Елордада коронавирустың үнді штаммы анықталды. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.
«Нұр-Сұлтан қаласында КВИ-мен ауырған науқастан алынған оң зертханалалық үлгіге ПТР скрининг жүргізу нәтижесінде «дельта» штаммына немесе үнді штаммына тән ықтимал мутация анықталды. Коронавирустың «дельта» штаммы жоғары жұқтырғышқа ие және штамм анықталған науқастардың 60 пайызында ол 7 күнге дейінгі барынша қысқа инкубациялық кезеңімен ерекшеленеді. Таяуда жүргізілген зерттеулер коронавирустың Үнді штаммы емханаға түсу және өлім-жітімнің жоғары болуымен байланысты екендігін көрсетті», - деді министр.
Оның айтуынша, бұл мутацияны жұқтырғандарда буындар мен іштің қатты ауруы, есту қабілетін жоғалту сынды қосымша симптомдар тән болып отыр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, SARS-CoV-2 «дельта» штаммы әлемнің 74 елінде анықталып отыр.