Кәсіпкерлерді заңсыз тексеру тыйылар емес
Кәсіпкерлерді заңсыз тексеру тыйылар емес
251
оқылды

2020 жылғы 1 қаңтардан бас­тап елімізде «Шаш ал десе, бас алатындар» азаймаған

Тыйым 2023 жылдың басына дейін күшінде тұр. Сондықтан биыл Бас про­куратураның басшылық құрамымен кеңес өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды бірінші міндет ретінде атады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына ке­дергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарас­тырылуы керегі ескертілді. Әйтпесе, елі­мізде 2020 жылғы 1 наурыздан 2021 жылғы 1 наурызға дейін 174 853 жеке кә­сіпкерлік субъекті және 28 373 заңды тұлға жабылып тынған. Одан кейін, яғни 21 сәуірде бас про­­курор Ғизат Нұрдәулетов Президентке кәсіпкерлерді мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінен қорғау мәселесі бойынша бірқатар мағлұмат берді. Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері 22 мың кәсіпкердің құқығы қорғалып, 357 заңсыз тексеру мен мемлекеттік орган­дардың 56 актісі жойылған. Сондай-ақ қазір Бас прокуратура заңсыз тексеруге тап болғандарды өздеріне шағымдануға шақырып отыр. Кәсіпкерлерді заңсыз қысымнан қор­ғауға бағытталған заң жобасын де­путаттар Мәжілістің жалпы отырысында бір­ауыздан мақұлдады. Атап айтқанда, Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 62-бабына толықтыру көздел­ген. Соған сәйкес, лауазымды тұлғаларды бизнеске заңсыз тексерулер жүргізгені үшін әкім­шілік жауапкершілікке тарту мерзімі 2 ай­дан 1 жылға дейін ұлғайтылатын болды. «Бұл норма «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдарламасының орын­да­луын қамтамасыз етеді. Онда мемлекеттік орган­дардың кәсіпкерлік қызметке заң­сыз араласуын тоқтатуға бағытталған заңдар қабылданатыны нақты белгі­ленген», – дейді Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин. Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті де мораторийдің 2020 жылы биз­неске қатысты тексерулердің 5 есе төмендеуіне ықпал еткенін мәлімдеді. Мысалы, 2019 жылы кәсіпкерлер 128 мың рет тексерістен өтсе, 2020 жылы тексеру­лер 27 мыңнан асқан. Ал биылғы 5 айда 5 мың тексеру болған. Сонымен қатар комитет қызметкерлері биыл шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий ая­сында 30-ға жуық заңсыз тексерудің жолын кескен. кәсіпкер Қазақстан кәсіпкерлерінің құқық­тарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша, кәсіпкерлерді заңсыз тексеруден құтқарудан бөлек, шамамен 700 мың салық төлеуші 1 трил­лион теңге көлеміндегі салық жеңілдік­терін пайдаланған. Сондай-ақ 18 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъек­тілеріне 222,4 миллиард теңгеге несиелер бойынша кейінге қалдыру ұсынылыпты.

Аймақтардағы ахуал қалай?

Кәсіпкерлерді заңсыз тексеру оқи­ғалары бірнеше өңірде ушығып тұр. Сон­дай үздіксіз тексерулерден запы болған кәсіпкерлер мобильді топтарға жиі жү­гінеді. Өйткені бірқатар мемле­кеттік қызметкер тексеру жүргізуге уәкі­леттілігі болмаса да лауазымын асыра пай­да­ланған. Сондықтан прокуратура тара­пынан бизнес нысандарға жүргізілген тексеру жұмыстарының заңдылығы зер­деленіп, онда мораторий талаптары бұ­зылып, әкімшілік айыппұл салудың заңсыз деректері көптеп анықталды. Мысалы, биыл Қызылорда облысы прокуратурасы аймақтағы бизнес-ах­уалды жақсарту мен әкімшілік кедер­гілерді жою мақсатында біршама жұмыс­ атқарған. Ондағы мобильді топтарға кәсіпкерлерден 2020 жылы 13 арыз-хабарлама түссе, 2021 жылдың 5 айында 30 арыз-хабарлама тіркелген. Ал бизнесті қор­ғау бойынша атқарылған жұмыста­р­дың нәтижесінде 17 прокурорлық қа­даға­лау актілері енгізіліп, 117 кәсіп­­кердің құқығы қорғалыпты. Сол сәтте 16 шенеу­нік тәртіптік, 1 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылса, 2 заңсыз тексерудің және кәсіпкерлерге қатысты 9 әкімшілік өндірістің күші жойылған. «Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс бойынша білім беру қызметін көрсеткен 75 жеке бала­бақшаның 192,9 миллион теңге бюджет берешегінің төленуі қамтамасыз етіліп отыр. Енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің қаралу нәтижесімен өткізілген мемлекеттік сатып алу бойынша 35 кәсіп­кердің жалпы сомасы 33 миллион теңге банктік кепілдемелері кері қайтарылды» деп мәлімдеді Қызылорда облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Ғабит Ұзақбай. Биылғы жыл басынан бері Атырау облыстық прокуратурасының мобильді тобы да сондай келеңсіздікке кезіккен 300-ден астам кәсіпкердің құқығын қор­ғапты. Одан кейін де жергілікті прокурор­лардың араласуымен ШОБ-қа қатысты 445 заңсыз тексерудің күші жойылып, 27 шенеунік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ өткен жылы Маңғыстау облысында да 192 кәсіпкерлік нысанға заңсыз тексеру жүргізілген. Түркістан облысында өңірлік прокуратура мен Құ­қықтық статистика және арнайы есеп­ке алу жөніндегі комитеттің Түркістан об­лысы бойынша басқармасы бірлесіп, заңсыз тексерулерді тіркеу кезінде олар­дың алдын алу бойынша жұмыс жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13 шағын және микрокәсіпкерлікті не­гізсіз тексерудің жолы кесілген. Ал мо­ра­торий жарияланған сәттен бастап Алматы облысының прокуратурасы кә­сіп­керлік субъектілерінің қызметінде заңсыз тексе­рулер мен профилактикалық бақылаудың өзге де нысандарын жүргізу­дің 244 факті­сін, оның ішінде мораторий талаптарын бұзған 128 фактіні анықтады. Жарлық талаптарының сақталуын ШҚО прокура­турасы да ерекше бақылауға алған. Атап айтқанда, өткен жылы өңірдегі санитар­лық-эпидемиологиялық бақылау орган­да­ры­ның 91 тексеруі заңсыз деп танылған екен. Ақмола облыстық прокуратура­сының мәліметінше, өңірде 2020 жылы бизнес субъектілерін тексеру саны 2 есеге (8 074-тен 4 299-ға дейін) азайыпты. Қа­былданған шаралардың арқасында ве­домство биыл да 12 шағын кәсіпкерлік субъек­­тісін негізсіз тексерудің алдын алған. Жұрттың жеке кәсібін бас-көз жоқ тексере беруден бұл аталғандардан басқа өңірлер ада сияқты. Өйткені әзірге заңсыз тексерулер жайлы дерек қолымызға түс­педі. Бәлкім, заңсыздық жасайтындар бар шығар, бірақ «ұсталмаған ұры емес» бо­лып тұр.

Еркеғали БЕЙСЕН