БҰҰ: ел беделі еңбекпен өлшенетін ұйым
БҰҰ: ел беделі еңбекпен өлшенетін ұйым
326
оқылды

Әдетте,  Мүше болу үшін 70 күн күттік

Бірақ Қазақстан БҰҰ-ның Бас хатшысына мүше болуға өтінішті 1991 жылдың 31 желтоқсанында берді. Ал БҰҰ жанындағы Қазақ­станның тұрақты өкілі міндеті дипломат Ақмарал Арыстан­беко­ваға жүктелді. Қазақ дипло­маты сол кезде Ресейдің БҰҰ жа­нындағы өкілдігінің аға кеңесшісі қызметін қоса атқарды. 15 сәуірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен 1992 жылы 15 сәуірде БҰҰ жанындағы Қазақстанның бірінші тұрақты өкілі болып А.Арыс­тан­бекова ресми түрде та­ғайын­далды. Ұйым жанындағы тұрақты өкіл­дігімізді ашу туралы Жарлыққа Ел­басы 1992 жылы 5 маусымда қол қойса, аталған құ­рылымның Қа­зақ­стандағы өкілдігі 1993 жылы 16 ақпанда ашылды. Бәлкім БҰҰ-ның ережелері мен жарғыларынан хабарсыз адам «не себепті Қазақстан бірден осы­нау ұйымға мүше болмады, арада біраз уақыт өтіпті ғой» дейтін шы­ғар. Оқырманның бәрі дипломат емес екенін ескерсек, мұндай сауал­­­дың туындауы заңды. Біз шама-шар­қымызша түсіндірейік. Негізі, БҰҰ ұйымына мүше болу үшін көптеген талап қарас­­­тырылған. Дәлірек айтқанда, 111 бап­­­­­­­тан тұратын талап-шарт бар. Кез келген тәуелсіз мемлекет БҰҰ-ға мүше болу үшін осынау 111 та­лапқа сай болуы керек немесе со­ған сай боларына уәде беруі тиіс. Содан соң ғана БҰҰ-ға қабылдау-қабылдамау жайлы шешім шығады. 1991 жылдың 31 желтоқсанынан 1992 жылдың 2 наурызына дейін екі айдан астам уақыттың өтуі содан. Дәлірек айтқанда, 70 күн өтті. Оның үстіне сол кезде Қазақстанда қуатты ядролық арсенал бар еді. Ма­мандар КСРО-дан қалған яд­ролық қару өзінің қуаты жағынан әлемде 4-орында болғанын алға тартады. Бұл жағдай БҰҰ-ға мүше бірқатар елді алаңдатса керек, Қазақстанның ұйымға қосылу ту­­­ралы өтінішін қарау мерзімі со­­зылды. Абырой болғанда дипло­­­маттар еңбегі мен ел билігінің бей­­­­­­­­­­бітшілік сүйгіш саясатының нәтижесінде көпшіліктің Қазақ­­­станнан қауіп төнбейтініне көзі жетті. Дегенмен ұйым жанындағы қызметкерлер сол айларда қауырт болды. БҰҰ-дағы тұрақты өкіл осы екі ай ішінде ондаған кездесу өткізіп, өзгеге Қазақстанды таныстырды. Сол кезде аянбай тер төккен дип­­ломат Ақмарал Арыстанбекова қаң­тар мен наурыз арасы тым қарбалас болғанын айтады. «1992 жылдың қаңтарында өте қарбалас болдым. Жұмысым көп еді. Сол кездері Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер өкілдерімен, Кеңес төрағасымен, Бас ассамблеяның төрағасымен, елшілермен кездесіп, оларға Қазақстанды таныстырдым. Біздің ниетіміз жайлы айттым», – дейді дипломат. Сол еңбектің және республика басшылығы ұстанған саясаттың нәтижесінде 1992 жыл­дың 2 наурызында Қазақстан ұйым­ға мүше болды. Еліміздің өкілі Бас ассамблеяның 46-сес­­­сия­­сында сөз сөйледі. Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 5 қазанында БҰҰ Бас ассамб­леясының 47-сессиясында сөз сөй­­­леді. Осылайша, біздің жаһан­дағы ең ірі халықаралық ұйымдағы қызметіміз басталды.

