негізгі табыс көзі – жүлде. Ал отандық авторлық туындылардың жиі жүлде алмайтынын ескерсек, аталған фильмдер кино қорын толтыратындай әсер қалдырады. Айталық, қазір фильмдер «Қазақфильм» арқылы қаржыландырмайды. 2019 жылғы Кино туралы заңға байланысты мемлекет қаржысын иеленгісі келген туынды Ұлттық киноны қорғау қорының іріктеуінен өту керек. Мәліметтерге сүйенсек, әзірге екі рет питчинг өткен. Жақында үшінші питчинг ұйымдастырылады. Яғни, сценарийдің таспалану тағдыры питчинг нәтижесіне байланысты. Мәселен, қор 2019 жылы өткен бірінші питчингте 17 киножобаны қаржыландырған. 2020 жылы өткен екінші питчингте 39 киножоба қолдауға ие болды. Соның ішінде авторлық фильмдер санатына «Ауыл», «Көкбозат», «Өліара» кіреді. Мұндай іріктеуге «Қазақфильм» де өз жобасын ұсынады. Мысалы, кейінгі екі жылда Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын», Әділхан Ержановтың «Обучение Адемоки» фильмінің түсірілімін мемлекет қаржыландырып жатыр. Осы тұста Дәрежан Өмірбаевтың есімі көрерменге жақсы таныс болар. Өйткені режиссердің туындыларын шетел ыстық ықыласпен тамашалайды. Мәліметтерге сүйенсек, Франция Өмірбаевтың фильмдеріне өзі құда түсіп, прокатқа шығарады екен. Осындай прокаттан да киноқоржынымызға қаржы түсетіні белгілі. Ал жастар арасында Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Фархат Шарипов, Шарипа Оразбаеваның фильмдері фестивальдарда топ жарып жүр. Осы тұста режиссерлермен, кинотанушыларды әңгімеге тартып, салаға қатысты бірнеше мәселемен таныстық. Кинотанушы Ержан Жұмабеков авторлық киноның мәселесіне тоқтала келе, мұндай туындылардың көбінесе шетелдік фестивальдер аудиториясына, белгілі бір мамандарға танымал екенін алға тартты. Ал отандық көрермен тарапы қабылдамай жатады. Оның айтуынша, авторлық кино әрқашан кинематографияны алға сүйреді. Бұл – кино тілін түсінуге, ізденіске, экспериментке арналған кинематография. Қандай да бір фильм болмасын, ол авторлық болсын, коммерциялық кино болсын, бірінші кезекте фильм көрерменнің рухани құндылығын қанағаттандыру мақсатында жасалуы тиіс. Кинофестиваль –кинематографияның даму бағытын, көркемдік деңгейін бағалауға, саралауға мүмкіндік беретін шара. Сондықтан кинотанушы әр кинофестивальдың мақсаты мен саясаты барын ашық жеткізді. «Фестивальдік қозғалыстардың өзара кемшіл тұстарын байқап жүрміз. Мәселен, кейбір режиссерлер осы фестивальға арнайы кино түсіреді. Фестиваль талабы мен формасына, сәнде жүрген тақырыпқа төселіп алғандары бар. Белгілі бір аудиториясы болғандықтан, көрермендерге бұл фильмдердің ұнамай жататыны осыдан. Қазақ киносында да фестивальға арнайы бағытталып түсірген фильмдер баршылық. «Байқоңыр» кинофестивалының бағдарламалық директоры ретінде осы фестивальдың тәжірибесінде мысал келтірейін. Бізге жыл сайын 200-ден астам фильм келіп түседі. Осы фильмдердің ішінде де арнайы фестивальға бағытталып түсіретін фильмдер кездеседі. Мұндай фильмдер көбінесе трендік форманы, тақырыпты көздеп, қазір сәнде жүрген феминизм, гендерлік саясат, ЛГБТ тақырыбын қозғайды. Мұндай тақырыптарға ешқандай қарсылығым жоқ, бірақ кинематография бірінші кезекте көркемдік деңгей болуы шарт. Бұл арзан шаблонды коммерциялық фильмге де, авторлық дүниеге де қатысты. Соның қатарында фестивальға бағытталған псевдоавторлық фильмдер де бар. Яғни, екі бағыттың ортасында көрерменнің талабына да, авторлық дүниеден де көркемдік деңгей көрсете алатын фильмдер жоқтың қасы», – дейді кинотанушы.Басты талап – кино мәдениетін көтеру
