Тағы да сарбаз өлімі...
Тағы да сарбаз өлімі...
481
оқылды

Елімізде соңғы жылдары «Өз басына оқ атқан

Орал қаласында мерзімді әс­кери борышын өтеп жүрген бір сар­баз өз-өзіне оқ атып, қаза тапты. Оқиға 16 маусым күні таңғы уа­қыт­та болыпты. Тас түскен жеріне ауыр Ақтөбелік сарбаздың қазасынан кейін оның өз-өзіне қол жұмсауына қатысты түрлі нұсқа айтылып жат­қаны рас. Әлеуметтік желіде пі­кір білдірушілер әлімжеттік болуы мүмкін дегенді де жоққа шы­ғар­май­ды. Оның сыртында қы­зы күтпе­ген, несиесін жаба ал­ма­ған болуы мүмкін, үйіндегі тұр­мыстық проблемалар бар шығар деп жат­қандар да бар. Нұрлан атты желі қол­данушыларының бірі: «Қаза тапқан жауынгер әскер мерзімі аяқ­­талып, қайтуға дайындалып жүрген болатын. Сондай-ақ әскери бөлімнің өзі аймақтық қолбасшы­лықтың тура іргесінде орналасқан. Сондықтан да ол әлімжеттік көріп, өзіне қол жұмсады деп айту қиын» десе, Devii@all никті қолданушы «Осыдан 15 жыл бұрын әскерге кредитін төлемеу үшін қашып кет­кен бір жігіт тура үйіне қайтар ал­дында коллекторлардың қолына қайта түспеу үшін өз-өзіне қол жұмсаған болатын. Оның үстіне, оның ауылда жабылмаған қылмыс­тық іске қатысы бары да кейін анық­талды», – дейді. Қалай дегенде де, оқиғаның нақты себебін тергеу анық­тайды. Біздің анықтаға­ны­мыз – 2019 жылы әскери бөлімнің екі қызметкері пара алғаны үшін сот­талғаны. Командирдің орынба­сары мен бөлім бастығы 300 мың теңге үшін бірі 7 жылға сотталған болса, бірі 6 млн теңге айыппұл арқалаған. Тағы бір теріс мотивті оқиға 2015 жылы болыпты. Ол кез­де интернетте осы бөлімнің ат­қыштар ротасы командирінің қол астындағы сарбаздарға өте дөрекі сөйлеп тұрған видеосы тараған болатын. Әрине, әскери бөлімнің жақсы жақтары да жоқ емес. Орал қала­сындағы белді әскери бөлім бол­ған­­дықтан, олар қаладағы қауіпсіз­діктен бөлек, шаһардың қоғамдық өміріне де белсене қатысады. Үлгілі нысан болғандықтан, оны аралауға облыс әкімі де, ЕЫҚҰ сияқты ха­лықаралық ұйым өкілдері де кел­ген. Одан бөлек, бөлім қызмет­кер­лері мен жауынгерлері түрлі спорттық, әскери жиын кезінде көзге түсіп жүр. Адам өмірін құтқа­рып қалғандары үшін марапаттал­ғандары да аз емес. Әйтсе де, «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, бір келеңсіз оқиғаның бөлімнің осы уақытқа дейінгі абыройына нұқсан болып тұрғаны рас. «Бұл әскери бөлімді мақтай алмаймын. Іште тәртіп қатал деп естимін. Жауынгерлердің де қан­ша­лықты құнарлы тамақ жеп, тойып жүргенін білмеймін. Қа­зір көп жерде сарбаздарды мәж­бүрлі түрде вакциналап жатыр деген хабар бар. Ол дұрыс емес қой. Вакцина алу әркімнің өз құқы. Сон­дай мәжбүрлеп жатқан әскери бөлімнің бірі осы 5 517 сияқты. Сондай-ақ онда дембльге шығып, үйіне қайтып бара жатқан жауын­герлерге әскери киім дайы­ндауға тыйым салыпты. «Үйлеріңе аза­маттық киіммен барыңдар» депті. Бұл жолғы суицидке осы оқиға да себеп болуы мүмкін деп ойлаймын. Өйткені қалай болғанда да, жас бала бір жылдан соң оралып тұр­ған­дықтан, ауылдастарының ал­дын­да әскери салтанатты киіммен тұрғанды мәртебе көреді емес пе?», – дейді Алматы қаласы Жауын­­герлер аналары комитетінің жетекшісі Зинаида Чивилева. Комитет жетекшісінің ай­туынша, ауылға қайтатын жауын­герге, яғни әскердегі тілмен айт­қанда, «аташкаларға», жаңадан келген «балашкалардың» альбом­­дарын жасап беруі мен әскери мун­дир дайындап беруі әлім­жеттіктің бір себебі болған екен. Сондықтан бұған дейін альбом жа­сауға тыйым салынған болса, енді әскери киіммен қайтуға рұқсат берілмеуі осы әлімжеттікпен кү­рестің бір шарасы болуы мүмкін. Қалай болғанда да, бір сарбаздың өлімі үлкен резонанс тудырып тұр. Өйткені осыдан кейін кім баласын армияға жіберуге бейіл болсын...

Бейбіт күндегі әскери құрбандар

Адамның өз-өзіне қол жұмсауы оңай емес. Оған кім-кімнің де бір­ден бара қоймайтыны тағы анық. Мұндай жағдайға қиын­дықтан төзімі таусылғандар барады. Ұзақ уақыт бойы жиналып келген ашу-ыза, өкпе-реніш білте секілді, кіш­кентай ғана себептен тұтанып сала береді. Содан соң адам шарасыз­дық­тан өз-өзіне қол салады. Енде­ше Оралдағы және оған дейінгі оқиғаларда да жас сарбаздары­мыз­дың әскери өмірінде кикілжің­нің болғаны рас. Солардың салма­ғы­нан қиналып кеткен албырт пси­хика соңғы қадамға барған болуы мүмкін. Ал мұнда айтылып жатқан «сүйген қызы күтпей тұрмысқа шы­ғып кеткен», «ауылдан жақын­дары қайтты деген жаманат хабар келген» дейтін болжамдар сол біл­теге тиген от қана, яки негізгі себе­бі емес, құрамдас бөлігі. Сондықтан да еліміздің әскер басшылары армия өмірінде мезгіл-мезгіл пси­хологиялық серпіліс жасайтын бағ­дарлама ойлап тапқаны абзал. Әскердің күнделікті қайталана беретін, бір-біріне ұқсаған сұрқай өмірінің адамды жалықтырып жібе­ретіні рас. Сондықтан да мә­дени-танымдық шараларды көптеп өткізген абзал. Бәлкім, ондай бағдарлама бар да болар. Бірақ жыл сайынғы сарбаз өлімі оқиғасы – оның жеткіліксіз екенін көрсетеді. Одан өзге де шаралар болса қолға алған абзал. Ал бізде бейбіт күннің әскери құрбандары туралы еске алып өткеннен басқа шара жоқ: 2021 жылғы 20 мамырда Жам­был облысы Отан стансасында ор­наласқан 82 796 әскери бөлімде бір жауынгер суицидтен көз жұмды. Казарманың 4-қабатындағы те­резеден секіріп кеткен ол ауруха­наға жеткізілгенімен, реанима­­цияда жантәсілім еткен. Ал одан бір ай өтпей жатып қайталанып тұрған кешегі оқиғаның қабырғаны қайыстыратыны рас. Екі оқиға да тергелу үстінде. Дәл осындай биікт­ен секіріп өлу дерегі былтыр наурыз айында Қапшағай қа­ласындағы 65 476 әскери бөлімде де тіркелген болатын. 19 жастағы қатардағы жауынгер Дмитрий Ганчлевский 2 наурыз күні 26 метрлік қарауыл мұнарасынан се­кі­­ріп кеткен. Бұл оқиғада Дмитрий­ді резервуардың шүмегін жаппа­ғаны үшін рота кезекшісі, сержант Әлібек Ағыбаев жаза беріп, түнгі нарядқа қалдырған. Жарты са­ғаттан кейін жас сарбаз суицид жасаған. Сотта сержанттың жаңа­дан келген жауынгерді балағаттап, бетінен ұрғаны белгілі болды. «Өкі­леттігін асыра пайдаланғаны үшін» ол 6 жылға бас бостандығынан айы­­рылды. Бұл былтыр болған 7 оқи­­ғаның біреуі ғана. Жалпы, мұн­дай оқиғалар елімізде жетіп-артылады. Соңғы 10 жылда 220 әс­кери өз-өзіне қол жұмсапты. Бұл – бір жылда 22 адам, ал айына 2 адам қаза болады деген сөз. Соның ішінде оқиғалардың 90%-ында қылмыстық сипаты жоқ екен. Кө­біне себептері отбасылық-қаржы­лық проблемалар, әскери өмірдің қиындығына көндіге алмау болып шығады. Бірақ сонда да болса, әскердегі әлімжеттікті ақтап алуға болмайды!

Нұрлан ҚОСАЙ