Шарықтаған баға: картоп, сәбіз, енді дәрі ме?

aikyn.kz

Қазір азық-түлік пен құрылыс материалдарының қымбаттауы қоғамды алаңдатып отырғаны анық. Кез келген қымбатшылық халыққа қажет басқа да заттардың құнына әсер етпей қоймасына етіміз үйренген. Сондықтан қымбатшылық десе, секем алар жөніміз бар. Осы тұста біз дәрі-дәрмек бағасына көз жүгіртіп, алдын ала алаңдай бастадық. Пандемия басталған тұста құнына құн қосып, біраз қымбаттаған дәрі-дәрмектің бағасы бұл жолы ауытқымай, тұрақтанып қалатынына сену қиын. Ал сала мамандары нендей болжам айтады?

ПАНДЕМИЯДАН БҰРЫН ДА ҚЫМБАТТАП КЕЛГЕН

Былтыр жаздағы оқиғаларды еш­кім әлі ұмыта қойған жоқ. Пан­демия бүйірден қысқанда жұрт жамырап, дәріхана жағалап кеткен еді. Дәрі тапшы болғаны бір төбе, әйтеуір ко­ронавирусқа қарсы қау­қары бар деген дәрі атаулы әдеттегі бағадан бірнеше есе қымбатқа саудаланды.

Негізі, індет келмей тұрған уа­қыттардан-ақ, елімізде әр жыл сайын дәрі бағасы көтеріліп отыр­ған. Мәселен, 2018 жылы антибио­тиктер, витаминдер, жүрек-қан та­мырларына арналған препарат­тар және анальгетиктердің бағасы 10 пайызға артты. 2019 жылы жалпы дәрі-дәрмек 8,7 пайызға қымбат­таған. Ал өткен жылдың хәлі бар­шаға белгілі. Елімізде сатылатын пре­параттардың басым бөлігі шетел­­ден жеткізіледі. Сон­дықтан дәрі бағасына жол шығыны мен салық, өзге де пайыздар қо­сылады. Құнның тұрақсыз бо­луына отандық өндірістің ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмауы да әсер етіп тұр. 2019 жылы фармацевтикадағы отандық өн­діріс 23 пайызға артқаны мәлім болған. Бірақ ішкі сұранысты айтарлықтай өтей алмаған екенбіз. Мысалы, отандық өнімдер анти­био­тиктерге деген сұра­ныстың 12 пайы­зын, ал витаминдер мен про­витаминдерге деген сұра­ныстың бар болғаны 5 пайызын қамтамасыз еткен. Яғни, сала шетелдік компа­ния­лар шығаратын импорттық өнім­дерге тәуелді. Сол кездерде са­рап­шы мамандар ба­ғаның жақын арада төмендемей, тіпті қым­­бат­шылықтың жалғаса беретінін бол­жаған. Айтқандары айдай келген тә­різді.

Дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенсек, өз нарығында бағаны қа­лыптастырудың түрлі әдістері бар. Ел экономикасы үшін маңызды тауар мен қызмет түрлеріне нақты баға қойылып, қатаң бақыланады. Өнімге қойы­латын талапта тауар құны әрі кеткенде 30 пайызға дейін өзгеріп отырады. Ал кей мемле­кеттерде дәрі-дәрмек бағасы үнемі қатаң тексеруде. Мысалы, Түркияда дәрі құны жиі қадағаланатындықтан, әлем елдерімен салыстырғанда баға мүлдем төмен. Нәтижесінде, кейбір әлемдік фармкомпаниялар Түр­кияға дәрі-дәрмектерін жөнел­туден түбегейлі бас тартқан кездер де болған. Ал Қазақстанда мем­лекеттік тапсырыстан тыс сатып алынатын дәрі-дәрмектердің ба­ғасына қандай да бір реттеудің болмауы салдарынан тұтынушы зардап шегеді.

БИЫЛ ДӘРІ ҚҰНЫ ӨСЕ МЕ?

