1999 жыл: бетбұрыстар бастауында
1999 жыл: бетбұрыстар бастауында
1,220
оқылды

Баламалы негіздегі тұңғыш сайлау

1999 жылы 10 қаңтар күні елі­мізде Президент сайлауы өтті. Тұңғыш рет баламалы негізде де­мок­­ратиялық үрдіспен өткен бұл сайлауда Қазақстанның Президенті болып 81,71 пайыз дауыс алған Нұр­сұлтан Назарбаев қайта сай­ланды. 1999 жылдың еліміздің сая­си өміріндегі басты оқиғасы осы болды. Сол уақыттан бастап Қазақ­станның қоғамдық-саяси өмірі жаңаша жаңғыра түсті. Елімізде 14 сая­си партия, 30-ға жуық саяси қоз­ғалыстар мен бірлестіктер жұ­мыс істеді. Күзде Парламент Се­наты мен Мәжілісінің және жер­гілікті мәслихаттардың кезекті сайлауы өтті.

«Nur Otan» құрылған жыл

Қазақстан Президенттігіне кандидат Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі қоғамдық штабтың не­гізінде 1999 жылғы 19 қаңтарда «ОТАН» республикалық саяси пар­тиясы құрылды. Осы күні пар­тия­ның құрылтай съезі өтіп, 12 ақпанда Әділет министрлігінде тіркелді. Партия Төрағасы – Нұрсұлтан Назарбаев, Төрағаның Бірінші орынбасары – Нұрлан Нығматулин болды. Партия мүшелерінің саны 607 557 адамды құрады. Қазақ­станның барлық облыстарында, Астана және Алматы қалаларында «ОТАН» партиясының филиалдары ашылды. Партияның әлеуметтік негізі бюджеттік ұйымдардың қыз­меткерлерінен, студенттерден, ғылыми және шығармашылық зия­лы қауым мен шағын және орта бизнес өкілдерінен тұрды. Басты мақсат – қоғамды одан әрі де­мок­ратияландыруға бағытталған эко­номикалық және саяси ре­фор­ма­лардың жүзеге асуына бел­сенді түр­де атсалысу, азаматтардың өмір сүру деңгейін арттыру, елдегі тұ­рақтылықты сақтау, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, азаматтардың отан­сүй­гіштік сезімі мен Қазақстанның жан-жақты және үйлесімді дамуы үшін жауапкершілігін тәрбиелеу.

Алғашқы ұлттық халық санағы

Сонымен қатар 1999 жылдың басты оқиғаларының бірі – тәуел­сіздік алғалы бері алғаш рет ұлттық халық санағының өткені. Ақпан-наурыз айларында өткен санақ барысында халық саны 14 млн 652,7 мың адамға жеткені анық­талды. Соның ішінде қазақ ұлты 53,4 пайызды құрады. Бұл, шын мәнінде егемен елдің зор жетістігі болатын. Халық саны 1989 жылмен са­лыстырғанда, әрине 1 млн 246 мың адамға, яғни 7,7 пайызға қысқар­ғаны белгілі болды. Санақ нәтиже­лері сол кезеңдегі еліміздің эко­номикалық проблемаларын, сон­дай-ақ әлемдік демографиялық процестерді көрсетті. Мысалы, орыстар мен басқа да еуропалық этностар өкілдерінің елімізден көшіп кетуі, ең алдымен Қазақ­стан­дағы өмір сүру деңгейінің тө­мендеуімен байланысты болды. Ал немістер эмиграциясының басқа себебі бар еді. Атап айтқанда, Гер­манияда отандастарын Отанына шақырған мемлекеттік бағдарлама іске асып жатты. 1999 жылы Қазақстандағы ең көп ұлт бұрынғыдай 8 миллион қазақ пен 4,4 миллион орыс болып қалды. Бірақ халықтың жалпы санындағы қазақтардың үлесі арт­ты. Ол 1989 жылы 39,7 пайызды құ­раған болатын. Қалалардағы халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Мәселен, астанада қазақтардың үлесі 17,7 пайыздан 41,3 пайызға дейін өсті. Жалпы, қалалардағы қазақ саны 45 пайызға, ауылдарда 9 пайызға артты.

