Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Абай музейі және қолжазбалар әлемі» атты көрменің тұсаукесері өтті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлығына сәйкес және «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласының аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында бірнеше бағытта іс-шаралар атқарылуда. Ұлттық орталық қорының сирек басылымдар қатарында ұлы ақын Абай Құнанбайұлының баспадан шыққан еңбектерін көруге болады және ай сайын «Ұлы даланың Ұлы ақыны» тақырыбында студенттер мен мектеп оқушыларына арналған дәрістер өткізілуде, –деді көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры міндетін атқарушы Нұрлан Ережепов.
Мейрамгүл Қайранбаева Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі директорының орынбасары:
– Көрмеге музейіміздегі Абай атамыз қолданған заттар, қымыз піспек, ағаш құты, шыныаяққап, көнек, теген, ожау және торсықты көрермен назарына ұсынып отырмыз. Негізінде, Абай Құнанбайұлы 1885 жылы өлкетану музейіне алпыстан астам зат тапсырған. Сонымен қатар еліміздің басқа қалаларында да көрмелер ұйымдастырамыз. Елордада бастау алған көрме Павлодар қаласында жалғасын табады, – деді.
Аталмыш іс-шараға қоғам қайраткерлері, республикамызға, алыс-жақын шетелдерге танымал абайтанушы ғалымдар, кітапхана, архив, музей басшылары, ЕҰУ ғалымдары мен докторанттары, магистранттары, студенттері, мектеп оқушылары мен қала қонақтары қатысты.
Сонымен қатар көрмеде Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі қорындағы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты тарихи құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар, өмір сүрген кезеңі мен оған қатысты тарихи тұлғалар туралы, Абайдың ақындық өнері және Семей қаласындағы 80 жылдық тарихы бар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің тарихын бейнелейтін деректер мен экспонаттар қойылды.
Айта кету керек, көрме 7 ақпанға дейін жалғасады. Өз көзіңізбен көріп, қызықтағыңыз келсе Нұр-Сұлтан қаласы, Нұржол, 12 мекенжайында орналасқан Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының көрме және оқу залына асығыңыз.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