Үш Бас хатшы да келген

Осы жылдар ішінде Қазақстанға БҰҰ-ның үш бірдей Бас хатшысы келді. Бас хатшылар сапары 2002 жылы басталған еді. Сол жылдың қазанында Кофи Аннан, 2010 жылы Пан Ги Мун, 2017 жылы Ан­тониу Гутерреш келді. Біз елімізге келген әрбір Бас хатшыға қазақ­­стандық қоғамның түрлі ерек­шеліктері мен мемлекеттің ұс­тан­ған саясатын таныстырып, Қазақ­станның шынымен де бей­бітшілік сүйгіш мемлекет екенін көрсете білдік. 2002 жылы БҰҰ Бас хат­шысы Кофи Аннан Қазақстанға сапармен келгенде оған Қазақстан халқы Ассамблеясы жайлы айтып, түрлі этномәдени орталықтардың қызметімен таныстырғанбыз. Тіпті, сол сапарында Кофи Аннан­ның таңғалғаны бар. Шамасы, Бас хатшының Ресеймен бірнеше жыл бойы соғысқан шешен халқы жай­лы ақпараты жұтаң болған ба, әйтеуір кездесуде шешен-ингуш диаспорасы жетекшісі сөз алғанда таң-тамаша болыпты. Сол кездесу жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев өз естелігінде жазған еді. «Әйтсе де бұлардың арасынан шешен-ингуш диаспорасы жетекшісінің сөзі оның жадында қалыпты. Іс-шара аяқталғаннан кейін ол сыпайы ғана: «Бұлар Ресейде соғысып жат­қан әлгі сол халық па?» деп сұ­­рады. Сұрағына нақты жауап алған К.Ан­нан: «Өзіндік сипаты бар халық екен», – деді ойлы жүзбен. Содан соң іле: «Олар Сіз­дерге қиын проблемалар тудырмай ма?» деп сұрады. Бұл диаспора тарапынан ешбір қиындық жоқтығы жөнінде жауап алған ол, мұның себебін өз тұрғысынан пайымдап жатпай, іштей сәл ғана ойланып қалды» деп жазды Қ.Тоқаев. Жалпы, елімізге іссапармен келген БҰҰ Бас хатшыларының барлығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне жоғары баға берген-ді. Әрі олардың бар­­лығын елге шақырған Елбасының өзі болатын. Мұның өзі Қазақстан басшылығы мен елдің ұстанған саясатының БҰҰ деңгейінде жо­­­ғары бағаланатынын көрсетіп отыр.

Біздің айрықша ұстанымымыз бар

Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның барлық мекемелерімен, түрлі ко­мис­­сияларымен тығыз қарым-қа­тынаста жұмыс істейді. Еліміз ұйымдағы көптеген комиссияларға мүше. UNICEF, UNESCO тәрізді БҰҰ ұйымдарымен, Даму бағдар­ламасы қатарлы жобалармен жұ­мыс істеуде. 2013-2015 жылдар ара­лығында Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқығын қорғау кеңесінің мүшесі болды. 2017-2018 жылдар ара­­лығына БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің тұрақты емес өкілі қыз­метін ат­­­қарды. Елбасының АТОМ (Abolish Testing. Our Mission) бастамасы, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі қатарлы құжаттар Қазақстанның БҰҰ-дағы негізгі ұстанымын ай­қындап келеді. Яғни, еліміз әу бас­­­тағы ядролық қарусыз әлем құ­ру бағытынан айныған жоқ. Қа­зақ­­станның бастамасымен 2009 жылы БҰҰ Бас ассамблеясы 64/35 қара­рын бірауыздан қабылдап, 29 та­мызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады. Халықаралық сарапшы Жұмабек Сарабек те БҰҰ мүшесі ретінде Қазақстан осы ба­ғытымен танылғанын айтады. «БҰҰ-ға мүше болғаннан бастап Қазақстанның алға қойған мақ­сатының бірі – БҰҰ сияқты ға­ламдық платформалардың негі­зінде өзінің егемендігін нығайту. Осы бағытта біраз жұмыс атқа­­рыл­ды. Әсіресе, Қазақстан ядро­лық қаруға ие болған және ол қа­рудан өз ер­­кімен бас тартқан мем­лекет ре­­­тін­­­де халықаралық, соның ішінде яд­­­­ро­­­­­лық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету бойынша өте белсенді әрекет етті. Әрі ұйым құрамында бұл бағытта қызмет атқарған ел­дердің қа­тарында болды. Қазақстан бұл бағытта көп­теген бастама кө­терді. Оларды Н.На­зар­баевтың БҰҰ мін­­берінде жа­саған түрлі баян­да­маларынан кө­­руге болады. Соның ішінде «ХХІ ғасыр ма­нифесі», АТОМ жо­басын атап өтуге болады. Осы­лайша, елі­міз ядролық қарудан бас тарту туралы бастаманы ілгерілетуге тырысты. Әрине, Қа­­­зақстан ұсын­ған барлық мәселе оң шешімін тап­­ты деу қиын. Бірақ осы жылдар ішінде Қазақ­станның өз бренді қалыптасты. Біз ядролық қауіп­­сіздікті қамтамасыз етуге үлес қо­сып отырған ойыншы ре­тінде танылдық», – деді Жұмабек Са­рабек. Әрине, БҰҰ-ға мүше мемлекет ретінде еліміздің өзге де баста­­маларын тізбелеп шығуға болады. Алайда ядролық қаруды таратпау бастамасын ұдайы көтеру арқылы Қазақстан өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік бер­­­ген мемлекеттерді ұдайы сергек ұстауға тырысатын сыңайлы. Ал кепілдік берген елдердің көбі осы ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінде тұрақты мүше болып отыр. Соны­мен бірге БҰҰ-ға мүше болған соң ғана Халықаралық валюта қоры, Халықаралық қайта құру және даму банкі сынды көптеген қаржы-экономикалық ұйымдар бізге есігін ашты. Бұл – екінші кепілдік. Яғни, БҰҰ даму мен өзара байланыстарды нығайтуға септігін тигізді. Сон­дық­тан ел дамуы мен азаттық жыл­на­масында 2 наурыздың орны әр­қа­шан бөлек болып қалатыны сөзсіз.  

Ардақ СҰЛТАН