Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің қатысуымен «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбы аясында брифинг өтті.
Аймақ басшысы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен бұрын, коронавирус бойынша өңірдегі эпидемиологиялық жағдаймен таныстырды. Қазіргі күні әлем бойынша маңызды мәселе де осы екені даусыз.
«Тұтастай алғанда, аймақта жағдай тұрақты. 26 мамырдан бастап облысымыз "сары" аймақта. Ақпаннан бері өңірге 111 200 доза вакцина жеткізілді. Бүгінде 69 304 адам вакцинаның I компонентін, 27 569 адам II компонентін алды. Өңірімізде қазіргі кезде 385 субъект «Ashyq» қосымшасын енгізіп, QR-кодпен жұмыс істеуде» – деген аймақ басшысы М. Досмұхамбетов 2021 жылдың 5 айында мемлекеттік бюджетке 559 млрд. теңге, оның ішінде, республикалық бюджетке 384 млрд. теңге салық аударылып, Ұлттық қорға 357 млрд. теңге түскенін мәлімдеді.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар, аймақ экологиясының проблемалары, Жайық өзені, буланы алаңы, көгалдандыру мәселелері айтылған брифингте журналистер тарапынан сауалдар көп қойылды. Сауалдар негізі экология, жолқұрылысы, білім сапасы, апатты және үш ауысымдық мектептер, денсаулық және азық-түлік мәселелерін қамтыды.
Біз де аймақ басшысына «Атырау елімізде азық-түлік бағасы ең қымбат облыстардың бірі екенін білеміз. Азық-түліктің бәрін сырттан тасымалдау арқылы бұл мәселеден құтылу қиын. Жергілікті билік бағаны тұрақтандыруға қатысты қандай жұмыстар істеп жатыр? Шикізаттық салаға басымдық беріп, ауыл шаруашылық саласын ұмытып кеткен жоқсыздар ма?» - деген сауал жолдаған болатынбыз.
Аймақ басшысы М.Досмұхамбетов: Өңірдің күрделі климаттық жағдайына қарамастан, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөліп келеміз. Бұл салада 26 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. 24,7 млрд. теңге мал шаруашылығында және 608,1 млн. теңге егін шаруашылығында. Тұщы су тапшылығына қарамастан, ірі қара мал басы 4 пайызға, жылқы 9,5 пайызға, түйе 3 пайызға, қой мен ешкі 2 пайызға көбейген. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді де қаржылай қолдау үшін жыл сайын қаражат бөлінуде. Биыл осы мақсатқа 3,1 млрд. теңге қарастырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тұрақты жұмыстар жасалуда. Өңірде 1 млрд. 100 млн. теңгенің үстінде тауарлық-қаржылық тұрақтандыру қоры қалыптастырылды. Соның шеңберінде 755 млн. теңге мөлшерінде айналым қоры құрылып, өңірдегі «Идеал» ірі сауда желісімен келісім жасалды. Соның арқасында аталған желінің 36 сауда нүктесінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 14 түрі нарықтан 10-15 пайыз төмен бағамен сатылуда. Шілде айында жергілікті егін шаруашылығы өз өнімдерін беріп, өңір тұрғындарының 100 пайыз болмаса да сұранысын қанағаттандыруға жетеді», - деп жауап берді.
Сайып келгенде, атыраулықтар шілде айынан бастап ет, картоп пен сәбіздің ғана емес, бау-бақша, егін мен жылыжайда өсірілген жеміс-жидектердің бағасын бақылап, өңір басшысының жауабының қаншалықты ақиқатқа негізделгенін біле алуына мүмкіндігі бар.