Кім кінәлі: табиғат па, әкімдік пе?
Кім кінәлі: табиғат па, әкімдік пе?
142
оқылды

ҚҰТ ҚОНҒАН ӨҢІРГЕ «ЖҰТ» КЕЛДІ МЕ?

Жоғарыда айтқан 500-ге жуық малға тіркеуге алынбаған түліктің өлім-жітімін қоссақ, бұл цифрды тіпті еселей түсуі мүмкін. Өйткені биыл Қызылқұм мен Қарақұм қойнауындағы малдың да күйі мәз болмай тұр. Қазір қуаңшылыққа ұрынған шаруа­ның бірқатары қолдағы малын түгел қырып алмаудың қамы мен сатудың амалына көшіп отыр. Олардың қата­рында Арал ауданына қарасты Құланды, Беларан, Мергенсай ауыл­дары­ның тұрғындары бар. Жергілікті жұрт жылқы, сиыр және қой түлі­гін қазіргі нарықтан төмен ұсы­нуға мәжбүр. Аналы­ғын сақтап қаламын деген мақсатта ерте туған құлынын 40-50 мың теңгеден, құлынды биелерін 200-250 мың теңгеден сатып жатыр. Оны сатып алатын адамдар 20-30 мың теңгенің жем-шөбін апарып, үш-төрт күн жылқыны бағып, содан кейін тиеп алып кететінін айтады тұрғындар. Күнкөрісіне айналған төрт түлігі түгел қырылып жатқан қарапайым шаруа­лардың шығыны мемлекет тара­пынан өтелмейтіні де айтылды. Билік болары болып, бояуы сіңгеннен кейін тірі қалған түлікке азық жинап беруге ғана уәдесін үйіп-төгіп отыр. Шаруа­лардың басына түскен күнді өз пайда­сына асырғысы келетін алыпсатарлар мал азығының бағасын күрт көтеріп жіберген. Қазір Аралға жоңышқа көрші аудандардан тасымалданып жатыр. Алайда мың құбылған бағаға тұрғындар наразылық танытып жатыр.

ДЕПУТАТ АЙТТЫ. АЛ ҮКІМЕТ ҮНСІЗ...

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин қуаңшылық болған өңірлердегі күрделі жағдайға байланысты Үкіметке депу­таттық сауал жолдады. «Маңғыстау мен Қызылорда облыс­тарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі  төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғын­дар аса ауыр жағдайда. Елдегі су тапшылығы мен қуаңшылық жайы­лым­дық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығы­нына әкелді. 2020 жылы Маңғыстау облысында 4 883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қорытын­дысы бойынша 1 332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал облыстағы малдың 56%-ын құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз», – дейді Е.Жаңбыршин Үкімет басшысының орынбасары  Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалын­да. Сөзін қорытындылай келе Еділ Жаң­быр­шин жұт жайлаған нақты аймақтарда төтенше жағдай жариялауды сұрап, бірнеше ұсыныс айтты. «Қалыптасқан жағдайларға байла­нысты жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жария­ла­нып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмек көрсетілуі тиіс. Екіншіден, зардап шеккен аудандарға мал азығын жеткізу үшін көрші облыстардан тасы­мал­данатын мал азығының жол шығы­нын субсидиялап, тиісті әкімшілік-басқару шараларын іске асыру қажет. Үшіншіден, қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыс­тардан тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға беру. Мұндай жағ­дай алдағы уақытта орын алу ықти­мал­дығын ескеріп, мал шаруа­шылы­ғымен айналысатын тұлғаларға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақ ара­лық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алго­ритм­дерін жасақтауы тиіс», – деді депутат.

САҒАДАҒЫНЫҢ ІШКЕНІ «СУ», БІЗДІҢ ІШКЕНІМІЗ «У»

Қуаңшылық бүйірден қысқанда қырғыз бен тәжік ағайындардан су сұрадық. Әйтеуір, министрлер әрі-бері шапқылап жүріп бұл мәселені шештік деп жүр. Ресми деректерге сүйенсек, Эко­логия, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Душан­бе қаласында Тәжікстанның энергетика және су ресурстары министрі Д.Джума­мен кездесіп, «Бахри Точик» су қойма­сы­нан биылғы маусым-тамыз ара­лығында 315 млн м3 суды қосымша ағызу туралы уағдаластыққа қол жет­кізген. Ал бұған дейін сол министрліктің вице-министрі Серік Қожаниязов Қырғыз Республикасымен де бірқатар келісімге келдік деген еді. Осыған сәйкес, «Тоқ­тағұл» су қоймасынан 330 млн текше метрден, яғни  жыл сайын мау­сым-тамыз айлары аралығында қосым­ша су жіберуді жүзеге асыру белгіленіпті. Әрине, тегін дүние жоқ. Жоғарыда аталған келісімдерге сәйкес Қазақстан осы жылы қырғыз еліне 900 млн кВт/сағ электр энергиясын жеткізуді мінде­тіне алған. Сол секілді Тәжікстанға «Бахри Точик» су қоймасының қосым­ша жұмыс істеуінің теріс салдары туын­даған жағдайда материалдық-техни­калық қолдау көрсетпекші. Қош, енді сағада отырғандар уәде бойынша облыстағы вегетациялық кезеңде қажетті суды Сыр-анаға құятын болды. Алайда бұл су егінді толық аяқтауға жете ме? Мәселен, 2021 жылдың 7 мамырына дейін Әндіжан мен Шарбақтыға секундына 900 куб су түсіп жатса, «Бахри Точик» су қоймасында мол су тұрғанын көрсетеді. Ал дәл осы мамыр айының басында Тоқтағұлға таудан 1,2 млрд куб су құйылса, араға 20 күн салып су көлемі 8,6-дан 9,8 миллиардқа көбейген. Айтпақшы, былтыр да көрші ағайын­дар жазда суға қарық қылатын болған. Десе де, судың нақ керек шағында дарияның ағыны бәсеңдеп, біраз шаруашылық күрішін күйдіріп алған еді. Биыл осы жағдай қайталан­бағаны жөн.

Нұрсұлтан АЛПЫСБАЙ, Қызылорда облысы