Алматының көлік инфрақұрылымы Орталық Азия елдеріне үлгі бола алды
Алматының көлік инфрақұрылымы Орталық Азия елдеріне үлгі бола алды
498
оқылды

Кез келген алып шаһардың күре тамыры көлік инфрақұрылымы екені даусыз. Себебі, алыс-беріс пен барыс-келіс тоқтаса, қала коллапсқа ұшырайды. Мұны мектеп оқушысы да жақсы түсінеді. Еліміздің ең үлкен мегаполисі Алматы қаласы да дамудың даңғыл жолына түсті. Бұл арқылы қала тұрғындары бұрын кездеспеген күрделі мәселелермен жолықты. Халық саны көбейді, қала кеңейді, көшеге көлік сыймай қалды. Нәтижесінде экология нашарлады, тұрғындардың жүйкесі жұқара бастады. Бүгінге дейін Алматыны бірнеше әкім басқарды. Оның әрқайсысы бұл мәселеге әртүрлі қырынан қарады. Бастапқы жылдары қала басшылары жолайрықтар мен метро құрылысын аяқтауға зейін қойса, кейінгі әкімдер бұл көлік инфрақұрылымындағы түйткілді мәселені толық шеше алмайтынына көз жеткізіп, балама жолдарын қарастыра бастады. Әлемдегі үздік тәжірибелерге көз жүгіртсек, бірде-бір ел көше кеңейтіп, бірнеше жолайрық салса да кептеліс мәселесін шеше алмаған. Көше кеңейсе, көлік те көбейе береді. 2015 жылы қалаға әкім болып келген Бауыржан Байбек бұл мәселені жете түсініп, қаланың көлік инфрақұрылымына тың бастама алып келді. Алматы қаласының бесінші әкімінің бағыты айқын болатын. Қала басшысы көлік жүйесін жаңғыртуға ерекше мән берді. Ол қаладағы кез-келген саладағы реформа сәтті жүзеге асу үшін көлік инфрақұрлымын дамыту керектігін түсінді. Жолдағы кептеліс, ескі қоғамдық көліктер, қала орталығындағы көлік жүйесіне, оның ішінде көліктердің тығыздалуына өз кесірін тигізіп тұрған ескі трамвай бағыттары екенін байқады. Адамдардың уақытын ұрлау, діттеген жеріне дер кезінде жете алмау, шағын бизнеске де кедергі болып тұрған фактор моральдық тұрғыдан тозған жол-көліктік инфрақұрылымы екені түсінікті болатын. Бауыржан Байбек қаланың орталығындағы тығызданған аудандардағы инфрақұрылым, көлік кептелісін реттеу үшін жаңа жобалар әзірлеп, БРТ, орталық көшелердегі автобус жолақтарын салу және көшелерді бір бағытпен қозғалту арқылы көлік кептелісін шешуге қадам жасады. [caption id="attachment_145544" align="alignnone" width="1200"]Алматы ©theguardian.com[/caption] Урбанист Ян Гейлдің ұсынысы Осылайша халықаралық сарапшылардың қолдауымен Алматыда кешенді көлік реформасын жүзеге асыру басталды. Бұған дейін қоғамдық көлік қала тұрғындарының қозғалысына кедергі келтіріп отырғанын, олардан шағымның күннен күнге көбейе түскені Еуропадан шақыртылған мамандармен біріге отырып сараланды. Даниялық сәулетші Ян Гейл тұжырымдамасы басшылыққа алынды. Шетелдік маман Алматы қаласының бейнесін өзгерту бойынша өз тұжырымдамасын ұсынған еді. Урбанист Ян Гейл қаланың қоғамдық кеңістігін ұтымды пайдалану, қала құрылысын лайықты жүргізу, жүргіншілер мен велосипед жолдарын салуды ұсынды. Ол Алматы қаласының ерекшелігін зерттей келе, қаланы жергілікті тұрғындар мен қонақтарға  жайлы ету  үшін қаланың сегіз ауданында жүргінші жолдары, демалыс орындары, спорт және балалар алаңқайлары мен веложолдар салуды үдету керек деді. Алматының