Ержан Жұмабековтің ойын белгілі режиссер Дәрежан Өмірбаев жалғады. Қазір фестиваль үшін кино түсіретіндердің көбейгенін растады. Мәселен, режиссерлердің фестивальшіл болып кетуі шетелде де бар құбылыс екен. Өйткені киноны өнер ретінде бағалайтындарға фестивальдан артығы жоқ. Себебі саланы Голливуд жаулап алған. Яғни, орташа деңгейдегі коммерциялық туындылар көп. Сондықтан өнерге шөліркеген авторлар фестивальға арнап фильм түсіреді. Режиссердің айтуынша, қазір жоғары деңгейдегі киноны тамашалағысы келетіндерді тек фестивальдан табасың. Бірақ фестивальды өткізу барысында да небір қарама-қайшылықтар бар. Бастысы, автор өзіндік менін жоғалтпай, фестиваль жүлдесін алуға құнығып кетпеуі керек. Мысалы, фестиваль ұйымдастырушылардың арнайы шарттары бар. Мұны «Оскар» жүлдесін тапсыру кезіндегі шарттардан да байқаймыз. Сондықтан режиссерлер кино әлеміне саясаттың араласқанына қарсы. Ұйымдастырушылар қойған талаптарға келсек, «Қазақфильмнің» өзінде фестивальдармен байланыс орнататын бөлім бар. Олар фильм фрагменттерін түрлі фестивальға жібереді. Артынша олардан жауап келеді. Мәселен, жауапты тұлғалар таспаланып жатқан «Ақын» фильмінің фрагментін фестивальға жолдаған. Оларға фильм ұнаған. Бірақ фильмнің басында қазақтың жазушылары тіл туралы, әдебиет туралы 8 минут ойтолғам жасайды. Ал шетелдіктер «осы фрагментті қысқартып, ықшамдаса, бізге түсініксіз» деп хабарлама жіберген. Режиссер Дәрежан Өмірбаев ұзақ ойланғаннан кейін қысқартудан бас тартқан. Себебі фильмнің сөлі, нағыз мәселе осы жерде қозғалған. Сол үшін автор мемлекет қаражатына түсірілген әрбір туынды көрермен үшін таспаланғанын қалайды. Ол «Қазақстанның бюджетінен ақша алып, киноны шетелге арнап түсіруге әсте болмайды» деп отыр. «Ақырындап фестиваль де саясаттың құралына айналып келе жатыр. Мысалы, кейбір фестивальдарда сондай тенденция бар. Еліңді, мәдениетіңді, дініңді жаман етіп көрсетсең, олар қолдай кетеді. Мысалы, ЛГБТ тақырыбы осыған мысал бола алады. Бұл жерде не істейміз деген мәселе туады. Көрерменнің деңгейін көтеру керек. Ол үшін елімізде жақсы фестивальдар ұйымдастыру қажет. Өзіміздегі фестивальдар шетелдегі фестивальдың деңгейіне жетсе, жалтақтамайсың. Мысалы, Қазақстанда киноинститут жоқ. Сол жерде кино мамандарын даярлап шығарсақ. Қазір фестиваль тетіктерін біліп алған кейбір қулар фестивальге арнап фильм түсіретін жағдайға жетті. Халыққа орташадан сәл жоғары фильмдер тарайды, көбірек ұнайды. Осы тұста орташа фильм мен кітапқа «халық қалауы» деп айдар тағудың қажеті жоқ. Бұл жерде сан мен сапа деген проблема бар. Мұнда сан шешпейді, сапа шешеді. Бізде жақсы сыншы жоқ. Мысалы, мәртебесі фестивальдан биік сыншылар кездеседі. Міне, таспаланған туындыны автордан, режиссерден жақсы түсінетін сондай сыншылар пайда болса, фестивальдардан қорықпауға болады. Ол үшін мамандар дайындап, оқыту керек. Осы күнге дейін 100-ге жуық сыншы дайындап шығардық. Ішінде атап айтатындай сыншы шыққан жоқ. Содан кейін осындай құрылым болмағаннан кейін шетелге жалтақтайсың да отырасың», – дейді режиссер.Мәселе қайда жатыр?
Жыл басында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов киноға бөлінген «ақталмайтын» ақша жайында айтқан-ды. Мәселен, 2010 жылдан бері есептегенде елімізде бюджет есебінен 178 фильм түсіруге 50 млрд теңге бөлінген. Ешбірі айтарлықтай кассалық табыс әкелмеген. Кинотанушылардың айтуынша, кейінгі 3 жылдың ішінде фестиваль үшін түсірілетін фильмдер көбейіп кеткен. Олардың көпшілігімен отандық көрермен таныс емес. Өйткені мұндай туындының бағасын белгілі бір аудитория мен мамандар береді. Дейтұрғанмен арасында сапасы сын көтеретін авторлық фильмдер бар. Бірақ көрермен арасында танымал емес. Мысалы, Сәбит Құрманбековтің «Оралман», Ерлан Нұрмұхамедов «Жаңғақтал» фильмі талай фестивальда топ жарған. Бірақ аталған фильмдерді көрермен қабылдамаған. «Ерлан мен Сәбиттің киносы прокатта 3 күн тұрды-ау деймін. Ешкім бармағасын алып тастады. Бұл жерде мәселе фильмде емес, көрерменде. Көрерменнің мәселесін шешіп, кино мәдениетін көтермей мәселе шешілмейді», – дейді Дәрежан Өмірбаев. Иә, Ержан Жұмабеков айтқандай, «псевдоавторлық» туындылар көбейіп кеткенімен, арасында режиссердің жүрек лүпілі сезіліп тұратын дүниелер бар. Түйгеніміз, киноиндустрияға болашағы бар киноны іріктей алатын сарапшылар, кәсіби сыншылар мен көзі қарақты көрермен қажет.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