Елді газдандыру: күнгейі мен көлеңкесі
Елді газдандыру: күнгейі мен көлеңкесі

Республика бойынша Жолы болмаған жобалар

Тәуелсіздік жылдарында республика аумағын газдандыруға қатысты түрлі жоба болды. Бірақ солардың бәрі созбалаңға салынып, арты құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалды. Мәселен, Қарталы –Тобыл – Көкшетау  – Астана бағы­тын қамти­тын «Батыс – Орталық – Солтүстік» магис­тральді газ құ­бы­­ры жобасы туралы әңгіме 2000 жылдары көтерілген. Бұл жоба рес­пуб­ликаның солтүстік, орталық өңірлерін газбен жабдықтауы тиіс болатын. Үкімет отырыстарында оған әлденеше рет түзету де енгізілді. Газ «Газпром» компания­сы­нан тасымалдануы керек еді, дегенмен кейін жоба аяқсыз қалды. Елорданы газдандыру туралы 2012 жылдан айтылып келе жат­қанмен, оған тек 2018 жылы ғана қозғау болды. Одан бөлек, 2014 жылы «Алтай» жобасын жүзеге асыру жөнінде әңгіме шыққан. Бұл да Ресейдің құбыры. Терістіктегі көрші «Алтай» магистральді газ құбыры арқылы Қытайға газ жө­нелт­пекші болды, бірақ жобаға Қазақстанның орта жолдан тран­зиттік ел ретінде қосыла кеткенін құп көрмесе керек, бұл бастаманың да аяғы сиыр­құйымшақтанып кетті.

«Сарыарқа» магистральді желісі

Ал қазіргі төрт кезеңге бөлініп жүзеге асырылып жатқан «Сары­арқа» жобасы Нұр-Сұлтан қаласы арқылы бес облыстың аумағын басып өтетін болды. Оған елордада 23 мың тұрғын үй, 200 жекеменшік, 48 коммуналдық жылу қазандығы, ЖЭС-1, ЖЭС-2 және ЖЭС-3 қосылады. Газ магис­тралі Қызыл­орда облысындағы «Қараөзек» компрессорлық стан­сасынан шығады. Жобаның операторы «ҚазТранс Газ» АҚ есебінше, 1 кезең 2018-2020 жылдар аралығын қамтыды. Магистральді құбыр осы мерзім ішінде Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана бағыты аумағын басып өтіп, жалпы ұзындығы 1 081 шақырымға тар­тыл­ды. Оның екінші кезеңінде 2022-2023 жылдарға аралығында Нұр-Сұлтан қаласынан Көкшетау 276 шақырым құбыр тартылуы тиіс. Үшінші кезеңде, 2024-2025 жыл­дары магистральді газ құбырының Көкшетау – Қызылжар бағытын қамтып, құбыр 177 шақырым жолды басып өтеді деп жоспар­ланған. Ал 2028-2031 жылдар ішінде жобаның төртінші кезеңде Жезқазған, Теміртау қалаларында газ өткізу мүмкін­дігін арттыратын компрессорлық стан­салар салына­ды. [caption id="attachment_146031" align="alignnone" width="1134"]газдандыру © коллаж: Елдар Қаба[/caption] «Сарыарқа» газ құбырын салу жөніндегі орынбасары Данияр Берлібаевтың мәлім­деуінше, аталмыш газ құбыры толықтай іске қосылғанда 2,7 млн адамға көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қуаты жетеді екен. Сөйтіп, магистральді желі өтетін Қызылорда–Жезқаз­ған–Қарағанды–Теміртау–Нұр-Сұлтан– Көкшетау–Қызылжар бағытындағы жол бойындағы елді мекендерде бәріне газ жеткізіледі.

