Шарықтаған баға: картоп, сәбіз, енді дәрі ме?
Шарықтаған баға: картоп, сәбіз, енді дәрі ме?
393
оқылды

Қазір ПАНДЕМИЯДАН БҰРЫН ДА ҚЫМБАТТАП КЕЛГЕН

Былтыр жаздағы оқиғаларды еш­кім әлі ұмыта қойған жоқ. Пан­демия бүйірден қысқанда жұрт жамырап, дәріхана жағалап кеткен еді. Дәрі тапшы болғаны бір төбе, әйтеуір ко­ронавирусқа қарсы қау­қары бар деген дәрі атаулы әдеттегі бағадан бірнеше есе қымбатқа саудаланды. Негізі, індет келмей тұрған уа­қыттардан-ақ, елімізде әр жыл сайын дәрі бағасы көтеріліп отыр­ған. Мәселен, 2018 жылы антибио­тиктер, витаминдер, жүрек-қан та­мырларына арналған препарат­тар және анальгетиктердің бағасы 10 пайызға артты. 2019 жылы жалпы дәрі-дәрмек 8,7 пайызға қымбат­таған. Ал өткен жылдың хәлі бар­шаға белгілі. Елімізде сатылатын пре­параттардың басым бөлігі шетел­­ден жеткізіледі. Сон­дықтан дәрі бағасына жол шығыны мен салық, өзге де пайыздар қо­сылады. Құнның тұрақсыз бо­луына отандық өндірістің ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмауы да әсер етіп тұр. 2019 жылы фармацевтикадағы отандық өн­діріс 23 пайызға артқаны мәлім болған. Бірақ ішкі сұранысты айтарлықтай өтей алмаған екенбіз. Мысалы, отандық өнімдер анти­био­тиктерге деген сұра­ныстың 12 пайы­зын, ал витаминдер мен про­витаминдерге деген сұра­ныстың бар болғаны 5 пайызын қамтамасыз еткен. Яғни, сала шетелдік компа­ния­лар шығаратын импорттық өнім­дерге тәуелді. Сол кездерде са­рап­шы мамандар ба­ғаның жақын арада төмендемей, тіпті қым­­бат­шылықтың жалғаса беретінін бол­жаған. Айтқандары айдай келген тә­різді. Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, өз нарығында бағаны қа­лыптастырудың түрлі әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойы­латын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгеріп отырады. Ал кей мемле­кеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі қатаң тексеруде. Мысалы, Түркияда дәрі құны жиі қадағаланатындықтан, әлем елдерімен салыстырғанда баға мүлдем төмен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармкомпаниялар Түр­кияға дәрі-дәрмектерін жөнел­туден түбегейлі бас тартқан кездер де болған. Ал Қазақстанда мем­лекеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің ба­ғасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұтынушы зардап шегеді.

БИЫЛ ДӘРІ ҚҰНЫ ӨСЕ МЕ?

