Еліміздегі жемқорлар жегіқұртша жеп, тұрғын үйлердің қабырғасын да жұқартып тастады. Нақты айтқанда, жең ұшынан жалғасқан сыбайластықтың бір ұшы тендерде жатқаны соншалық, соның бір көрінісін сапасыз салынған құрылыстан көруге болады. Ал «сырты бүтін, іші түтін» үйлерді «бармақ басты, көз қыстымен» қабылдап алатын әкімдіктер жеме-жемге келгенде бар кінәні көзбояушы мердігерлерге жаба салып, құтылады. Соның салдарынан қаншама отбасы бала-шағасының аузынан жырып, қыруар ақша салған пәтеріне қол жеткізе алмай, дал болып жүр.
Пенопласт кешен – 87 млрд. теңге!
Алдымен туристер тартуды көздеген мемлекеттік маңызы бар нысанға тоқталып өтсек. Түркістанда 87 миллиард теңгеге салынып, ашылу салтанаты биыл сәуірде ғана өткен «Керуен сарайдың» қабырғалары ойылып түсіп жатыр. Себебі ол кәдімгі пенопластан қалқита салған көз алдар дүние болып шықты. Бұл туралы бірінші болып блогер Шыңғыс Лепсібаев өзінің Facebook парақшасында дабыл қақты. «Түркістанның басты сәулетті құрылысы - «Керуен сарайдың» пенопластан тұрғызылғанын енді өз көзіммен көрдім. Өңір басшылығы мен мердігерлер ешқайда шықпау туралы 10 жылға қолхат беруі керек сияқты. Одан көп уақыт қажет емес, жаңбыр мен бірнеше қыстан кейін бұл өте әдемі «Потемкин ауылы» құлап қалады», – дейді ол.
Еске сала кетсек, Үкімет ол нысанның «Орталық Азиядағы ең көпфункционалды туристік кешен» екенін ауыз толтырып тұрып айтқан болатын. Аталған 87 миллиард теңгенің жартысын мемлекеттік бюджет есебінен төлеген. Сондықтан «Керуен сарай» кешенінің баспасөз қызметі желіде қаптап кеткен сындарға: «Karavansaray Turkistan кешені құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамамен бекітілген. Барлық ғимарат арматуралық бағаннан және газ блоктан салынған, сыртқы бөлігі соңғы технологияларды пайдалана отырып, жылыту және безендіру үшін орындалған» деп ақталды. Бірақ, сонша шығынға сылағы түсіп, пенопласт көрініп қалатындай қабырға тұрғызу дегенің, өзімізді қойшы, «аз отырып, көп сынайтын» сырт көзден ыңғайсыз-ақ.
Дәл сол пенопласт мәселесі гу-гу әңгіме болып тұрған күні Павлодар қаласындағы Торайғыров көшесі, 75/3 мекенжайында құрылысы жүріп жатқан 4 қабатты үйдің де бір бөлігі опырылып түсті. Қабаттар арасындағы плиталарды дұрыс салмау салдарынан Өзбекстаннан келіп жұмыс істеп жатқан 3 құрылысшы зардап шекті. «34 және 25 жастағы ер адамдардың бассүйегі жарақаттанып, миы шайқалған. 28 жастағы жұмысшының бел омыртқасы сынған. Олардың барлығы №1 қалалық ауруханаға жеткізілді. Жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр» деп хабарлады Павлодар облыстық Денсаулық сақтау басқармасы. Бұл ретте қала әкімдігі «батасын берген» ол жобаны «Мурза Строй» ЖШС дайындап, құрылысын наурыз айында «Элит Сервис Плюс» ЖШС бастаған екен. Жоспар бойынша биыл шілдеде пайдалануға берілмек болған. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, техникалық қадағалау компаниясында техникалық қадағалауды жүзеге асыруға аккредиттеудің мерзімі 2021 жылғы 19 наурызда өтіп кеткен. Сондықтан мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мониторингі барысында құрылысты тоқтату бойынша тиісті шара қабылдануы тиіс болған. Бір қызығы, құлаған үйге қарама-қарсы үйді де сол мердігер компания – «Элит Сервис Плюс» ЖШС салып жатыр. Соған қарағанда, бұл жерден де сыбайлас жемқорлықтың иісі шығатын сияқты.
Бұл екеуі Қазақстанның құрылыс саласындағы салғырттықтың алғашқы «жемісі» емес. Ай мен күннің аманында Қарағанды қаласы «Бесоба» шағынауданында үлескерлердің қаржысына салынған 5 қабатты №7 үйдің тұтасымен жалп ете қалуының «әлемдік хит» болғаны әлі ұмытылған жоқ. Құдай бетін әрі қылсын, егер жергілікті билік оқиға болған 2012 жылы апатты үйден 138 адамды алдын ала көшіріп үлгермегенде, трагедияның көкесі болар еді ғой! Кейін ол үйдің шығыны 545,3 миллион теңге деп есептеліп, сонымен қатар «Бесобадағы» барлық тұрғын үй апатты деп танылды. Оларды түгел бұзып, орнына жаңа көпқабатты үйлер салуға тура келді. Не деген басы артық шығын десеңізші!
«Қолжетімді баспанаға» қол жеткенмен...
