Білім және ғылым министрлігі Ротацияға зар болуы мүмкін
Сонымен, БҒМ ұсынған «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларына ротация жүргізу қағидалары» біраз ұйымның басшылығын сапырылыстырғалы тұр. Атап айтқанда, қағида барлық облыстың және үш мегаполистің әкімдіктеріне қарайтын «мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының, сондай-ақ жетім балаларға арналған білім беру мекемелерінің бірінші басшыларының өзара лауазымдық ауысуы тәртібін айқындайды. Мұндағы мақсат не? Білім және ғылым ведомствосының түсіндіруінше, біріншіден, ротация білім ұйымдарының жұмысының тиімділігін және ол көрсететін білім беру қызметтерінің сапасын арттыруы тиіс. Екіншіден, бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалануға жол ашады. Үшіншіден, директорларға кәсіби дамуға және басқарушылық құзыреттерін жетілдіруге мүмкіндік береді. Төртіншіден, олардың бір жерде ұзақ отырып, кәсіби тұралап қалуының алдын алу қажет екен. Бесіншіден, осы арқылы коррупциямен күрес жүргізіледі. Алайда зейнетке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған басшылар ротацияланудан босатылады. Өзге директорларға да 1 рет бас тартуына рұқсат, екінші рет бас тартса, білім жүйесі онымен қош айтысады. «Мемлекеттік білім беру ұйымының бірінші басшысы алғаш рет жазбаша бас тартқан жағдайда онымен еңбек шарты 3 жылға ұзартылады. Екінші рет жазбаша бас тартса, ол атқаратын лауазымынан босатылады», – делінген құжатта. Науқан қашан басталады деп күтілуде? Бұйрық жобасында жаңа оқу жылы басталғанда, 2021 жылғы 1 қыркүйекте лауазымын 5 және одан көп жыл атқарып отырған білім беру ұйымдарының басшылары міндетті түрде ротациялауға жататыны көрсетілген. Оларды ротациялау осы қағидалар қолданысқа енгеннен бастап 3 ай ішінде жүзеге асырылады. Тағы бір жайт: директор сайма-сай өзге лауазымға ауыстырылуы үшін аттестаттаудан және қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалаудан сүрінбей өтуі шарт. Ондай бағалауды облыстың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының Білім басқармасының кадр қызметі жүргізеді. Оның барысында мектептегі әдістемелік кабинеттер, орталықтар жүргізетін оқу-әдістемелік және тәрбие қызметі, оқушылардың білім сапасы талданады. Егер онысы нашар болып шықса, директор ротацияланбайды, орнынан қуылады.Халық не дейді?
Сыбайлас жемқорлық жайлаған салалардың бірі білім саласы екені жасырын емес. Мектеп, білім мекемелері директорларына қатысты арыз көп. Қазақстандықтар білім ордаларының әлі күнге түрлі сылтаумен ақша жинайтынына шағымданады. «Балам Нұр-Сұлтандағы мектеп-лицейде оқиды. Қаражат жинау ата-аналар комитеттері арқылы жүреді. Сұрағанын беретінбіз. Бірде педагогтерге сыйлық алу үшін ақша тапсырудан бас тарттым. Бұдан былай ақша жинауға қатыспайтынымды жеткіздім. Содан кейін балам қысымға ұшырады. Ата-аналар комитеті ата-аналар чаты арқылы жер-жебіріме жетті, балағаттады. Мектеп психологі сабақ соңында ұлымды әңгімелесу