Астанаға газ жетті, бірақ бағасы қымбат

Елорда тұрғындары былтырдан бастап газға ақырындап қосыла бастады. Бірінші кезең бойынша биыл халықтың 52,23 пайызын газбен қамту жоспарланған. Ал 2025 жылға дейін астананың 23 мың жер үйі мен 200-ге жуық жеке және 48 шағын коммуналдық қазандық көгілдір отынға толықтай көшуі тиіс. Қазір «Көктал-1», «Көк­тал-2», «Железно­дорож­ный», «Өн­діріс», «Агроқала­шық» тұрғын үй алап­тарының 5 мыңнан астам үйі газ жүйесіне қосылып үлгерді. Биылдың соңына дейін тағы 6 мың тұтыну­шыны газға қосу көзделген. Астананың шет аймақтарында 280 мыңдай халық бар. Газ ең бірінші осы шет аймақтарға келді. – Тұрғын үйлерге газ беру былтыр желтоқсан айының соңын ала басталған­дықтан, адамдардың көпшілігі қысқа ерте бастан қамданып, көмірлерін алып қойды. Сондықтан былтырғы жылу беру мау­сымын­да олардың газ жүйесіне қосылуы сылбыр болды. Енді алдағы қыста газбен тұрғындардың көбі газға қосылады деген үміттеміз. Ал әкімдік тарапынан көмек ретінде әлеуметтік осал санаттағыларға үйлерін газға қостыру үшін 263 мың теңге беріледі. Ең алдымен біз соларды газбен жабдықтауға көңіл бөлеміз. Газдандыру ісі– елорда үшін жаңа әрі өте ауқымды шаруа, ол бір ғана басқарманың күшімен іске аспай­ды. Бұл шаруаға бәріміз жұмыла қолдау көрсетуіміз қажет, – дейді мәслихат хатшысы, «Nur Otan» пар­тия­сының мүшесі Ерлан Каналимов. Қазір қалада әлеуметтік жағдайы төмен 120 мыңдай адам тұрады. «Қазақстан темір жолы» ұлттық ком­паниясы» акционерлік қоғамының  «Nur Otan» бастауыш партия ұйымының төра­ғасы Батыр Котыревтың айтуынша, инже­нер маман ретінде газ жүйесіне қо­сылған пештерді тексерген, тұр­ғын­­дармен кез­десіп, әңгімелескен. Газ желісі заманауи жабдықтармен жабдықталған және жоға­рғы деңгейде жергіліктендірілген. Авто­маттандырылған, қашық­тықтан диспет­черлендірілген, нысандар датчиктер арқылы бақыланады. Қазандықтан газ шығатын болса, клапан жабылып, газ жіберілмейді. Бұл оны жарылу апатынан сақтайды. Бірақ ол мердігер ком­пания­лардың әрқай­сысы бағаны өз қалауынша белгі­лей­тініне наразы. Сондықтан ба­ға­ның бірдеңгейлес болуын қадағалау керек екенін айтады. Дегенмен жергілікті билік газдандыру басталғалы бері үйді газбен жылытуға көшіру бойынша әлеуметтік ахуалы төмен отбасы­ларға, зейнеткерлерге, мүгедектерге, мүгедек баласы бар және көпбалалы отбасыларға әлеуметтік көмек беру меха­низмдерін енгізді. Сонымен қатар газ тарифі о бастағы межеленген шамадан біршама арзандатылды: ал­ғашында бір текше метр газ бағасы 60 теңгеден деп белгіленген, кейін 45 теңгеге түсіріп, ақыр соңы түпкілікті бағаны 34,6 теңге төмендетті. Сондай-ақ жекеменшік секторға газ есептегіш құралдары тегін берілетін болды. Алайда газ жеткізуші «ҚазТрансГазАймақ» АҚ 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап тарифті өзгертуге ниетті. Қазірдің өзінде компания сотқа жүгініп, Табиғи монополияларды  реттеу комитеті бекіткен бағамен келіспейтінін білдірді. Демек, 1 қарашадан бастап газ бағасы өсіп кетуі әбден мүмкін. Әйтеуір, төмендемейтіні анық. Дегенмен газды пай­далана бастаған тұрғындар  разы. – Бұрын қыстың бес айында үйді жылыту үшін 100 мың теңгеге көмір жағатынбыз, бүгінде газға әр ай сайын 20 мың теңге төлейміз. Бірақ көмірден бөлек, тағы газ плита үшін баллон сатып аламыз. Енді таңертең ерте тұрып пеш жағу, күл шығару машақатынан құтыл­дық, – деп қуанышын жасырмады «Көктал-2» алабы тұрғыны Сайран Нақыпова. Бірақ оның құзырлы органдарға айтатын арызы да бар екен. Газ қосатын мердігер компаниялардың бағасы әртүрлі. 120 шаршы метр үйді газға қосу үшін 500, 600, 700 мың теңге алуы мүмкін дейді. Олар әу баста тұтынушымен 250 мың теңге деп шарт жасасып алады да, кейін дабыл­қаққыш орнаттық, мұржа тарттық, кран қойдық деп  тағы басқасын айтып, бәріне жеке-жеке ақша сұрайтын көрінеді. Тіпті, 2 қабатты коттедждердің иелерінен газға қосу үшін 1,5-2 млн теңгеге дейін сұрайды екен. Демек, елді газдандыру ісінде әлі де түйткіл көп деген сөз.

P.S.

Әдетте тұрғын үйлер мен ірі кәсіпорын­дарды газға қосу эко­логияны жақсарта түседі. Әсіресе, ірі жылу электр станса­ларының газ пайдалануының жөні бөлек. Өйткені олар  қоршаған ортаны ластаушылар  тізімінде  алдыңғы орында тұратыны бар. Елордадағы үш жылу электр орталығының жылына жиынтығы 55,5 мың тонна зиянды қалдықтар шы­ғарып, олардың қалдықтары қала ауасын ластаушы заттардың 40%-ын құрайтыны сөзімізге нақты дә­лел. Бәлкім, таза қалада өмір сүру үшін  газдың қым­баттығына да көнуі­міз керек шығар. 

Дәулет АСАУ