Республика бойынша Жолы болмаған жобалар
Тәуелсіздік жылдарында республика аумағын газдандыруға қатысты түрлі жоба болды. Бірақ солардың бәрі созбалаңға салынып, арты құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалды. Мәселен, Қарталы –Тобыл – Көкшетау – Астана бағытын қамтитын «Батыс – Орталық – Солтүстік» магистральді газ құбыры жобасы туралы әңгіме 2000 жылдары көтерілген. Бұл жоба республиканың солтүстік, орталық өңірлерін газбен жабдықтауы тиіс болатын. Үкімет отырыстарында оған әлденеше рет түзету де енгізілді. Газ «Газпром» компаниясынан тасымалдануы керек еді, дегенмен кейін жоба аяқсыз қалды. Елорданы газдандыру туралы 2012 жылдан айтылып келе жатқанмен, оған тек 2018 жылы ғана қозғау болды. Одан бөлек, 2014 жылы «Алтай» жобасын жүзеге асыру жөнінде әңгіме шыққан. Бұл да Ресейдің құбыры. Терістіктегі көрші «Алтай» магистральді газ құбыры арқылы Қытайға газ жөнелтпекші болды, бірақ жобаға Қазақстанның орта жолдан транзиттік ел ретінде қосыла кеткенін құп көрмесе керек, бұл бастаманың да аяғы сиырқұйымшақтанып кетті.«Сарыарқа» магистральді желісі
Ал қазіргі төрт кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатқан «Сарыарқа» жобасы Нұр-Сұлтан қаласы арқылы бес облыстың аумағын басып өтетін болды. Оған елордада 23 мың тұрғын үй, 200 жекеменшік, 48 коммуналдық жылу қазандығы, ЖЭС-1, ЖЭС-2 және ЖЭС-3 қосылады. Газ магистралі Қызылорда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық стансасынан шығады. Жобаның операторы «ҚазТранс Газ» АҚ есебінше, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығын қамтыды. Магистральді құбыр осы мерзім ішінде Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағыты аумағын басып өтіп, жалпы ұзындығы 1 081 шақырымға тартылды. Оның екінші кезеңінде 2022-2023 жылдарға аралығында Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетау 276 шақырым құбыр тартылуы тиіс. Үшінші кезеңде, 2024-2025 жылдары магистральді газ құбырының Көкшетау – Қызылжар бағытын қамтып, құбыр 177 шақырым жолды басып өтеді деп жоспарланған. Ал 2028-2031 жылдар ішінде жобаның төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкіндігін арттыратын компрессорлық стансалар салынады. [caption id="attachment_146031" align="alignnone" width="1134"] © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Сарыарқа» газ құбырын салу жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаевтың мәлімдеуінше, аталмыш газ құбыры толықтай іске қосылғанда 2,7 млн адамға көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қуаты жетеді екен. Сөйтіп, магистральді желі өтетін Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Нұр-Сұлтан– Көкшетау–Қызылжар бағытындағы жол бойындағы елді мекендерде бәріне газ жеткізіледі.Астанаға газ жетті, бірақ бағасы қымбат
Елорда тұрғындары былтырдан бастап газға ақырындап қосыла бастады. Бірінші кезең бойынша биыл халықтың 52,23 пайызын газбен қамту жоспарланған. Ал 2025 жылға дейін астананың 23 мың жер үйі мен 200-ге жуық жеке және 48 шағын коммуналдық қазандық көгілдір отынға толықтай көшуі тиіс. Қазір «Көктал-1», «Көктал-2», «Железнодорожный», «Өндіріс», «Агроқалашық» тұрғын үй алаптарының 5 мыңнан астам үйі газ жүйесіне қосылып үлгерді. Биылдың соңына дейін тағы 6 мың тұтынушыны газға қосу көзделген. Астананың шет аймақтарында 280 мыңдай халық бар. Газ ең бірінші осы шет аймақтарға келді. – Тұрғын үйлерге газ беру былтыр желтоқсан айының соңын ала басталғандықтан, адамдардың көпшілігі қысқа ерте бастан қамданып, көмірлерін алып қойды. Сондықтан былтырғы жылу беру