Тараздағы түрмеге 52 телефонды тапсырыспен кіргізбек болған кәсіпкер ұсталды
Тараздағы түрмеге  52 телефонды тапсырыспен кіргізбек болған кәсіпкер ұсталды
264
оқылды
Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/7 төтенше қауіпсіз мекемесінің қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери қызметшілерімен бірлесе отырып, түрмеге заңсыз  кіргізбек болған 52 бірлік телефонды тәркіледі. Аталған телефондар жеке кәсіпкерге тиесілі автокөлікті тексеру кезінде  кесілген ағаштардың арасынан табылған. Ұсталған азамат  сәлемдемені  фольгаға мықтап орап, ағаш блоктарға жасырған.  Кейіннен белгілі болғаны  телефондарды осы колониядағы сотталғандар ақша жинап,  тапсырыспен алдырған екен. Ал жеткізуші режимдік объект аумағында орналасқан жеке кәсіпкерліктің директоры болып шықты. Естеріңізге сала кетсек, биыл  Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ЖД-158/7 төтенше қауіпсіз мекемесінің қызметкерлері түрме тарихында болмаған тінту жүргізіп,  сотталушылардан  137 ұялы телефон, 14 сим-карта, 26 зарядтау құрылғысы, 5  батарея, 15 жұп құлаққап және екі USB-адаптарды тәркілеген еді. Қолда бар телефондарынан айырылғаннан кейін сотталушылар ұялы телефонға  қайта қол жеткізу  жолын осылай ойластырған сияқты. Негізі осыған ұқсас жағдай сәуір айында да орын алған. Ол кезде кәсіпкер дәл осы әдіспен  түрмеге 85 ұялы телефон кіргізбек болған болатын.  

Саятхан Сатылған,

Жамбыл облысы