Жақында қырғыз елінде «Сапат» лицейлер желісінің президенті Қырғыз азаматын ұрлады
Жоғалып кеткен педагог Орхан Инандының әйелі БАҚ-қа берген сұхбатында Орханды Түркиядағы елшілікте ұстап отырғанын, оны қинап, қырғыз азаматтығынан бас тартуға мәжбүрлеп жатқанын айтқан. Ал 8 маусым күні ресми түрде Орхан Инандыға халықаралық іздеу жарияланды. Қырғыз парламенті бұл ұрлау ісіне биліктің қатысы болса, әлем алдында «ұят» болатынын, неде болса, мәселенің анық-қанығы 5-10 жылда ортаға шығатынын атап өтті. Сондай-ақ 2019 жылы Қырғыз Республикасының Орхан Инандыны Түркияға экстрадициялаудан бас тартқаны мәлім болды. Жауапты орган «Сапат» желісінің президентіне сақ жүруге, қауіпсіздікті күшейтуге кеңес берген деседі. Бұдан бұрын да Түркия тарапы қырғыз еліндегі лицейлер желісін жабуды сұраған. Сонда экс-президент А.Атамбаев қарсы шығып, ойын анық жеткізген-ді. Осылайша, 2017 жылы алғашында «Себат» аталған түрік лицейлері «Сапат» атауымен қайта құрылды. Мектептер толығымен қырғыз елінің Білім министрлігінің қарамағына кірді. Бұдан кейін жағдай тұрақталған сияқты көрінген еді. Алайда арагідік Түркиядан «ескерту» келіп тұрыпты. Мәселен, 2019 жылы Анкара Қырғыз билігінен «Сапат» желісінің қызметкерлері Синан Йылмаз бен Санжар Абдулхакимді сұратқан. Мұны елдегі бас прокуратура мақұлдағанымен, қоғамда резонанс тудырып, мәселе оң шешімін тапқан. Одан әріде, 2018 жылы Ердоған Қырғыз Республикасына сапарында «Сапат» желісі туралы әңгіме қозғап, оның орнына «Маариф» түрік қоры жетекшілік ететін мектеп ашу жайын айтқан еді. Міне, 2021 жылы мамыр айында қырғыз елінің Білім министрлігі Бішкекте «Маариф» қорының мектебі ашылатынын мәлімдеді. Демек, Қырғыз билігі Түркия өтінішін орындауға мәжбүр болған сыңайлы. Яғни, елдегі мектептерді жаппаса да, жаңа үлгідегі білім ордасын ашуға мәжбүр болған. Ал Орхан Инандының жоғалып кетуіне байланысты түрлі пікір айтушылар бар. Айталық, Kazakhstan.kz сайтының директоры Доған Йылдыз мәселеге адам құқығы тұрғысынан қарауды ұсынды. «Бұл жерде мемлекеттің ішкі саясатына араласу да бар. Дегенмен мәселені адам құқығы тұрғысынан қарастырғанымыз жөн болар. Қазір мұны БҰҰ және басқа ұйымдар адам құқығына қол сұғу деп қарастырып жатыр. Мысалы, Еуропа мен АҚШ бұл іске «Қырғыз Республикасында педагогті ұрлап кетіпті» деп қарамайды. «Орталық Азияда осындай жағдай болып жатыр» деп ойлайды. Ал Орталық Азияның қатарында Қазақстан да барын ұмытпау керек. Қазір қырғыз еліндегі саяси-экономикалық жағдай мәз емес. Олар күздегі парламент сайлауына дайындалып жатыр. Сондықтан бұл мәселеге қаржы араласуы бек мүмкін» – дейді Доған Йылдыз.Жағдай неге ушықты?
Жоғарыдағы оқиғаларға мән бере отырып, «неліктен Түркия мұндай саясат ұстанады?» деп сұрақ қою заңды. Өйткені Түркия билігі әлемдегі түрік лицейлеріне «Фетхуллах Гүленнің жақтастары» ретінде қарайды. 2016 жылы 15 шілде күні түрік елінде бола жаздаған төңкеріске Ердоған Гүленді кінәлайды. Ал өз кезегінде Гүлен бұған ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген. Сол үшін билік шетелдегі лицейлерге «террористерді тәрбиелейтін орта» деп көз алартып отыр. Осы жылдар ішінде шамасы жеткенше Гүленнің үндеуімен құрылған білім ордаларын жауып жатыр. Расымен, кейбір елдер Ердоғанның өтінішін орындап, әрекетке көшкен. Ал кейбір мемлекеттер қарсы уәж айтып, дегенге көнбейтінін байқатқан. Мысалы, Пәкістанда осыған ұқсас жағдай болған. Ердоған Малайзияға сапарында Карачиге тоқтап, әуежайда Первез Мушаррафпен кездесіп, түрік лицейін жабуды талап еткен. Осылайша, елдегі 2000 мұғалім БҰҰ-ға адам құқығы бұзылғаны туралы шағым жазды. Ал Моңғолияда моңғол-түрік лицейі директорын ұрлау ісі тіркелген. Абырой болғанда, моңғол тарапы бірден шу көтеріп, директорды әуежайдан қайтарып алған. Дегенмен мәліметтерге сүйенсек, Габон, Сомали, Нигерия, Эфиопия сияқты елдерде түрік лицейлері жабылған. Өзге елдерде лицейлер жабылмаса да, мұғалімдерге қысым көрсетіліп, Түркияға мәжбүрлі түрде қайтқан.Қазақстандағы лицей ұстаздарына қауіп төніп тұр ма?