маусымында олардың газ жүйесіне қосылуы сылбыр болды. Енді алдағы қыста газбен тұрғындардың көбі газға қосылады деген үміттеміз. Ал әкімдік тарапынан көмек ретінде әлеуметтік осал санаттағыларға үйлерін газға қостыру үшін 263 мың теңге беріледі. Ең алдымен біз соларды газбен жабдықтауға көңіл бөлеміз. Газдандыру ісі– елорда үшін жаңа әрі өте ауқымды шаруа, ол бір ғана басқарманың күшімен іске аспайды. Бұл шаруаға бәріміз жұмыла қолдау көрсетуіміз қажет, – дейді мәслихат хатшысы, «Nur Otan» партиясының мүшесі Ерлан Каналимов. Қазір қалада әлеуметтік жағдайы төмен 120 мыңдай адам тұрады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының төрағасы Батыр Котыревтың айтуынша, инженер маман ретінде газ жүйесіне қосылған пештерді тексерген, тұрғындармен кездесіп, әңгімелескен. Газ желісі заманауи жабдықтармен жабдықталған және жоғарғы деңгейде жергіліктендірілген. Автоматтандырылған, қашықтықтан диспетчерлендірілген, нысандар датчиктер арқылы бақыланады. Қазандықтан газ шығатын болса, клапан жабылып, газ жіберілмейді. Бұл оны жарылу апатынан сақтайды. Бірақ ол мердігер компаниялардың әрқайсысы бағаны өз қалауынша белгілейтініне наразы. Сондықтан бағаның бірдеңгейлес болуын қадағалау керек екенін айтады. Дегенмен жергілікті билік газдандыру басталғалы бері үйді газбен жылытуға көшіру бойынша әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек баласы бар және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру механизмдерін енгізді. Сонымен қатар газ тарифі о бастағы межеленген шамадан біршама арзандатылды: алғашында бір текше метр газ бағасы 60 теңгеден деп белгіленген, кейін 45 теңгеге түсіріп, ақыр соңы түпкілікті бағаны 34,6 теңге төмендетті. Сондай-ақ жекеменшік секторға газ есептегіш құралдары тегін берілетін болды. Алайда газ жеткізуші «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап тарифті өзгертуге ниетті. Қазірдің өзінде компания сотқа жүгініп, Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекіткен бағамен келіспейтінін білдірді. Демек, 1 қарашадан бастап газ бағасы өсіп кетуі әбден мүмкін. Әйтеуір, төмендемейтіні анық. Дегенмен газды пайдалана бастаған тұрғындар разы. – Бұрын қыстың бес айында үйді жылыту үшін 100 мың теңгеге көмір жағатынбыз, бүгінде газға әр ай сайын 20 мың теңге төлейміз. Бірақ көмірден бөлек, тағы газ плита үшін баллон сатып аламыз. Енді таңертең ерте тұрып пеш жағу, күл шығару машақатынан құтылдық, – деп қуанышын жасырмады «Көктал-2» алабы тұрғыны Сайран Нақыпова. Бірақ оның құзырлы органдарға айтатын арызы да бар екен. Газ қосатын мердігер компаниялардың бағасы әртүрлі. 120 шаршы метр үйді газға қосу үшін 500, 600, 700 мың теңге алуы мүмкін дейді. Олар әу баста тұтынушымен 250 мың теңге деп шарт жасасып алады да, кейін дабылқаққыш орнаттық, мұржа тарттық, кран қойдық деп тағы басқасын айтып, бәріне жеке-жеке ақша сұрайтын көрінеді. Тіпті, 2 қабатты коттедждердің иелерінен газға қосу үшін 1,5-2 млн теңгеге дейін сұрайды екен. Демек, елді газдандыру ісінде әлі де түйткіл көп деген сөз.P.S.
Әдетте тұрғын үйлер мен ірі кәсіпорындарды газға қосу экологияны жақсарта түседі. Әсіресе, ірі жылу электр стансаларының газ пайдалануының жөні бөлек. Өйткені олар қоршаған ортаны ластаушылар тізімінде алдыңғы орында тұратыны бар. Елордадағы үш жылу электр орталығының жылына жиынтығы 55,5 мың тонна зиянды қалдықтар шығарып, олардың қалдықтары қала ауасын ластаушы заттардың 40%-ын құрайтыны сөзімізге нақты дәлел. Бәлкім, таза қалада өмір сүру үшін газдың қымбаттығына да көнуіміз керек шығар.
Дәулет АСАУ