үшін өзіне шақырып алыпты. Бұл жайында мені құлақтандырмаған. Ол әңгіменің мақсаты қандай болғанын айтпады. Ата-аналар әлі күнге ақша жинап жүр. Бірақ менің бас тартуым «кесірінен» өзге ата-аналар да құлық пен белсенділік танытпай, жинау жоспары орындалмай қалып жатқан көрінеді. Мектеп әкімшілігі ата-аналар комитетінің ақша жинағанын құптайды. Бұл коррупция емес пе?» – дейді 5-сынып оқушысының анасы Алмагүл. Ол мән-жайды анықтау үшін мектеп директорына кірген. «Мектепте кең жолға қойылған тұрмыстық жемқорлық кесірінен мүгедектігі бар ұлым қысым көріп жүр. Директорға кірейін дегенімде, одан айнытуға тырысты: «Аясаңызшы, директор жақында ғана жүрегіне ота жасатты» дейді. Мен директорды аяуым керек, ал дімкәс баламды ешкім аямайды. Бұл қалай сонда? Мектеп директоры менімен әңгімесінде мұғалімдердің ақша жинауына да, оқушының қауіпсіздігіне де өзі жауап бермейтінін білдірді. Сонда кім жауапты?»деп ашынады ана. Жақында Алматы облысының Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласындағы орта мектептің ұстаздары басшылары үстінен Білім министрлігіне арызданды. Педагогтер «мектеп басшылары өз құзыретін асыра пайдаланып, мектеп ұжымына қысым көрсетіп жатыр» дейді. «Мысалы, кіші қызметкерлерді өз үйінің жұмысына пайдаланады. Одан қалды, туыстарының кілемдерін жуғызып, ойына келгенді істейді. Ескертусіз, мұғалімдердің сағат санын өз атына не болмаса тәрбие-оқу ісінің меңгерушісіне жазады. Жалақымызды толық төлемейді. Кезекші сыныпқа төленетін ақшаны өзіне бөліп беруге мәжбүрлейді. Жас мамандарға ешбір қолдау көрсетілмейді. Керісінше, бағалы сыйлықтар алғызады. Қарсылассақ, жоспардан тыс есептер сұратып, мазамызды алады. Тіпті, мектепте дастарқан жайғызып, ішімдік ішуді әдетке айналдырған. Қарсы сөз айтсақ, «Қайда барасыңдар? Шамаларың неге жетеді? Сендер кімсіңдер?» деп намысымызға тиеді. Осындай қысымға шыдамай, қанша әріптесіміз жұмыстан өз еркімен кетуге мәжбүр болды. Екі әріптесіміз жүктілік кезінде қысым көріп, сәбиінен айырылды», – дейді ұжымдық арызды ұйымдастырған Назгүл С. Ұстаздар бассыз кеткен басшыға шара қолдануды сұрайды. Министрлік бұл жағдаймен таныс көрінеді. «Үштөбе қаласындағы мектеп ұстаздарының ұжымдық арызында ұйым әкімшілігінің «Педагог мәртебесі туралы» заңының талаптарын өрескел бұзып, педагогтердің құқықтарын шектегені байқалады. Арызда келтірілген деректер бойынша Алматы облысының білім саласында Сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан құрылған «Алматы облысының білім беру ұйымдары педагогтерінің құқығын қорғау және педагогтік әдеп мәселелері жөніндегі консультативтік-кеңесші органның» кезектен тыс отырысын өткізу жоспарланып отыр. Отырыс Үштөбе қаласындағы аталған орта мектеп ғимаратында мектеп бітірушілердің қорытынды аттестаттауы аяқталғаннан кейінгі мерзімде өткізілетін болады» деп жауап қатты БҒМ. Ведомство ол жиынға БАҚ өкілдері мен басқа да мүдделі тұлғаларды шақыруға уәде етті.Директорлар не дейді?
