Әлі күнге Әкімқаралардың серіктестіктерге тісі батпай тұр
Облыс әкімдігі Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібековтің сөзіне сүйенсек, биыл Жамбыл жолдарын жөндеуге аз қаржы қаралмапты. Алайда қаралған қаржыны мақсатты жұмсауда аудан әкімдері жүрісінен жаңылып отыр. – Өңірде автомобиль жолдары – 9 989 шақырым. Жыл басынан жол саласына барлық бюджет көздерінен 5,6 миллиард теңге бөлінді. Алайда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекен көшелерін жөндеуге хаттамалық тапсырма бірнеше мәрте берілгенімен, қазір Байзақ, Мойынқұм, Жуалы аудандары мен Тараз қаласы ғана қаржы қарастырып отыр. Қалған аудандарда қаржы бөлінбеген. Бұл жол жөндеу барысында сапасыз құрылыс материалдарын пайдалануға әкеліп соқтырады. Тағы бір мәселе жол құрылысын жүргізген компания кепілдеме мерзімі біткенге дейін жол ақауларын қайта қалпына келтіріп беруге міндетті болғанымен бірқатар аудан әкімінің серіктестіктерге тісі батпай отырғандай. Мәселен, Жуалы ауданында өткен жылы орта жөндеуден өткен «Дихан ауылына кіреберіс», Б. Момышұлы ауылындағы Парасат, Д.Қонаев және Мұнайшы көшелерінде, Меркі ауданында «Сұрат – Тескентоған» автожолында және Талас ауданындағы «Ерназар – Қойгелді», «Ақкөл – Талапты», «Қасқабұлақ ауылына кіреберіс» автожолында асфальт жамылғысы жарылып, бұзылып және шұңқырлар пайда болған. Осыны аталған аудандардың әкімдері жіті бақылауына алып, мердігер тарапынан қайта қалпына келтіруді талап етуі керек, – дейді басқарма басшысы.Конкурс жариялау соншалықты қиын ба?
Бақытжан Оразалыұлы мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялауда да әкімдер жайбасарлыққа салып отырғанын ашып айтып отыр. – Қосымша бөлінген қаржы есебінен іске асырылатын жобалар бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарының дер кезінде жарияланбауы да өзекті болып тұр. Мәселен, «Нұрлы жол» және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында бөлінген қаржы жөніндегі республикалық бюджет комиссиясының шешімі 20.04.2021 жылы шыққанымен, бірқатар аудандар тарапынан облыстық мәслихат шешімін күтпей алдын ала сатып алу жоспарын бекіту арқылы мердігерлерді анықтау бойынша конкурс жариялау шаралары сан рет ескертілсе де қабылданбаған. Мемлекеттік сатып алу конкурстарының кеш жариялануы нысандарды мерзімінде пайдалануға берілмеуіне әкеп соқтыратыны анық. Нақты сандарды сөйлетсек, мемлекеттік бағдарламалар аясында жоспарланған 84 жобаның бүгінге 28 жобасына мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбаған. Оның ішінде Байзақ ауданында – 2 нысан, Жамбылда – 1, Жуалыда – 13, Қордайда – 7, Меркіде – 3 және Талас ауданында 2 нысанға мемлекеттік сатып алу конкурстары жарияланбай отыр, – дейді Бақытжан Оразалыұлы.Қаралған қаржы неге игерілмейді?
Бұл жағдайға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та алаңдаулы. Сол себепті аймақ басшысы әкімдікте өткен жиында жаза басқан «болыстардың» басынан сипамады. – Тұрғындар тарапынан көп наразылық жол сапасына қатысты айтылады. Ол орынды да. Себебі біз былтыр салған жолды биыл қайта жөндеп жатамыз. Бұл құзырлы мекемелер тарапынан бақылаудың жоғын көрсетіп тұр. Қаралған қаржыны игере алмай жатып, қосымша қаржыны қалай сұраймыз? Басқарма хат жіберіп қойып қарап отыруға әбден үйренген. Неге әкімдер мен басқарма басшысы бірлесе жұмыс істемейді? Бүгінгі күнге дейін жарияланбаған конкурс енді қашан жарияланып, құрылыс жұмыстары қашан қолға алынады? Сосын ол құрылыс қашан бітеді? Тағы да қаржыны игере алмадық деп келмексіздер ме? – деген Бердібек Машбекұлы аудан әкімдерінен жеке-жеке жауап алғанымен олар әккі әдеттеріне салып, «енді қолға аламыз» деп еріксіз езу тартқызды. Кеңес отырысында өткен жылы жөндеуден өткен «Бірлік-Мойынқұм-Ұланбел» автожолының тас-талқаны шығып жатқаны да айтылды. Үлкен жүк көліктері сол жолмен тұз тасып жатқандықтан бүлініп жатқан көрінеді. Алайда тасымалдаушы компанияларды тәртіпке шақырып, айыппұл салу бірде-бір құзырлы мекеменің ойына келмеген. Сондай-ақ өткен жылдары «Қазавтожол» ҰК АҚ облыстық филиалы тарапынан республикалық мәндегі жол бойына салынуы тиіс болған сервистік орталықтардың да құрылысы ұмыт қалған. Мұнда да басшылар бүгін «айдан» түскендей болып, «құрылыс жұмыстары енді қолға алынып жатыр» деп ақталып отыр.Қызметте қайтыс болғандардың саны артқан
Кеңес отырысында Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев та баяндама жасап, қауіпсіз еңбек жағдайларына қатысты атқарылған жұмыстардан хабардар етті. Оның сөзіне сүйенсек, басқармамен «Ыстық нүкте» картасы әзірленіп, оған тәуекел қаупі жоғары 45 кәсіпорын енгізіліпті. Сондай-ақ жалақы мәселесіне қатысты «Жамбыл Цемент» өндірістік компаниясы мен «Қазақтелеком» АҚ облыстық филиалында туындаған наразылық акциялары шешімін тауып, жұмысшылардың сұранысы қанағаттандырылған. Бұдан бөлек, мемлекеттік еңбек инспекторларымен жыл басынан бері 475 жеке және заңды тұлғаның арыз-шағымы қаралып, олар бойынша жоспардан тыс 36 тексеріс жүргізіліп, 26 еңбек заңнамасын бұзу фактісі анықталған. Олар бойынша жалпы құны 1 035 535 теңге болатын 8 айыппұл салынып, 15 нұсқау берілген. Осы шаралардың нәтижесінде облыс бойынша 108,1 миллион теңгенің жалақы қарыздары белгілі болып, 733 жұмыскердің еңбек құқы қорғалған. Ұжымдық шарттарды қабылдау мен жұмысшыларды қысқартпау туралы меморандумға қол қоюда барлық аудан белсенділік танытса, Тараз қаласы ғана төмен көрсеткіш көрсеткен. Биыл жазатайым оқиғаларға жол берген 6 кәсіпорында Vision Zero нөлдік жарақат концепциясы енгізілсе, 7 кәсіпорында «Халықтық бақылау» жобасы енгізілген. Дегенмен есепті мерзімде 16 жазатайым оқиға болып, 18 адам зардап шегіп, 8 азамат қаза тапқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, көз жұмған адамдар саны 6-ға артқанын көрсетіп отыр. Міне, осындай үрейлі көрсеткіштерді тізген басқарма басшысы қайтыс болғандардың 5-еуі жол апатынан ажал құшқанын айтқанымен, бұл көңілге жұбату болмайтыны анық.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы