Қазақстандық ғалымдар әзірлеген тағы бір вакцинаны сынақтан өткізу басталды
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген тағы бір вакцинаны сынақтан өткізу басталды
111
оқылды
Қазақстандық ғалымдар әзірлеген QazCoVac-P суббірлікті вакцинаның клиникалық зерттеулерінің 1 фазасы басталды. 15 маусымда Тараз қаласындағы қалалық көпбейінді ауруханада 18-50 жас аралығындағы еріктілерді тарту арқылы жүргізілетін клиникалық зерттеу басталды. Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты» ШЖҚ РМК COVID-19-дың алдын алуға арналған жаңа вакциналық препарат – SARS-CoV-2 коронавирусының жасанды синтезделген ақуыздары негізінде QazCoVac-P суббірлікті вакцинасының клиникалық зерттеулерінің I және II фазасын жүргізуге Денсаулық сақтау министрлігінің рұқсатын алды. Молекулалық биологияның заманауи технологияларын қолданудың арқасында әзірлеушілер SARS-CoV-2 коронавирусының иммундық жүйемен танылатын RBD және N ақуыздарын өндіретін бактериялардың штамдарын ала алды. Вакцинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алынған ақуыздарды күрделі тазартудың барлық кезеңдері жүргізілді және сапа бақылауы өткізілді. Олардың құрамында тұтас вирус жоқ. Бұл вакцина - ДСМ мамандандырылған кәсіпорнында клиникаға дейінгі сынақтардан сәтті өткен және өзінің қауіпсіздігін көрсеткен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының екінші вакцинасы. Вакцинаның екінші дозасы  14-тәулікте бұлшықет ішіне енгізгеннен кейін зертханалық жануарлардың ағзасында иммунитетті күшейтеді. Суббірлікті вакцина вакциналардың басқа түрлеріне қарағанда едәуір қауіпсіз, өйткені құрамында вирус жоқ және ақуыз түріндегі нақты компоненттері репликацияланбайды. Вакцинаның құрамындағы адъювант иммундық жауаптың пайда болуына себепші болады және вакцинацияланушының ағзасына теріс әсер етпейді. Вакцинаның бұл түрінің мысалдары ретінде тұмауға, В гепатитіне, пневмококқа, менингококқа, гемофильді инфекцияларға және т.б. қарсы вакциналарды атап айтуға болады. Клиникалық зерттеулердің сәтті өтуі суббірлікті вакцина көмегімен вакцинацияланғандардың контингентін кеңейтуге және елімізде коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитеттің қалыптасуын тездетуге мүмкіндік береді.