Қаржы пирамидасын «өрістету» – өнерпазға сын
Қаржы пирамидасын «өрістету» – өнерпазға сын

Қазір қазақ қоғамындағы Әртістерді әріптестері де айыптады

Бұл дау «Астарлы ақиқат» бағдар­ламасында жалғасып, оны көрген жұрт жалпы өнер адамдарының ондай жарнамаларға қатысуына заңмен тыйым салу керегін меңзеді. Олардың айтуынша, лотерея ойынын өткізгендердің ішінде Қайрат Нұртас, Бүркіт, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Еспанов, Айгүл Иманбаева, Сиви Махмуди, Бағлан Әбдірайымов, Қарақат Әбілдиналар да болған. Бұл аталғандардан бұрын да әншілердің қанша көлік пен пәтер ойнатқанынан желідегі жұрт жаңылып қалғанға ұқсайды. Оған қоса, былтырғы карантин кезінде «Гарант 24 Ломбард» және «Estate Ломбард» қаржылық ұйым­дары­ның жұмысын жарнамалаған әнші, спортшы, блогер, вайнерлер де сондай шырғалаңға түсіп қалған болатын. Сол сәтте полиция «Гарант 24 Ломбард» ЖШС-ның Атырау, Тараз, Павлодар, Қарағанды, Ақтау және Батыс Қазақстан облыстарын­дағы директорларын екі-ақ тәулікте ұстаған-ды. Ал олардың жұмысын жарнамалаған бірнеше өнер иесі әлеуметтік желі арқылы бейнеүндеу жасап, өздерінің де алданып қалға­нын мәлімдеді. Атап айтқанда, аға­йынды Асылхан және Артур Төлепов­тер, әнші Айқын Төлепберген және вайнер Мейіржан Төребаев халықтан кешірім сұрады. Ал олардың қата­рын­дағы Қуат Хамитов ешқандай пікір білдірген жоқ. Одан бұрын әнші Ақбота Керімбекова да өзі өткізбек болған ұтыс ойынына қатысты даулы оқиғаға жауап бермеген болатын. «Нервымды да, басымды да ауыртқым келмейді. Түймедей нәрсені түйедей етесіңдер. Менің инвестицияға қа­тысым жоқ. Оны халыққа қайта-қайта айтып, қайта-қайта жексұрын болып біттім ғой. Болар іс болды» деп сөзін қысқа қайырды ол. Бұл ретте әнші Меруерт Түсіп­баева халықты жарнама арқылы қар­жы жұмсауға үгіттеген әріптестерін «кешірім сұрап, жауапкершіліктен құты­лып кетпеуі керек» деп есептей­ді. Заңның дұрыс жұмыс істемеуін алға тартқан ол, Мәдениет және спорт министрінің де лотерея туралы мінберден бірауыз сөз айтып қоя салғанына қапалы. Сондай-ақ «Жі­гіт­тер» квартетінің мүшесі Ердос Қана­ев әріптестеріне лотерея, ұтыс ойнатудың исламда харам екенін ай­тып, одан алыстауға шақырды. «Құр­метті әншілер, ақындар, вайнерлер, лотерея ойнатып келген, әлі күнге ойнатып жүрген, болашақта ойна­тайын деп ниет етіп жүрген әпке-бауыр, әріптестер! Арам дүние деп айтылмас үшін ішіне «қайырым­дылық» деп қосып қоясыздар. Ол қанша қайырымдылық болса да адал емес. Шариғатта «құмар ойын» деген бар. Бұл лотерея сол құмар ойындарға жатады. Ал оны Алла харамға шығар­ған. Айналайындар-ау, Алланың ха­рам еткен дүниесін халалға шығарып, әуре болмай-ақ қойыңыздаршы!» деп жанашырлық танытты ол.

