Тарихи Жарлықтың жарияланғанына 3 жыл толды
Тарихи Жарлықтың жарияланғанына 3 жыл толды
288
оқылды

Бүгін Түркістан облысының құрылғанына 3 жыл толды. Осыған орай, түркістандықтарды құттықтаған облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында ұйымдастырған баспасөз мәслихатында үш жылда атқарылған іргелі істерге тоқталды. Сондай-ақ, облыс әкімі тікелей эфирде БАҚ өкілдерінің қойған сауалдарына жауап берді, — деп хабарлайды "Айқын" тілшісі.

Өңірде атқарылған жұмыстар мен жақсы жаңалықтар жетерлік екені айтылған «Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы облыс орталығындағы Farab кітапханасының арнайы алаңында өтті. Облыс әкімі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндап, журналистердің сұрағына және жауапқа басымдық берді. Түркістан облысы - жарлық Облыста негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң өсімі орын алғанын жеткізген облыс әкімі:
«Биылғы жыл барша қазақстандықтар үшін айтулы жыл — қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бүгін біз үшін тағы бір тарихи сәт — Түркістан облысының құрылғанына тура 3 жыл толып отыр. 2018 жылдың 19 маусымында Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, Түркістан облысы құрылды. Айтулы оқиға өңірімізге жаңа серпін және жан-жақты дамуының жаңа мүмкіндіктеріне жол ашты. Түркі әлемінің текті төрі Түркістан қаласы — күллі түркі әлемінің рухани астанасына айналды. Жалпы алғанда, Елбасының Жарлығымен жаңа статусқа ие болған көне шаһар жаңа кейіпте бой көтеріп жатыр. Түркістан өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітіліп, алдағы 5 жылда атқарылар істер айқындалды. Пандемиядан туындаған дағдарысқа қарамастан, тұрақты даму қағидаттары өз басымдықтарын сақтайды. Осы орайда Мемлекет басшысы экономикалық дамудың жоғары қарқынын қалпына келтіру, инвестициялар тарту және халықтың табысын арттыру бойынша міндеттер қойды», — деді журналистер алдында сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Айта кетейік, жалпы облыс бойынша өткен 5 айда барлық негізгі салада оң өсім орын алды. Мәселен, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 238,2 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30 миллиардқа жуық теңгеге артты. Жыл басынан бері 15,3 млрд теңге инвестиция бағытталып, өткен жылмен салыстырғанда өсім 2 есе артты. Жыл қорытындысымен облысқа 800 млрд теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Түркістан облысы - жарлық Сондай-ақ, спикердің айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде 110 млрд астам теңгеге өнім өндірілген.
«Облысқа 175,8 млрд теңге инвестиция бағытталып, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37,3 пайызға артты. Сонымен қатар, жеке инвестициялар есебінен жыл соңына дейін жалпы құны 255,5 млрд теңгеге 3 243 жаңа жұмыс орнымен 80-нен астам инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Түркістан облысының өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасы аясында облыс көлемінде 2018 - 2020 жылдары жалпы құны 39,1 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылды. Биыл 81,4 млрд теңгеге, 945 жаңа жұмыс орнымен 5 жобаны іске асыру жоспарлануда», — деген өңір басшысы өзге де өңірде атқарылып жатқан істерді атап өтті.
Айталық, облыстың индустриалдық аймақтарында жалпы құны 41 млрд теңгені құрайтын және 4 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 60 жоба жүзеге асырылуда. Биыл 1 865,3 млн теңгеге, 683 жұмыс орнымен 6 жоба жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда, «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағының инвестициялық қоржыны жалпы құны 480 млрд теңге құрайтын жалпы 50-ге жуық жобасы іске қосылды. Жалпы өнеркәсіп өнімі көлемін биыл 565 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, Түркістан облысында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Есепті кезеңде құрылыс жұмыстарының көлемі 70,6 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 73 пайызға артқан.  width= Айтуынша, жыл қорытындысымен құрылыс жұмыстары 305,9 млрд теңге мөлшерінде жоспарлануда. Облыста жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 162,7 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 16,5 пайызға артқан. Түркістан облысы үшін қаржыландырудың барлық көздері арқылы тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспары 790 мың шаршы метр болып белгіленген. Облыста кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Өңірде 141 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс жасайды, 3 жылда олардың саны 14,3 мыңға ұлғайды. Салада 217,2 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл экономикалық белсенді халықтың 26,5 пайызды құрайды.
«Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары арқылы кәсіпкерлерге берілген 6 пайыздық қаржылар көлемі 3 жылдың ішінде 97,2 млрд теңгені құрады. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларының арқасында өндірілген өнім көлемі 3 жылда 5,3 есеге артып, жыл қорытындысымен 823,2 млрд теңгеге жетті. Бүгінгі таңда, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 41,2 млрд теңгеге 310 жоба мақұлданды. Бұдан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 16,5 млрд теңгеге 514 жоба қаржыланды», — деді Өмірзақ Шөкеев.
Қуантарлығы сол, ҚР Президенті Әкімшілігі, Есеп комитеті, Зерттеулер және тиімділікті бағалау орталығымен бірлесе жүргізілген «Бизнесті жүргізу жеңілдігі» рейтингі бойынша Түркістан облысы 2020 жылдың қорытындысымен үздік өңір болып танылды (2017-2018 ж. – 17 орын; 2018-2019 ж. – 4 орын; 2019-2020 ж. – 1 орын). Әкім 3 жылдағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да тоқталды.  width= Мәселен, облыстың ЖӨӨ 2018 жылмен салыстырғанда 41 пайызға артып, 2,4 трлн теңгені құрады (2018 ж. – 1,7 трлн теңге). Өнеркәсіп өнім көлемі 18 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімі 34 пайызға немесе 151,3 млрд теңгеге артты. Бұл салаға 161,3 млрд теңге жеке инвестциялар тартылды. Үш жылда егіс көлемі 50 мыңға жуық гектарға ұлғайтылып, 850 мыңдай га орналастырылды. 446 га қосымша жылыжайлар салынып, Республикадағы үлесі 71 пайызды құрап 1 246 га-ға жетті. Қарқынды бау шаруашылығы 1,6 мың га артып, 3,1 мың га орналастырылды. Орташа мал мен құс басы 20 пайызға, мал шаруашылығынан алынған өнім 15 пайызға ұлғайды. 5,4 мың тонна ІҚМ еті экспорталып, Республикада 1 орын немесе үлесі 74 пайыз, қой еті - 38 пайыз (491,1 т), құс еті - 25 пайыз (2 734,3 т) құрады. Республикада өсірілетін тауарлы балық көлемінің 70 пайыз облыс үлесінде. Соңғы 3 жылда инвестиция көлемі 2,4 есеге ұлғайып, өткен жылы 703,3 млрд теңгені құрады, оның ішінде Түркістанға 367,6 млрд теңге инвестицияланды. 740 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. ЖӨӨ-дегі ШОБ үлесі 21 пайызға дейін жеткізілді. Облыс бюджетінің көлемі 1,6 есеге артып, 893 млрд теңгені құрады.
«Өңір халқын ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі үш жылда 88,5 пайыздан 92,1 пайызға жетті. 423 елді мекен табиғи газбен қамтамасыз етіліп, қамтылу көрсеткіші 50,2 пайызға жетті. Бұл жұмыстар тұрақты түрде жалғасын табатын болады. Қанағатты жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 71,2 пайыздан 79 пайызға артты», — деді тікелей эфирдегі брифинг барысында Өмірзақ Шөкеев.
Облыс бойынша 40 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын алға тартқан Ө. Шөкеев:
«Түркістанды түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде қалыптастыру жөніндегі жұмыстың бірінші кезеңі аяқталды деп айтуға болады. Екінші кезеңі ретінде Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспары бекітілді. Жобаға 145 іс-шара енгізілді», — деді.
Спикердің мәлімдеуінше, Түркістанның негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Жалпы 445 млрд теңгеге 257 жаңа нысан салынды, оның ішінде жаңа халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және мәдени-рухани орталықтар, Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, еркін экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды, Түркістан қаласы толық газдандырылды, қаланың айналасында 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,5 млн ағаш отырғызылды. Түркістан облысы - жарлық Кешенді жоспарға сәйкес бекітілген 145 іс-шараны жүзеге асыруға 3,9 трлн теңге бағытталмақ. Оның ішінде жеке инвестициялар - 2,5 трлн теңге. Кешенді жоспар аясында алдағы 5 жылда мұнай өңдеу зауыты, химия кешені, тұрмыстық техника шығаратын зауыт салынады және Түркістан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру жоспарлануда.
«Жаңа Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы ЖӨӨ-нің көлемі 3,6 трлн теңгені құрайды. Жыл сайын 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады, жалпы халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ететін болады. Ұзындығы 50 шақырымға жуықтайтын «Шымкент қаласының оңтүстік-батыс айналма жолы», ұзындығы 102 шақырымнан асатын «Сарыағаш қаласының айналма жолы», ұзындығы 30 шақырым «Түркістан қаласының шығыс айналма жолы», Түркістан-Шымкент-Ташкент жүрдек теміржол магистралі салынады деп жоспарлануда», — деді өңір басшысы.