Ауыр қылмыс жасағаны үшін жазасының басым бөлігін өтеп, шартты-мерзімінен бұрын бостандыққа шыққан 44 жастағы петропавлдық әйел ішкі істер органдарына белгіленуге бармаған, түнде үйінде түнемеген, бұдан басқа да құқықбұзушылықтар жасаған.
Бірде ащы судың буымен жанжал шығарып, онымен бірге тұратын ер адам учаскелік полиция инспекторына жүгінуге мәжбүр болған. Сөйтіп, шартты-мерзімінен бұрын босату режимін бұзу бойынша материал жинастырылып, сот әйелді бас бостандығынан қайтадан айырды.
Мерзімінен бұрын босатылған 59 жастағы ер адам қаладағы жатақханалардың біріндегі бөлмесін жын-ойнаққа айналдырып, көршілеріне ұйқы бермеген. Тыныштықты бұзғаны үшін бірнеше рет ескерту алса да, оны елемепті. Медициналық куәландырудан бас тартып, нұсқауға бағынбаған, бұл әрекеті үшін ол 5 тәулікке қамауға алынған. Сот шешімімен бұл ер адам да бас бостандығынан айыру орнына қайтарылып, көршілері риза болды.
Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Әлібек Ғабдуллиннің айтуынша, жыл басынан Петропавлда 12 қала тұрғынына қатысты шартты-мерзімінен бұрын босату күшін жойды, қазіргі уақытта тағы 3 материал сотта. Полицияның түрлі есептерінде тұрған Петропавл тұрғындарының арасында 125-сі-шартты мерзімінен бұрын босатылған адамдар.