Қазақстанда білім берген түрік мұғалімдері де шарасыз еліне қайтқанын білеміз. 2017 жылы Асқар Жұмаділдаев «Қазақ әдебиеті» газетінде Сүлеймен Демирел университетінде өзімен бірге дәріс берген 20 шақты түрік оқытушысының еліне кеткенін айтқан. Одан бөлек, әлеуметтік желіде Якуб Доганай, Энис Куртай сияқты оқытушылардың оқиғалары бүкпесіз жарияланды. Қазақстан тарапы олардың виза мерзімін ұзартпағандықтан, қаладағы миграция мекемелері жағдайға «назар аударғысы» келмегенінен аталған жылдары төлқұжат жасату ісі қиындаған. Осылайша, бірнеше педагог елден кетуге мәжбүр болған. Ал Қазақстаннан Түркияға барған мұғалімдерді еш негізсіз «түрмеге жабатыны» айтылады. Бұл туралы кезінде экономист Олжас Құдайбергенов те атап өткен. «Президент және Халық» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев та үздік білім бергені үшін президент қабылдауында болған екі мұғалімнің Түркияға қайтқан соң 25 жылға бас бостандығынан айырылғанын жеткізген. Сол үшін түрмеге отырғысы келмеген ұстаздар өзге елге қоныс аударады. Көпшілігі қауіптен қорқып, Еуропа асып кетеді. Осы тұста қырғыз еліндегі жағдайға қарап, «елдегі лицейлердің тағдыры не болмақ?» деп ойлауыңыз мүмкін. Ел Үкіметі 2016 жылы «қазақ-түрік лицейі» атауын «Білім инновация лицейі» деп өзгертті. Қазір елімізде 27 БИЛ жұмыс істеп тұр. Лицейдегі білім беру жүйесі мен стандартына көптің қызығатынын байқаймыз. Тіпті, биыл наурыздан бері өтіп жатқан ҰБТ-да ең жоғары 140 ұпайды лицей түлегі жинады. Әрі елімізде, халықаралық додаларда топтың алдынан көрінетін де осы лицейдің оқушылары екені даусыз. Сондықтан білімді бірінші орынға қоятын елде мұндай қауіп төнбесі анық. Оның үстіне, сарапшылар да осыған дәлел ретінде бірнеше фактіні атап берді. Мысалы, атын атағысы келмеген бұрынғы БИЛ оқытушысы лицейлердің тікелей Білім және ғылым министрлігіне қарасты мемлекеттік ұйым екенін, тиісінше мемлекет қарамағындағы мекемеге ешкімнің қол сұға алмайтынын атап өтті. Демек, қай тұстан «бұйрық пен өтініш» түссе де, Қазақстан білім ордаларының мүддесін қорғай алады. Сондай-ақ лицейде білім беретін түрік мұғалімдердің дені мұнда 20 жылдан бері мекен етеді. Көпшілігінің азаматтығы бар. Осындай мәліметтерден кейін еліміздегі лицейлерде білім беретін түрік оқытушыларының тағдыры алаңдатары сөзсіз. Өйткені шетелде болып жатқан оқиғалардан секем алатындар бар. Бірақ сарапшылардың айтуынша, мұғалімдердің құқығы барынша қорғалуы керек. Оның үстіне, көрші елдегі педагогті ұрлау ісін Түркияның барлау қызметі жүзеге асырды дейтін ақпарат бар. Мәселеге барлау қызметі араласқанда іс саяси сипатқа ие болады. Сондықтан Түркия да Қазақстанмен арадағы саяси салқындықты қаламайды деп ойлаймыз. Иә, қай елде болмасын адам құқы, соның ішінде мұғалімнің құқы қатаң қорғалуы керек. Өйткені ол келешек ұрпақты тәрбиелейтін адам. Сондай-ақ БИЛ Қазақстанда жұмыс істеп жатқан жылдар ішінде түрік оқытушылардың білім беру саласындағы үлесі біршама азайған. Алғашында мұғалімдердің 90%-ы түрік азаматы болса, қазір шетелдік мамандарды жергілікті педагогтармен алмастыру саясаты бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Сондықтан шетелден маман тартпай, лицейлерге жергілікті педагогтарды жұмылдырған жөн тәрізді. Ал ой қорыту жағы оқырманның еншісінде. Бастысы, еліміздегі мектеп ұстаздарына қауіп төнбеуі қажет.Айзат АЙДАРҚЫЗЫ