Басқасы басқа, жаңадан салынып жатқан үйлердің құрылысы аяқталмай жатып, «апатты жағдайда» болып шыға келуі елорданың да статусына сын болып тұр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласының мәслихатына тұрғындар тарапынан әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі үйлер құрылысының сапасына қатысты көптеген шағым түскен. Оны биылғы арнайы жиында қалалық Құрылыс басқармасының басшысы Әрсен Жанғасқанов баяндады. Мысалы, 2018-2020 жылдары қалада 3 381 пәтерлік 16 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынса, биыл Құрылыс басқармасы 7 793 пәтерді сатып алып, пайдалануға беруді жоспарлап қойыпты. Алайда, жергілікті билік әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер қанша салынса да, әлі жетпей жатқанын және көбінің сапасы сын көтермейтінін жасырмайды. Мысалы, мәслихат депутаттары С409 көшесіндегі бюджет қызметкерлеріне, зейнеткерлер мен жетім балаларға берілген №43, 45, 47-үйлердің жағдайымен танысқан. Қазір сол үйлердің шатырынан су ағып жатқан көрінеді. Оларға жауапты «Дружный двор» ЖШС-нің төрағасы үшеуінің де мемлекеттік бағдарламамен салынып, 2015 жылы пайдалануға берілгенін, ал шатыр проблемасы 2016 жылы басталғанын алға тартып отыр. Содан бері күрделі жөндеу көрмепті.
Одан бөлек, қала орталығындағы «Кампус» тұрғын үй кешенінің кірпіштері мүжіліп, қабырғасы тұрғындар көп жүретін жерге құлаған. Аулаға шығуға қорқып қалған тұрғындар бұл жағдайға 10 жыл бойы душар болып отыр. Барлық талапқа сай салынбаса да, ол үйді әкімдіктегілер апатты деп тануға асықпайды. Өйткені ондай сараптаманы үйдің салынғанына 10 жылдан астам уақыт болғанда ғана жасай алады екен.
Сондай-ақ елордадағы Хусейн бен Талал даңғылы бойында 2017 жылы салынған «Қамал» тұрғын үй кешенінде бетон жабыны құлаған. Сол сияқты биыл Ақтауда қасбеті құлаған 30-шағынаудандағы 169-үй төтенше жағдайға арналған қор арқылы бюджет қаржысына жөнделетін болды. Ал тұрғындар оның бірнеше жылдан бері талай құлағанын жауапты мекемелерге ескертіп келгенімен, ешкім құлақ аспапты. Енді олар аулада ойнап жүрген балаларының қауіпсіздігіне алаңдап отыр. Өйткені сол сәтте қаладағы 17-шағынауданда орналасқан үйдің де сырты құлап жатқаны туралы ақпарат жарияланған еді.
Қызылорда қаласындағы Шүкіров көшесінде де «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша салынып бітпеген 5 қабатты үй құлады. Төтенше жағдай кезінде құрылысқа 10 адам жұмылдырылған. Оның біреуі қаза тауып, екеуі жарақаттанып қалды. Ал 2019 жылы Теміртауда құрылысы дұрыс жүргізілмеген, жаңадан салынып жатқан үйді бұзып, қайта салуға тура келген. Өйткені «ҚазМИРР» институтының мамандары үйді 3 ай бойы тексеріп, «бір бөлігі 3 миллиметрден 30 миллиметрге дейін қисайған» деген қорытынды жасаған еді. Кейін Алматыда «Алғабас» шағынауданындағы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасымен салынған апатты тұрғын үйдің бұзылатыны хабарланды. Оның құрылысына мемлекеттің 459 миллион теңгесі кетті. Өскеменде де Есенберлин көшесінде орналасқан сол «қолжетімді баспаналардың» су құбырлары шіріп, қабырғаларында жарықшақ пайда болған. Ал көпқабатты 9 үйдегі әр тұрғын баспанасы үшін ай сайын 60-100 мың теңге аралығында ақы төлейді.
Сонымен қатар Талдықорғанда 2020 жылы мемлекеттік бағдарламамен салынған көпбалалы аналар және аз қамтылған отбасыларға берілген «Коттедж қалашығынан» да шикілік шықты. Араға бір жыл салмай жатып кей үйлердің қабырғалары ұйтқып соққан желдің әсерінен құласа, енді бірінің сылағы ұшып, қаңқасы көрініп қалған. Жаңбыр жауса төбелерінен су сорғалайды. Әр үйдің құны 15-16 миллион теңге тұратын 620 баспананы салуға мемлекеттік бюджеттен 8,1 миллиард теңге бөлініпті. Кейбір тұрғындар сол үшін Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы 20 жылға несие рәсімдеп алғанын айтуда.
Түйін:
«Nur Otan» партиясы биыл 3 ай ішінде партиялық бақылау комиссиясының 624 отырысын өткізіп, онда 1 918 мәселені қараған. Олардың арасында әлеуметтік тұрғын үй беру кезіндегі заңбұзушылықтар, жатақханалардың сапасыз салынуы сияқты көптеген түйткіл бар. Партия баспасөз қызметінің мәліметінше, азаматтардың өтініштері негізінде мыңнан астам түрлі рейд ұйымдастырылған. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы жатақхана тұрғындары 45 миллион теңге жұмсап жүргізілген күрделі жөндеуден кейін де ғимараттың құлауға жақын тұрғанына шағымданған. Содан ол мәселеге қалалық партиялық бақылау комиссиясы араласып, үйге жүргізілген тексеру жұмысы кәріз құбыры мен жуынатын бөлмеде олқылық бар екенін көрсетті. Демек, елімізде үйі бардың да күйі болмай тұр.
Еркеғали БЕЙСЕН