«Баға көтерілмей ме?» деп алаң­дап отырғанымызда әуелі бір нәр­сені айтқымыз келеді. Биыл көк­тем­нің басында-ақ дәрі-дәр­мек қым­баттап үлгергені мәлім. Был­тырғыға қара­ғанда елімізде 30 пайызға көбірек препарат өндіріл­генін айтып жар салға­нымызбен, бағаға тұсау бол­мады. Наурызда йодтың 5% ерітін­дісі 31 пайызға дейін, этил спирті 30 пайызға дейін қымбаттаған екен. Energyprom-ның есептеуінше, не­гізгі дәрі-дәр­мек­тердің бағасы 10-15 пайызға дейін шарықтаған. Жалпы қаңтар-ақ­панда фармацевтикалық өнім­дер өндірісі 25 млрд теңгеден асыпты. Көктем бастала сала Мә­жі­ліс депу­таттары халықты қажетті пре­па­ратпен толық қамтамасыз ету үшін дәрінің шекті бағасын қайта қарау­ды ұсынған еді. Айт­пақшы, жыл басында Ден­саулық сақтау министрі Алексей Цой «Бәсеке­лестікті қорғау және да­мыту агент­тігімен бірлесіп жұ­мыс істегеннен кейін дәрілік пре­параттардың ба­ғасын 27 пайыз­ға дейін төмен­дет­тік» деп жария еткен. Алайда мына жақта баға көтеріліп жатқанда кімге сене­рімізді біл­мейміз. Дәріханалар сө­ресінде тұр­ған дәрі құны мен ми­нистрдің алға тартқан дерегі бір-біріне мүлде ұқ­самайтындай.

Жаз басталысымен шенділер былтырғыдай тапшылық бол­майды әрі дәрі-дәрмек бағасы да қымбат­­тамайды деп уәде бере бас­тады. Жуырда дәрі құнына қатысты есеп берген Медициналық және фарма­цевтикалық бақылау коми­теті де­пар­таментінің бас­шысы Нұрлыбек Асылбековтің ай­туынша, биыл жағ­дай толық ба­қылауда екен.

– Баға көтерген жайт тіркелген жоқ. COVID-19-ды емдеу хатта­масында ұсынылған дәрі-дәрмек дәріханаларда бар, шағымдар жоқ, баға диапазонына және сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Бізде болған жағдайға және баға­ның көтерілуіне бай­ланысты ков­идке қарсы пре­па­раттардың баға­сын төмендету туралы шешім қа­был­данды. Өткен жылдың соңын­да нормативтік-құқықтық актілер қа­былданды, шекті бағалар реттеу­дің ерекше тәртібімен төмендетілді. Үстеме бағалар екі есе төмендетілді. Ден­саулық сақтау жүйесінде қол­даныстағы денсаулық туралы ко­декске сәйкес, жылына екі рет шек­ті бағалар бекітіледі. Келесі ай­дың ішінде жаңалары бекітіледі деп ойлаймын, – деген ол.

БАҒАСЫ РЕТТЕЛЕТІН ДӘРІЛЕР САНЫ АЗАЙДЫ

Асылбековтің сөзіне қарап, дәрі-дәрмек бағасы үнемі қатаң бақыланып жатқандай әсер алдық. Қазір елімізде 7 мыңнан астам дәрі тіркелген. Баға көрсеткіші бойын­ша реттелетін 370 препараттың бастап­қы тізімі 160 атауға дейін қысқар­тылыпты. Былтырғы дау­дан кейін ес жиғандай болған «СҚ-Фармация» да барлығын қадағалап отырғанын айтып, жиі-жиі жар салып жүр. Көк­­тем басындағы баға өскенін есеп­ке алмай қоя тұрсақ, алдағы уақытта «барлығын бақы­лап отыр­мыз» деген шенділердің сөзіне сенуге бола ма? Сенгіміз келеді, дегенмен экономистер қымбат­шылықтың барлығын айна­лып өт­пейтінін айтып отыр. Экономист-сарапшы Мақсат Серәлі негізгі бір факторды алға тартады. «Барлық тауардың қым­баттауына Ұлттық банктің 5 трил­лион ақшаны айна­­­лымға шығар­ғаны әсер етті. Айна­лымға артық ақша шықса, ақша құнсыз­данбай қоймайды. Қазір барлық өнімге мүмкіндігінше шекті баға қойды. Бірақ зат қымбатқа келеді. Белгілі бір тауар 450 теңгеге келсе, Үкімет оны 300 теңгеге сат деп айта ал­майды», – дейді ол.

Жаман айтқымыз келмейді, әйтсе де осы қымбатшылық дәрі-дәрмек бағасын айналып өте қоя­рына сене алмаймыз. Жалпы, Ден­­саулық сақтау саласы мемлекет қо­рынан мол қаржы алып келеді. Пандемия кезеңінде ол қаражат еселенді. Алайда бұл салаға бөлін­ген қаржының қайтарымы болмай отыр десек, ағат кеткеніміз болмас. Әлі күнге дейін сапалы меди­циналық қызметке қолы жетпей жүргендер бар. Егер дәрі бағасы кезекті рет өссе, бұл салаға деген халықтың сенімі одан әрі төмен­дейтіні хақ.

мадиярМадияр ТӨЛЕУ

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.