WhatsApp мессенджерінде «Хабар» телеарнасының жаңалықтар шығарылымынан үзінді таратылуда. Жүргізушілер 20 және 21 маусымда елде карантиндік шаралар күшейтіледі, ірі сауда үйлерінің жұмысына және қалалық көлік қозғалысына тыйым салынады деп мәлімдейді.
Шын мәнінде, бұл сюжет өткен жазда – 2020 жылы 18 маусымда жарық көрді, - деп хабарлады stopfake.kz.
Роликте айтылған ақпарат бүгінде өзекті емес. Елдегі эпидемиологиялық жағдай жақсарып келе жатқандықтан, алдағы уақытта карантиндік шараларды қатаңдату жоспарланбаған.
«Қазақстандағы жағдай тұрақты және бүгінгі күні карантиндік шараларды қатаңдату мәселелері көтерілген жоқ», – деп хабарлады Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.
Қазіргі кезде КВИ сырқаттанушылық деңгейі бойынша Нұр-Сұлтан қаласы ғана «қызыл аймақта» тұр. Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары «сары» аймақта. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта орналасқан.