Елбасының 2017 жылы 12 сәуірде жарық көрген «Жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік мол
Бүгінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша өңірлерде жобалық кеңселер ашылып, тыңғылықты жұмыс істеп келеді. Соның бірі – Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар ісі жөніндегі басқармасына қарасты «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі. Кеңсе басшысы Зәуре Оралбаева «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғамды шоғырландыруға, зиялы қауым мен жастарды, барлық ұлт өкілдерін Елбасы жариялаған жарқын идеяның айналасына біріктіруге мүмкіндік беретінін айтады. Бағдарлама азаматтық қоғам өкілдері мен жастардың белсенді түрде атсалысуымен жүзеге асады. «Биыл осынау бағдарлама аясында ұйымдастырылған шара қалалық жасөспірімдер кітапханасында «Бір ел – бір кітап-2021» республикалық акциясы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына – 30 кітап» рухани-мәдени акциясы аясында басталды. Жоба аясында поэзия жанры бойынша М.Мақатаевтың «Өмірдастан», Ж.Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным», Ұ.Есдәулеттің «Киіз кітап», С.Ақсұңқарұлының «Көкейімде Күлтегіннің жазуы», Т.Таңжарықтың «Түн парақтары», Б.Қанапияновтың «Достояние души» жинақтары таңдалған», – дейді жобалық кеңсе басшысы. Бұдан бөлек, депутаттарды сайлау күні Шымкент қаласындағы 312 сайлау учаскесінде алғашқы дауыс берген бірінші сайлаушыларға ұлы ақын Абай Құнанбайұлының қара сөздері жазылған кітапты сыйға беруі де бағдарлама аясында жүзеге асқан. Зәуре Оралбаева «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасының тұсаукесер рәсімінің жөн-жосығы туралы ТВ жобаның түсірілгенін жеткізді. Орталықта ұмытыла бастаған сыбаға сақтау әдісін дәстүрге сай үлгіде көрсетіп, жаңғырту мақсатында «Сақталушы еді сыбаға...» этнотанымдық іс-шара өткен. Шара Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында халқымыздың «Ерулік», «Сыбаға беру кәдесін» ел арасында кеңінен насихаттауды мақсат еткен. «Жарасымды дәстүріміздің бірі, құрметті адамға, сыйлы қонаққа, жақын-жуыққа немесе жырақта жүрген үй-ішінің бір мүшесіне арнайы сақталған тиесілі кәделі мүше ұсынылатын дәстүр – «сыбаға». Яғни, халқымыздың бір-бірін сыйлағанын білдіретін дәстүрдің бірі. Жиын-тойға келе алмай қалған қадірлі қонақтарына, жақын туыстарына немесе соғым сойғанда арнайы жақындарына бөлінген мүшелерді «сыбаға» дейді. Дәстүрлі ортада түрлі жұмысқа жәрдемдесіп, қол ұшын бергендерге ұсынылатын сый-кәделер де сыбаға деп аталады», – дейді жобалық кеңес басшысы.Сыры терең әшекей
Көрме орталығында ұйымдастырылған «Зергерлік бұйымдар-2021» атты көрме-жәрмеңкесіне Шымкент қаласы зергерлерінің алтын, күміс бұйымдарымен қатар, Тараз және Алматы қаласының да зергерлерінің қолынан шыққан әшекей бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Үш күнге созылған көрме-жәрмеңкеде қала қонақтары мен тұрғындары «Ұлы даланың жеті қырында» айтылғандай «Ежелгі металлургия», «Қазақтың әшекейлерінің сыры терең» деген тақырыптарда тың мағлұматқа қанықты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Киелі жерлер географиясы» жобасына енген Сайрам тұрғын алабындағы жалпыұлттық маңызға ие Қызыр мұнарасы бүгінде қараусыз күй кешіп отыр. Мұнараның айналасы қоршалғанымен, туризм саласының мамандары орнатқан QR коды бар тақтайша қиратылып, мұнараның маңайындағы консервацияланған жерлер де бұзыла бастаған. Мұнара аумағында тазалық күні аталып өтіп, бұл орынды бақылау Ю.Сареми атындағы №107 мектеп-лицейінің ұжымына бекітілген.Жылқы шаруашылығы Ұлы даладан тараған