Жарнаманың жазасын қатаңдатпақ

Тақырыпқа тұздық ретінде маман пікірін білмек болып біз белгілі құқық қорғаушы Абзал Құспанға хабарластық. «Бұл жерде жарнама жасаушы әнші ме, вайнер ме, желідегі жазылушысы аз ба, көп пе, оның барлығы ешқандай рөл ойнамайды. Бір-ақ категория бар: олар жарнама­лаған жалған дүниені кім ұйымдас­тырса, сол ғана жауап беруі керек. Өнер адамдарының халықты алдауға тікелей қатысы жоқ болса, жауапкер­шіліктен босайды. Менің білуімше, ұйымдастырушылар танымал адам­дар­мен ақшасына келісімшарт жаса­сып, «мынаны жарнамалап бер» дей­ді, бітті. Мысалы, сіз телеарнадан күнде түрлі сусындардың жарнамасын көресіз. Сонда «керемет пайдалы, осы­ны ішсең, бақытты болып кете­сің» десе, «одан бақытты болып кете алмадым» деп кейін жарнамаға шық­қан адамды сотқа бере алмайсыз ғой. Сондықтан жарнамаға алдануды қыл­мыстық іспен байланыстыру еш қисынға келмейді. Егер оны вайнер, әнші өзі ұйымдастырып, ақшасы тіке­лей өз қалтасына түссе, онда түсі­нік­ті. Оларды сотқа беруге болады», – дейді ол. Дегенмен таяуда ғана Мәжіліс депутаттары құқық қорғау органдары­на қаржы пирамидаларын жарнама­лағаны үшін қылмыстық жауапкер­шілік енгізуді ұсынды. Мәжілісмен Юрий Лидің айтуынша, 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың сәуірі аралығында Қылмыстық кодекстің 217-бабы («Қаржы (инвестициялық) пирамида­сын құру және басқару») бойынша 287 заңбұзушылық тіркел­ген. Шығын 8,3 мил­лиард теңгеге жуық болыпты. «Жа­қын­да ғана қоға­мда резонанс тудырған «Мудараба Кэпитал» ЖШС, Astex.kz ЖШС, ACD technology ЖШС оқиға­ларын еске алайық. Олар бойынша қылмыс­тық іс тергеліп жатыр. Бәрінде де заңсыз бизнесті жарнамалауға вай­нер­лер, блогерлер, басқа да танымал адамдар тартылған. Ал қазір әртіс­тердің өздері де қаржы пирамида­ларының құрбаны болғанын айтып ақталуда», – деді ол Бас прокурорға жолдаған депутаттық сауалында. Оның пікірінше, қарапайым халық қатты сенетін таны­мал азаматтар жарнамаға қатыспаса, материалдық шығын мен заңсыз бизнеске тартыл­ған адамдардың саны әлдеқайда аз болар еді. Сондай-ақ қазір қаржы пира­мида­сын жарнамалағаны үшін тек әкімшілік айыппұл қарастырылғанын алға тартқан депутат жазаны қатаң­дату керектігін де ескертті. «Бас прокуратура базасында құқық қорғау органдары, сот және депутаттық корпус өкілдерінен жұмыс тобын құрып, сот-тергеу және әкімшілік-құқықтық практиканы жіті зерделеп, танымал адамдардың қаржы пира­мида­ларын жарнамалаудағы рөлін анықтап, олардың жарнамаға қаты­суы мен қоғам үшін салдарының арасында байланыс бар-жоғын анықтау керек. Осыдан кейін тиісті заңдарға қаржы пирамидаларын жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет деп санаймыз», – деді Юрий Ли. Еске сала кетсек, бізде 2016 жылы қабыл­данған «Лотереялар және лоте­рея қызметі туралы» заң бар. Былтыр Мәжіліс депутаттары сол заңға өзгертулер мен түзетулер енгізуді қарастырған. Енді, міне «Айламен тапқан мал арам» екенін ескерген заң шығарушы орган өкілдері Парламент партасында бір жыл жатып қалған құжаттың қайтадан «шаңын үрлеп» отыр. Нәтижесін күтейік...

Еркеғали БЕЙСЕН