Осы жылы жоғары оқу орын­дарына қабылдаудың орталық­тандырылған кешенді тестілеу жүйесі енгізілді. Соған сәйкес мем­лекеттік білім гранттарымен қатар, оқудың ақылы түрі (кредит) пайда болды. Бұл талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты.

Алғашқы халық санағына тә­жірибе аз болғандықтан дайын­дық 1997 жылдан басталды. Пилоттық жоба негізінде алдын ала есеп жүр­гізіліп, дайындық пысықталды. Бұл кезде облыстардың саны өз­геріп, 19-дан 14-ке кемуі санаққа өз әсе­рін тигізді.

Бірінші құнсыздану мен қымбатшылық

Девальвация. Қазақстандықтар бұл сөзді осы жылы ең алғаш рет естіді. Оның қолайсыздықтарын да сезіне бастады. 1999 жылы бастал­ған баға өсуі қалыпты құбылысқа айналды. Теңге айтарлықтай құнсызданып, 1 АҚШ долларының құны 90 теңгеден 160 теңгеге бір-ақ секірді. Осылайша, 1999 жылғы 3 сәуірде Үкімет ұлттық валютаның айырбас бағам саясаты туралы қаулы қабылдап, ол еркін өзгермелі боп бекітілді. 5 сәуірде теңгемізді ең бірінші рет еркін айналымға жі­бердік. Таңсық терминді Премьер-Министр Нұрлан Балғым­баевтың өзі жексенбіде теледидардан жұрт­қа талдап берді. Тамызға қарай ер­кін жүзуге шыққан төл теңгеміз 135 теңгеге жуық белгіге тоқтады. Көптеген қазақстандықтар үшін жаңа курс күтпеген жағдай болды. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қа­зақстан жолы» атты кітабының «1998 жылғы экономикалық дағ­дарыс» тарауында теңгенің де­вальвациясына дайындық 1998 жылғы қыркүйекте басталғанын атап өткен болатын. Сарапшылар сол кезеңде теңгені «еркін жүзуге» жіберудің артықшылығы мол деп сендірген. Бүгінде бұл тарихи сын­дарлы шешім болғанын жоққа шы­ғаруға болмас.

Халықаралық вектор

1999 жылғы 23-25 сәуірде Пре­зидент Н.Назарбаев НАТО-ның саммитіне қатысу үшін Уашинг­тонға іссапармен барды. Бұл жолы Президент АҚШ-тың саяси және іскерлік әлемінің серкелерімен кездесті. Президент Б.Клинтон Азиядағы сенім шаралары мен қауіп­сіздікті нығайту жөніндегі Қа­зақстанның бастамасын мысал ретінде келтіре отырып, оның ай­мақ­та бейбітшілікті сақтауда үлкен рөлі бар екенін атап көрсетті. Ол Н.Назарбаевтың «бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатысты ғаламдық проб­лемаларды шешуде НАТО Ресей­мен тығыз жұмыс істеуі тиіс» деген пікірімен келісетінін жет­кізді. 1999 жылғы шілдеде Астана қа­ласы ЮНЕСКО-ның «Әлем қа­ласы» сыйлығымен мара­патталды. 18 қарашада Президент Н.Назарбаев Стамбұлда ЕҚЫҰ сам­митінің жұмысына қатысты. Сам­мит барысында Жалпыеу­ропалық қауіпсіздік хартиясы қабылданды. Сонымен қатар Қазақстан, Әзер­байжан, Грузия және Түрікменстан президенттері Баку-Жейхан мұнай құбырын қолдайтын Стамбұл дек­ларациясына қол қойды. 22 қарашада Астанада «Қа­зақстан-Еуропалық Кеңес» ын­тымақтастық комитетінің бірінші отырысы өтті. 1999 жыл 23-27 қарашада Президент Н.Назарбаев Қытай Халық Рес­публикасына ресми сапармен бар­ды. Сапар нәтижесінде үшінші мыңжылдық қарсаңындағы екі елдің саяси және экономикалық өзара іс-қимылының басым­дық­тары бекітілді. Мемлекет басшы­лары көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге екіжақты мүд­делілік білдірді және өз елде­рінің үкіметтеріне барлық туын­дайтын проблемаларды уақытылы шешуді тапсырды. Осы сапар ту­ралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бе­ласу» атты кітабында: «1999 жылы екі ел басшысы төтенше маңы­зы бар құжатқа – ХХІ ғасырға ар­налған Стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды. Бұдан 100 жыл бұрын, тіпті 20 жыл бұрын Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде Қытай сияқты алып мем­лекетпен стратегиялық серіктестік қатынасқа кіреді деген ешкімнің ойына да келмеген болар. Бұл, әри­не еліміздің тәуелсіздікке түбе­гейлі ие болуы арқасында ғана мүмкін болғаны белгілі. Дегенмен жеке тұл­ғалық факторды да есептен шығаруға болмас. Себебі Елба­сылардың достығы олардың мем­лекеттерін жақындастырса, бір-біріне араздығы екі мемлекетті алшақтатып жіберетіні рас» деп жазады. 1999 жылғы 15 желтоқсанда БҰҰ және ЕҚЫҰ агенттіктері мен бағдарламаларының жаңа кең­селерінің ашылу рәсімі өтті. Сырт­қы істер министрі Е.Ыдыры­сов тұсаукесерде сөз сөйлеп, гумани­тарлық саладағы, білім, денсаулық сақтау, азаматтық қоғамды дамыту мәселелерін шешуде БҰҰ-ның Қазақстан үшін үлкен маңызын атап өтті. Осы әмбебап халық­аралық форумның арқасында дү­ниежүзі Қазақстан пробле­мала­рымен, оның ішінде Семей яд­ролық сынақ алаңына бай­ланысты жайттармен танысты, оларды ше­шу жолдары қарастырыла бастады. 17-21 желтоқсан күндері Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары болды. Н.Назарбаев БҰҰ-ның Бас хат­шысы К.Аннанмен және Дүние­жүзілік еврейлер конгресінің пре­зиденті Э.Бронф­манмен кездесу өткізді. Сапар кезінде ел Президенті Қазақстан-Америка бірлескен комиссиясының (ҚАБК) жұмы­сына қатысты. ҚАБК төрағалары Нұрсұлтан Назарбаев және АҚШ вице-президенті Альберт Гор ал­тыншы жыл сайынғы отырыстың нәтижелерін қарастырды. Комис­сияның отырысынан кейін Н.На­зарбаев және А.Гор қорытынды құжатқа қол қойды.