көліктік-инфрақұрылымдық реформасы Қазақстанның өзге аймақтарына ғана емес Орталық Азия елдеріне үлгі болатындай деңгейге жетті, дейді сарапшылар. Еуропалық сәулетшінің идеясымен қаланың әр ауданның орталығы, көрнекті жерлері жаяу жүргінші мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін жаппай абаттандырыла бастады. Құрылыс жүрген аумақтарға адамдарға ыңғайлы орындықтар, жиектастар төселгенде ағаш егу міндеті де жүктелді. Алматы BRT қоғамдық көліктің жаңа бет-бейнесі Жеке автокөліктен гөрі қоғамдық көліктің басымдылығы – бұл реформаның  лейтмотиві болды. Бірақ бұл бірден жүзеге аспайтындығын көрсетті. Қала тұрғындарының қарсылығына тап болды. Халық әлеуметтік желілерде аталған бастамаларды қызу талқылап, қалыптасып қалған қасаң қағидалардан арылуға дайын болмай шықты.  Қала әкімі халық алдындағы есеп беру жиынында «алматылықтар жеке автокөліктерін қалдырып, қоғамдық көліктерге отыруға дайын» деп мәлімдеді. Ол үшін уақытты үнемдейтін сана-сезім, сапалы әрі жайлы автобустар, ұтымды сервис және қоғамдық көліктер кестеден кешікпей жүруі тиіс екенін еске салды. Осы бағытта жұмыстардың жоспары жүйеленіп, іске асыру басталғанын шегелеп айтты. Қолға алынған реформалардың игілігін халық көретінен жеткізді. «BRT желісін іске қосу жолаушылар үшін жол жүру уақытын 40%-ға үнемдеуге мүмкіндік береді. Күн сайын жаңа желіні 100 мыңнан астам жолаушы пайдаланады. Адамдар қоғамдық көлікті жай ғана таңдамайды. Талдау көрсеткендей, қарбалас уақытта автобустардың Тимирязев бойымен қозғалыс жылдамдығы тіпті аялдамаларды ескергеннің өзінде автомобильдерге қарағанда үш есе жоғары екенін көрсетті. Сондықтан көлігі жоқ адамдарға бұл жоба өте ыңғайлы. Бір автобус 35-40 көлікті алмастырады. Тиісінше адамдар жететін жеріне жылдам бара алады», - деген болатын Бауыржан Байбек Алматы тұрғындарына есеп беру кезінде. Қоғамдық көлік жұмысын жүйелеп, жолға қою үшін, қозғалыс кестесін сақтау үшін  диспетчерлік басқару жұмысы күшейтілді. Тасымалдаушылармен келісімшарттар қайта түзіліп, қаражатты мақсатсыз жұмсайтын көлік кәсіпорындары нарықтан ығыстырылды. Соның арқасында 560 млн. теңге үнемделіп, ол жаңа қоғамдық көлік бағыттарын ашуға мүмкіндік берді. Дегенмен, жүргізушілердің кәсіби жарамдылығы мен олардың қызмет көрсету мәдениеті де сын көтермейтін. Қала басшылығы оларды жұмыстан бірден шығармауды ұсынды.  Алматы әкімдігі оларды қайта оқыту үшін арнайы бағдарламаны іске қосты. Арнайы тестілеуден кейін 600 қоғамдық көлік жүргізушісін оқыту үшін жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген болатын. Алматы Оңай – Қазақстандағы қоғамдық көлікке енгізілген алғашқы электронды төлем жүйесі Назарбаев  Алматының қоғамдық көліктеріне «Оңай» электрондық билеттеу жүйесін енгізу туралы өз ойын 2016 жылы 16 ақпанда өткен Алматыны дамыту және 2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың дайындығы жөніндегі жиналыста айтты. «Қоғамдық көліктерді дамытып, қызмет көрсету деңгейін жоғарылатуды жалғастыру керек. «Оңай» электрондық билеттеу жүйесі, ондағы мәселелер туралы естідім. Мұндай жүйені енгізген соң, түсініксіз ештеңе болмайтындай етіп енгізу керек еді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет» – деген болатын сол кездегі ел президенті.  «Оңай» жолақысын төлеу электронды жүйесін толықтай енгізу үшін бір жыл жеткіліксіз болды. Бірақ кемшіліктер ескеріліп, сатылап болса да жүйе енді. Себебі бұл Қазақстандағы қоғамдық көлікке енгізілген алғашқы электронды төлем жүйесі болатын. Лондонда мұндай жүйе 11 жыл ішінде жүзеге асқан, Токиода 20 жылдан бері әлі енгізіліп келе жатқаны белгілі болды. Алматы - жолақысын тұрақты ұстап отырған бірден-бір қала. Үлкен шаһардағы баға саясатының жолға қойылуы осы жылдары жүргізілген ұтымды көлік-инфрақұрылымының арқасында екенін айта кету керек. Алматы 60 км/сағат – қауіпсіздік талабы Республика бойынша жол апаттарының үштен бірі Алматыға тиеселі. Сондықтан қауіпсіздік талаптарына байланысты үлкен даңғылдардағы жылдамдық шегі 60 км/сағатқа дейін төмендетілу іске асты. Осы шектеу қойылғаннан кейін әл-Фараби даңғылындағы апаттардың саны 2,7 есеге төмендеген. Ал бір жақты көшелердегі жылдамдық сағатына 40 шақырымға дейін түсірілді. Қалада осы кезде шведтік Vision Zero бағдарламасы іске қосылды. Vision Zero қағидасына сәйкес жаяу және велосипед жолдарынан, туннелдерден өзге, жол қозғалысының осал қатысушыларының қауіпсіздігін арттыру бойынша шешімдерді қолдану жоспарланған болатын. Ол қағида бойынша жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне басымдық беріледі, ол үшін көліктердің жылдамдығы азайтылады. Бағдарлама бойынша орташа жөндеу жұмыстары барысында қауіпсіз инфрақұрылым жасалып, апаттың алды алынады, жаяу жүргінші жолдары абаттандырылады. Бұлардан өзге, адамдардың өту қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бұрылыстардағы айналым радиустары қысқарады. Алматы Алматы көлік реформасы халықаралық форумда мойындалды Алматы қаласының көліктік инфрақұрлымы мен қысқа мерзімде жасалған реформа бойынша түрлі презентациялар халықаралық форумдар мен жиындарда үлгі ретінде көрсетіліп жүр. Өз елімізде Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық көліктерге Алматыда сәтті жүзеге асқан электрондық төлем жүйесін енгізе алды. Ал Орталық Азия елдерінің ішінде Бішкек қаласы мен Ташкент қаласында «Алматы көлік реформасы» үлгі ретінде қолданыла бастады. Бұл шаһарларда жүргіншілерге арналған қала тұжырымдамасына бет бұрды. Халықаралық қоғамдық көліктер кеңесінің Мәскеу, Нұр-Сұлтан қалаларындағы өкілдігі ТМД аймағында Алматы үлгісін жоғары бағалап, көліктік-инфрақұрлымдық жаңғыру бойынша дамыған өңір деп баға берген. Көліктік реформаны жылжыту үшін жаяу жүргіншілер мәдениеті қалыптасу керек. Алматыдағы бастамалардың арқасында даму бар, жағдай осыдан 6-7 жыл бұрынғы кезеңге қарағанда әлдеқайда жақсарған деп баға береді халықаралық кеңес өкілдері. Алматы Любляна қаласында (Словения) өткен «Smart city-2018» ақылды қалалар еуропалық форумында көлік жүйесінің кешенді реформасын жүзеге асыру бойынша бірінші орынға ие болды. Айталық, 50 үздік әлемдік тәжірибе мен инновациялық жобалардың ішінен үздік үштікке «Анкара Парк» туристік жобасы да кірген еді.