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының бір бағытында атқа міну мәдениеті айтылғаны белгілі. Онда жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны атап көрсетіледі. Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы Ońtústik телеарнасымен бірлесе отырып, Төлеби ауданы Кеңесарық елді мекенінде саятшылық, құсбегілік өнерін насихаттау мақсатында «Салбурын мереке ғой саятшыға...» атты телевизиялық бағдарлама түсірілімін өткізді. «Саятшылық, құсбегілік өнердің қазақ даласында ерте кезеңнен бері қалыптасып, дамығаны белгілі. Бүгінде осы ұлттық саятшылық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, бабадан қалған бағзы өнерді жалғап жүрген, оңтүстік өңіріне белгілі құсбегі Жомарт Кеуеновтің біркүндік табиғатпен үндескен сәттері бейнефильмге арқау болған. Бейнефильмде оның құсбегілік өнерге келу жолы, бұл кәсіптің қыр-сыры, бүркіт баптау мен құмай тазыларды аңшылыққа баулу, аңға салу жолдары көрсетілген. Сондай-ақ дәстүрді ұлықтап жүретін Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы «Жаңғыру бастауыштан басталады» тақырыбында ұйымдастырған дәрісте бастауыш сынып мұғалімдерімен пікір алмасу өтіп, ұлттың жаңғыруы кезеңіне өткен бағдарламаның арнайы жобаларын бастауыш сынып сабақтарына, негізгі пәндеріне енгізу барысы сөз болған. «Рухы мықты, білімі терең, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны да, рөлі де басым. Бұл бағдарлама ұлттық сипатта, бірақ жеке тұлғалық деңгейде іске асады. Яғни, қоғамдық сана, жеке тұлғалық сананың өзгеруі негізінде жүзеге асады. Олай болса, ұрпақ тәрбиелеу, азамат өсіру, білім беру жұмысымен қатар жүреді. Сол себепті рухани жаңғырудың басты тірегі – ұстаздар. ZOOM желісі арқылы өткен кездесуде бағдарлама аясында қолға алынған жобалар жіті түсіндіріліп, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының мәнісі жіктелді. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының прагматизм, бәсекеге қабілеттілік, сананың ашықтығы бағыттарын санаға сіңіру балабақшадан, бастауыштан қолға алынып, этика және эстетика негіздері, «Туған елім – Қазақстан», «Кітап оқуға құштар мектеп», «Экологиялық ағарту», «Ұлттық тәрбие» жобасы бойынша жұмыс жүргізу жолдарына тоқталдық», – дейді «Рухани жаңғыру» кеңсесінің жетекшісі.Ұмытылған дәстүрлер дәріптелуде
Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында жастар арасында «Алтыбақан» ойын-сауық кешін ұйымдастырды. Өнерпаздар дәстүрлі әндерді нақышына келтіре шырқап, жастар «Арқан тартыс», «Ақшамшық» секілді қазақ халқының ұлттық ойындарын көрерменге ұсынды. Кеште уақыт ағымына сай ұмытылып бара жатқан «Ұйқыашар» мен «Селт еткізер» дәстүрі дәріптелді. «Тәуелсіздік – өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу маңызды. Осыған орай еліміздің қыр-сырын зерделей келе, Елбасымыздың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде жүзеге аса бастаған «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобалары тарих пен жер арасындағы ықпалдастыққа назар аудартты. 2018 жылы Елбасымыздың қаламынан туған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ниеті дұрыс әрбір қазақстандықты мақтаныш сезіміне бөледі, ел мен жердің өткені, тағдыры, келешегі жайлы қалың ойға жетеледі. Осы орайда кітапханада «Ұлы дала – ұлттық тарих тірегі» тақырыбында кітап көрмесі ұйымдастырылды», – дейді Зәуре Оралбаева. М.Әуезов атындағы ОҚУ басшылығы мен «Рухани жаңғыру» және Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында «Шымкент: мыңжылдықтар тарихы және қазіргі заман» атты апталық форумы болып өтті. Үшінші мегаполистегі ескі қалашық аумағында «Рухани жаңғыру» бағытында қолға алынған Shymqala этноауылы ашылып, жұмысын бастады. Иә, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз, әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болып қала бермек.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы