Грант көбейді, білім көркейе ме?
Грант көбейді, білім көркейе ме?
298
оқылды

Биыл Биліктегі партия басымдықтары орындалып жатыр

Бұдан өзге, көшбасшы пар­тияның сайлауалды бағдарла­масында 2025 жылға қарай жас­тардың барлығы колледжде сұра­нысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім ала алуына қол жеткізу міндеті қойылды. БҒМ осы тапсыр­маларды орындауға кірісті. «Алдағы оқу жылына бака­лавриат бағдарламасы бойынша 51 561 грант бөлініп отыр. Оның бір бөлігі «Серпін» бағдарламасына қатысты. Бұған қоса, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдар­ламасын орындау жөніндегі Жол картасы аясында тағы 5 мың грант­ты қосымша бөлу қарас­тырылған. Нәтижесінде, бакалавриат бағдар­ла­масы бойынша гранттың жалпы саны – 56 561, магистратура бойынша – 13 263, ал докторантура бойынша – 1 890. Гранттар сұра­нысқа ие бағыттарда кадрлар даярлауға бөлініп отыр», – деді ми­нистр Асхат Аймағамбетов. БҒМ басшысы отандық жоғарғы білімді қолжетімді ете түсу үшін 2025 жылға дейін грант саны 50%-ға артатынын уәде етті. Осы орайда «бұл гранттар қан­шалықты сұранысқа ие?», «енді оқу орындары оқытатын білімді жас таппай, сонша грантты игере алмай қалмай ма?» деген сауал туындайды. Өйткені қазірдің өзінде интернетте, әлеуметтік желілерде кейбір оқу орны білім деңгейіне қарамастан, оқуға қабылдаймыз деп жарнама береді. Халық пікіріне жүгінсек, грант­қа деген сұраныс зор, қайта жетпей жатыр. Олар ҰБТ-да ең жоғарғы балл жинағандарға ғана тиеді. Тіпті, орташадан жоғары нәтиже көр­сеткендер де гранттан қағылып жатады. Қостанайлық жалғызбасты ана Айгүл апай отбасын өзі асырауға мәжбүр әрі үйсіз-күйсіз, жалдамалы баспананы жағалап жүр. Ұлы оқу бітіріпті. «Үкімет осы ұлыма білім гран­тын берсе деймін. Өзі ресейлік емес, отандық медициналық оқу орнына түсіп, дәрігер болғысы келеді. 2015 жылдан бері мүгедектігі бар. Соған қарамастан үстел теннисімен ай­налысады. 2019 жылы жыл сайынғы «Триумф» сыйлығы табыс етілді. Денсаулықтың қадірін біледі, өзі денсаулық қорғау саласының жо­ғары білікті маманына айналғысы келеді», – дейді ана. Әрине, «ала қойды бөле қыр­қудың қажеті жоқ, ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырсын да, өзге балалар қатарлы грант иеленсін» деуге болады. Дегенмен ҰБТ баланың бойында бұйығы жатқан дарынын, қасиет-қабілеттерін, ынта-ықы­ласын тап басып аша алмайтыны мәлім. Оның үстіне, қаншама білімді, талантты жас ақылы оқып жүр. Олар да грант берілсе, тегін оқуға ауысуды аңсайды.

Гранттың кешіккені қынжылтады

Биылғы жылдың басында Ал­матыдағы С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина уни­верситетінің бір топ студенті Білім және ғылым министріне бір емес, екі рет хат жазды. Өйткені олар ақылы оқудан бюджет есебінен тегін оқуға көшуі тиіс болған. «Біз, ҚазҰМУ студенттері, ин­терн-дәрігерлері грантқа көшу туралы бұйрықты 3 айдан бері күтіп отырмыз. Бізге биыл жыл басында ауысасыңдар деген. Межеленген мерзім келді. Енді оқу ақысын төлеу мәселесі алаңдатуда. Біраз сома қордаланып қалды, оны төлеу қиын­ға түседі. Біз грантқа қол жеткізу үшін күрделі тест тап­сырдық, сол сынақтан өте алған­дардың тізімі шыққанда өз аты-жөнімізді тауып, қатты қуандық. Бірақ ол арманымыз орындалуы үшін министрдің бұйрығы қажет екен. Оның қабылдануы созбалаңға салынды» деп назаланды жас дәрігерлер. Ақыры студенттер күткен бос гранттар тек мамырда ғана тиген. «2020-2021 оқу жылының қысқы емтихан сессиясының қорытын­дылары бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу процесінде босаған білім беру гранттары иегерлерінің тізімі рес­публикалық конкурстық комис­сияның шешімі негізінде Білім және ғылым министрлігінің 2021 жылғы 20 сәуірдегі №172 бұйры­ғымен бекітілді» деп түсініктеме берді Білім және ғылым министрі. Тиісінше, жаңа грант ие­гер­лерінің оқуын бюджеттен қар­жыландыру да дәл осы бұйрық бе­кітілген мерзімнен бастап жүр­гізіледі. Құжаттың кешігуі ата-аналарды қапаландырды: тілдей қағазға бола оларға жүздеген мың теңге қосымша шығын шығаруға тура келген. «Менің балам Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің 1-курс студенті. Ол ақылы негізде оқуға түскен. Былтыр сынақ тапсырып, қысқы емтихан сес­сиясының қорытындылары бойын­ша босаған білім беру грантына ілікті. Министрдің бұйрығы біраз кеш, тек биылғы сәуірдің соңында шығыпты. Сондықтан университет бізден 2021 жылдың қаңтар айынан сәуірдің 20-на дейінгі оқу ақысын төлеуімізді талап етуде. Ал балалар қысқы сессия нәтижесі бойынша 2-семестрден бастап грантқа өтуі керек еді. Сонымен бірге грантқа ауысқан балаларға қаншама айдағы стипендиясы төленбей қалды» деп реніш білдірді Руслан Қ. Ата-аналар жыл қорытын­ды­сында босап қалған грант бола тұра неге бұйрық ең болмағанда 1 ақ­паннан бастап шықпағанына таң. Жалғыз ЕҰУ емес, барлық универ­ситеттердегі жағдай осы.