«Баға көтерілмей ме?» деп алаң­дап отырғанымызда әуелі бір нәр­сені айтқымыз келеді. Биыл көк­тем­нің басында-ақ дәрі-дәр­мек қым­баттап үлгергені мәлім. Был­тырғыға қара­ғанда елімізде 30 пайызға көбірек препарат өндіріл­генін айтып жар салға­нымызбен, бағаға тұсау бол­мады. Наурызда йодтың 5% ерітін­дісі 31 пайызға дейін, этил спирті 30 пайызға дейін қымбаттаған екен. Energyprom-ның есептеуінше, не­гізгі дәрі-дәр­мек­тердің бағасы 10-15 пайызға дейін шарықтаған. Жалпы қаңтар-ақ­панда фармацевтикалық өнім­дер өндірісі 25 млрд теңгеден асыпты. Көктем бастала сала Мә­жі­ліс депу­таттары халықты қажетті пре­па­ратпен толық қамтамасыз ету үшін дәрінің шекті бағасын қайта қарау­ды ұсынған еді. Айт­пақшы, жыл басында Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой «Бәсеке­лестікті қорғау және да­мыту агент­тігімен бірлесіп жұ­мыс істегеннен кейін дәрілік пре­параттардың ба­ғасын 27 пайыз­ға дейін төмен­дет­тік» деп жария еткен. Алайда мына жақта баға көтеріліп жатқанда кімге сене­рімізді біл­мейміз. Дәріханалар сө­ресінде тұр­ған дәрі құны мен ми­нистрдің алға тартқан дерегі бір-біріне мүлде ұқ­самайтындай. Жаз басталысымен шенділер былтырғыдай тапшылық бол­майды әрі дәрі-дәрмек бағасы да қымбат­­тамайды деп уәде бере бас­тады. Жуырда дәрі құнына қатысты есеп берген Медициналық және фарма­цевтикалық бақылау коми­теті де­пар­таментінің бас­шысы Нұрлыбек Асылбековтің ай­туынша, биыл жағ­дай толық ба­қылауда екен. – Баға көтерген жайт тіркелген жоқ. COVID-19-ды емдеу хатта­масында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және баға­ның көтерілуіне бай­ланысты ков­идке қарсы пре­па­раттардың баға­сын төмендету туралы шешім қа­был­данды. Өткен жылдың соңын­да нормативтік-құқықтық актілер қа­былданды, шекті бағалар реттеу­дің ерекше тәртібімен төмендетілді. Үстеме бағалар екі есе төмендетілді. Ден­саулық сақтау жүйесінде қол­даныстағы денсаулық туралы ко­декске сәйкес, жылына екі рет шек­ті бағалар бекітіледі. Келесі ай­дың ішінде жаңалары бекітіледі деп ойлаймын, – деген ол.

БАҒАСЫ РЕТТЕЛЕТІН ДӘРІЛЕР САНЫ АЗАЙДЫ

Асылбековтің сөзіне қарап, дәрі-дәрмек бағасы үнемі қатаң бақыланып жатқандай әсер алдық. Қазір елімізде 7 мыңнан астам дәрі тіркелген. Баға көрсеткіші бойын­ша реттелетін 370 препараттың бастап­қы тізімі 160 атауға дейін қысқар­тылыпты. Былтырғы дау­дан кейін ес жиғандай болған «СҚ-Фармация» да барлығын қадағалап отырғанын айтып, жиі-жиі жар салып жүр. Көк­­тем басындағы баға өскенін есеп­ке алмай қоя тұрсақ, алдағы уақытта «барлығын бақы­лап отыр­мыз» деген шенділердің сөзіне сенуге бола ма? Сенгіміз келеді, дегенмен экономистер қымбат­шылықтың барлығын айна­лып өт­пейтінін айтып отыр. Экономист-сарапшы Мақсат Серәлі негізгі бір факторды алға тартады. «Барлық тауардың қым­баттауына Ұлттық банктің 5 трил­лион ақшаны айна­­­лымға шығар­ғаны әсер етті. Айна­лымға артық ақша шықса, ақша құнсыз­данбай қоймайды. Қазір барлық өнімге мүмкіндігінше шекті баға қойды. Бірақ зат қымбатқа келеді. Белгілі бір тауар 450 теңгеге келсе, Үкімет оны 300 теңгеге сат деп айта ал­майды», – дейді ол. Жаман айтқымыз келмейді, әйтсе де осы қымбатшылық дәрі-дәрмек бағасын айналып өте қоя­рына сене алмаймыз. Жалпы, Ден­­саулық сақтау саласы мемлекет қо­рынан мол қаржы алып келеді. Пандемия кезеңінде ол қаражат еселенді. Алайда бұл салаға бөлін­ген қаржының қайтарымы болмай отыр десек, ағат кеткеніміз болмас. Әлі күнге дейін сапалы меди­циналық қызметке қолы жетпей жүргендер бар. Егер дәрі бағасы кезекті рет өссе, бұл салаға деген халықтың сенімі одан әрі төмен­дейтіні хақ.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