Білім реформасының бастауы

Осы жылы жоғары оқу орын­дарына қабылдаудың орталық­тандырылған кешенді тестілеу жүйесі енгізілді. Соған сәйкес мем­лекеттік білім гранттарымен қатар, оқудың ақылы түрі (кредит) пайда болды. Бұл талапкерлердің білім сапасын бағалаудың әділ болуына және мемлекеттік білім гранттары мен кредиттерді білімге сәйкес бөлуге жол ашты. Аталған кешенді жүйе 2004 жылы енгізілген Ұлттық бірыңғай тесттің (ҰБТ) алғышарты еді. 1998-1999 жылдары елімізде 182 орта мектеп, 23 интернат қайта қалпына келтірілді. Базасы нашар жекеменшік университеттердің лицензиясы кейін қайтарылып, осы жылы елдегі 52 университет тестілеудің жаңа ережесі бойынша 7 мың студентті оқуға қабылдады. Сондай-ақ Қазақстан осы жылы жоғары білім берудің 3 деңгейлі жүйесіне, яғни бакалавриат, ма­гистратура және докторантура тү­ріне көшті.

Қазақстан мұнайына – 100 жыл

3 қыркүйек күні Президент Н.Назарбаев елімізде мұнай өн­діріле бастағанына 100 жыл то­луына орай Атырау қаласында өт­кен салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлының Атырауға Қазақстан мұнайының мерейтойын атап өту сапарына арналған бағдар­ла­ма­сының шешуші бағыты – ин­вес­торлармен, яғни елдегі түрлі жо­баларға қатысатын шетелдік мұнай компанияларының басшыларымен кездесу болды. Сонымен қатар ол жаңартылған көпірдегі симво­ли­калық лентаны қиып, Сарай­шықта ұлы дала билеріне арналған ме­мориалды ашты.

Ғасырлар тоғысында

1999 жыл жаңа мыңжылдықтың қарсаңы болатын. Бұл шара әлемде де, елімізде де назардан тыс қалған жоқ. Елордада «Миллениум пати» атауымен кешенді шара жоспары жасалды. Жыл соңы президенттік шырша, мерекелік отшашу және карнавалмен аяқталды.

Нұрлан ҚОСАЙ