Грант бөлуде сан емес, сапа маңызды

Елордалық Жоғары көлік және коммуникация колледжінің ди­ректоры, саяси ғылымдардың док­торы, Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары дирек­торлар кеңесінің төрағасы Зулфухар Ғайы­пов бұл жерде жоғары оқу орын­дарына және кол­ледждерге арналған гранттардың аражігін ашып алған жөн екенін айтады. Қосымша грант­­тар уни­верси­тет­терге бөлінуде. –Жастарды оқытуға арналған грант санының көп болғаны дұрыс. Өйткені кез келген ата-ана бала­сының білімді маман болғанын қа­лайды. Ал мұны ақылы оқу ар­қылы жүзеге асыру қиын. Оқу ақысы көтеріліп кетті. Сондықтан ҰБТ болған сайын ата-ана тақымын қысып, уайымдап отырады. Грантқа ие болу – әрбір баланың өміріндегі биік белес әрі оның ата-анасының қуанышы. Демек, грант саны кө­бейген сайын шабыттанған жас ұрпақ өкілі мен бақытты ата-ана саны да өседі, – дейді Зулфухар Сұлтанұлы. Бірқатар сарапшы грант са­нының мыңдап артуы, оқудың жаппай тегін етілуі ақыр соңын­да білім сапасын түсіруі мүмкін деп қауіптенеді. Осы орайда З.Ғайы­пов тағы бір мәселеге назар ау­дартты: «Грант санын көбейткенде оны беталды таратпай, нақты қандай мамандықтар бойынша кадр даяр­лауды ұлғайту керегіне мониторинг жасаған жөн. Бұл үшін Білім және ғылым, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрліктері ара­сындағы ведомствоаралық ко­мис­сия нарықта қандай мамандарға сұраныс көп болатынына болжам жасайтын. Бұл жұмыс күшейтілсе игі. Грант саны 5-10 жылға арналған осындай болжамдар негізінде арттырылуы керек. Кейінгі кезде грант саны ұдайы өсіріліп келеді. Әйтсе де, елімізге ең қажетті ма­ман­дар жетіспеушілігі әлі өзекті болып отыр», – дейді сарапшы. Сонда жаңа гранттарды қай бағыттарда көбірек бөлген дұрыс? З.Ғайыповтың байламынша, құ­рылыс, қайта өңдеу, ауыл шаруа­шылығы салалары білікті маман­дарға зәру. Қазақ елі ежелден аг­рарлық ел болған және солай болып қалады. Ендеше егін, мал шаруа­шылығы, ветеринария салалары бойынша маман даярлау өзектілігін ешқашан жоймайды. Бұған қоса, былтырдан бері жаһанды жайлаған пандемия медициналық білікті кадрларды көбірек даярлауды өзекті ете түсті. Экономика, басқару, ме­неджмент мамандарын даярлау да маңызды. Ескерер жайт, ауыл жастарын мемгрантпен оқытып, кейін ауыл-аймаққа қайтару мәселесі жете ше­шілмей келеді. Жезқазған қа­ласы білім бөлімінің және Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті Гуманитарлық-педагогтік инсти­тутының ресми мәліметінше, осы қалада мысалы, педагог маман­ды­ғын таңдайтын талапкер саны жыл сайын азайып барады. Сал­дарынан білім беру ұйымдарында педагог кадрлардың тапшылығы байқа­луда. Осы мәсе­ленің бір ше­шімі ретінде атал­ған институт пе­даго­гикалық маман­дық­тарға жер­гілікті бюджет есе­бінен білім гран­тын бөлуді сұрап келеді екен. Қа­ра­ғанды об­лысы әкімінің орын­ба­са­ры Абзал Нү­ке­нов бұл мәселе шешіледі деген сенімде. «Бұл өзекті мәселе. Жыл сайын жергілікті бюджет есебінен де білім беру гранты бөлінеді. Білім заң­намасына өзгерістер енгізіліп, педа­гогикалық мамандықтардың шекті балы биыл 75 балға дейін көтерілді. Талапкерлер ең алдымен мемле­кеттік грантқа тапсырады. Егер мем­­лекеттік грантқа өтпей қал­са, ондай үміткерлер жергілікті бюд­жеттен берілетін гранттар бойын­ша конкурсқа қатысады. Биыл жалпы саны 20 грант бөлінді», – дейді облыс әкімінің орынбасары. Қалай болғанда да, грантқа қа­тысты мәселе көп. Оларды мемлекет кешенді шешкені жөн. ЖОО-лар жалғыз БҒМ-ге ғана емес, сондай-ақ өз саласы бойынша Мәдениет және спорт, Ауыл шаруашылығы, Денсаулық сақтау, Төтенше жағдай, Ішкі істер, Қорғаныс министр­лік­теріне де қарайды. Олай болса, елді жан-жақты түрде білікті кадр­мен қамту үшін Үкімет мүше­лері бірлесе қимылдағаны жөн. Оны бір ведом­ствоаралық орган үйлестірсе, құба-құп.

Елдос СЕНБАЙ