Әділін айту керек, мектеп директорларының арасында мықты менеджерлер, шаруақор жетекшілер жетерлік. Олар тізгінін ұстаған кез келген білім ордасы жұрттың көз алдында түрленіп, үздіктер қатарына қосылады. Бұл тұрғыдан алғанда ротация осындай білікті басшыларды жіберу арқылы әр мектептің бағын ашуға қызмет етуі мүмкін. Бірақ ол үшін 3 жыл мерзім аз болуы мүмкін. Қостанай облысындағы жалпы білім беретін мектеп басшысы, директорлық лауазымда 15 жылдық тәжірибесі бар маман Аслан Мәдибаев ротация институтын енгізуді дұрыс әрі дер уақытында қолға алынған шара деп санайды. «Бірақ қағидалар жобасында түзетуді, толықтыруды қажет ететін тұстар бар. Мысалы, ротациялау мерзімі тым шектеулі. Ойға алған міндеттерді орындап, көңіл толарлық нәтижеге жетуге 3 жыл аздық етеді. Демек, бұл мерзімді 5–7 жыл деп белгілесе, жөн. Тіпті, өңір әкімдері де 3 жылдан көп жұмыс істейді. Директор осы аз уақыт ішінде әрбір педагогті танып, бүкіл мектепті, оның шаруашылығы мен оқу процесін зерделеп үлгермейді. Онсыз нәтижеге жету қиын. Ал жұмыс нәтижесі біліктілік категориясын растау және аттестаттаудан өту үшін қажет. Онсыз не санаты төмендейді немесе онымен жұмыс келісімшарты бұзылады. Басшы әр 3 жыл сайын мектептен мектепке секіріп жүрсе, ешқандай қомақты жетістікке жете алмайды», – деді ол. Бұл ақыр соңында тәжірибелі басшылардың жекеменшік білім ұйымдарына жаппай кетуіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Тіпті, орнында қалғанның өзінде «жұмыс орнында жанып кетуге» ұшырауы мүмкін. Мамандар тағы бір мәселеге назар аудартады: мектеп директорлары пәндерден сабақ беретін педагогтерден аз жалақы алады екен. Осы орайда кейбір басшы ротация енгізілген соң лауазымынан бас тартып, сағат алып, мұғалімдікке ауысып алудың қамын жасап жатқан көрінеді. Олар қазірдің өзінде сабақ беріп жүр. Тағы бір мәселе: БҒМ көктемнен бері білім ұйымдары басшыларын аттестаттау рәсімін уақытша тоқтатқан. Одан көбі өтіп үлгермеді. Тиісінше, біліктілік категориясы төмен болады, жоғары лауазымдардан үміттене алмайды. Ал пән мұғалімдері аттестаттаудан еркін өтеді. Рудный қаласы гимназиясының директоры Вячеслав Журавлев ротациялау кезінде ұжым мен ата-аналардың пікірі ескерілуі керек деген пікірде: «Бұл жерде әр директорға жеке қарау қажет секілді. Қандай да бір оқу орнының басшысын ротациялау туралы шешім қабылдағанда қамқоршылар кеңесінің, ұйым ұжымының пікірін ескерген дұрыс. Егер директордың басшылығы кезінде оң үрдістер жүріп, жоғары жетістіктерге жетіп жатса, ол директорды ауыстыру орынды ма?! Ротация – басшы үшін стресс. Одан құтылу үшін педагогикада жетістіктері бар басшылар мұғалімдікке кетіп қалуы мүмкін», – деді ол. Семейдегі орта мектеп директоры Сергей Родионов зейнеталды жастағы директорларды ротациядан босатқанда онымен кейін еңбек шарты ұзартылмайды деген талап енгізуді ұсынды: «Бұл өзгеріс барлық басшыны теңестіреді. Әйтпесе, зейнеткерлікке шығуына 3 жыл және одан аз қалған басшылар ротациядан құтылады. Ары қарай жергілікті Білім басқармасындағылармен қатынасы жақсы болса, зейнеткер атанғаннан кейін жыл сайын онымен еңбек шарты ұзартылып отырады. Бұл – әділетсіздік», – деді Сергей Владимирович. Қалай болғанда, ротация біраз өзгеріс әкелгелі тұр. Ол өзгерістердің оң, әлде теріс болуы осы үрдістің қаншалықты пысықталғанына, кемеліне келтірілгеніне байланысты болмақ. Ол үшін тараптардың пікір-ұсыныстары жете ескерілгені жөн.Елдос СЕНБАЙ