Азғындықтың ақыры
Азғындықтың ақыры
168
оқылды

Өткен жылы Сәтбаев қаласындағы жаппай дүрлігуге түрткі болған оқиғаға нүкте қойылды. Сот алқасы бес жасар қыз баланы зорлау бойынша айыпталған ерлі-зайыптының бірін өмір бойына, енді бірін 22 жылға түрмеге қамауға үкім етті.

Бірі өмір бойына, екіншісі 22 жылға сотталды

Сот алқасы үкімді 21 шілдеде шығарды. Жабық өткен отырыста сот алқасы ерлі-зайыптыны «адам зорлады», қызға «жы­ныс­тық сипаттағы зорлық жасады» және «денсаулығына ауыр зақым келтірді» деп тапты. Сотта айыптылардың аты-жөні ай­тылмады. Ер адам өмір бойына, әйелі 22 жылға сотталды. Соттың мәліметінше, заң бойынша әйел адамдарға өмір бойына түрме жазасы берілмейді.

«Сот алқасы дауыс беру арқылы айыпталушыларды барлық бап бойынша айыпты деп тапты. Ер адамның қылмысты мас болып жасағаны жазаны ауырлататын жағдай ретінде есепке алынды»,  – деді соттың баспасөз қызметі.

Айыптау актісіне сай, 2020 жылы 23 шілдеде ер адам (тергеу кезінде өзіне қол салып қайтыс болған) мас күйінде есік алдында кішкентай қызды ұстап, пәтеріне алып барған. Кейін көршісін шақырып, қыз баланы зорлауды ұсынған. Көршісі бұл ұсынысқа келіскен. Екеуі әйелді шақырып, ол балаға «белгісіз бір дәрі еккен». Осыдан соң қыз бала есінен танып қалған, ал екі еркек қызды зорлаған.
Сараптама қорытындысына сай, бұл оқиға қыз баланың психикасына қатты әсер еткен.

Осы іс бойынша негізгі айыпталушы – 62 жастағы ер адам сотқа жетпей көз жұмды. Ол тергеу изоляторында өлі күйінде табылған еді. Полиция оның суицид жасағанын хабарлады. Басында ІІМ тек бір адамның ұсталғанын айтқан болатын. Кейін ерлі-зайыптының да қамауға алынғаны мәлім болды.

Жоғалған кішкентай қыз 62 жастағы ер адамның пәтерінен табылған соң Сәтбаевта жүздеген адам осы үйдің маңы­на жиналып, еркекті жауапқа тартпақ болған. Бірнеше адам күдікті мен көрші­лерінің пәтерін қиратып тастады. 

Кейін жиналғандар күдіктіні поли­цейлер жасырын түрде бөлімшеге алып кетті дегенді естіп, полицияға барды. Сол жерде полиция ғимаратын қиратып, 16 көлікті өртеп жіберді. Ресми дерек бойын­ша, 14 тұрғын мен 50 полицей зардап шек­кен.

4 мамырдағы сот

4 мамырда Қарағандыдағы сот Сәтбаев қаласында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталғандарға үкім шығарды. Ұсталған 55 адам прокурормен процессуалды келісімге келді. Сот жауап­қа тартылғандарға мүмкін болған жеңіл жаза тағайындағанын мәлімдеді.  55 айыпталушыға үкім ұзақ оқылды. Айыпталушылардың бір тобы үкімді Қарағандыдағы тергеу изоляторында, тағы бір тобы Сәтбаевтағы полиция бөлімшесінде тұрып тыңдады. Жауапқа тартылғандардың көбі он айдан бері изоляторда отырған болатын.

Судья Кенжебай Ысқақбаев: «Үкім шығарғанда айыпталушылардың кінәсін мойындап, прокурормен процессуалды келісім жасасқанын ескергенін» айтты. Жауапқа тартылушылар мен олардың адвокаттары судьяның «сұрақтарыңыз бар ма?» деген сауалына ішінара «бәрі түсінік­ті, сұрағымыз жоқ» деп жауап берді. Үнсіз қалғандар да болды.

Сот үкіміне сай, тоғыз адам үш жылға түрмеге қамалды. 44 адам төрт жылға, екі адам бір жарым жылға шартты жаза алды. Төрт адам «жаппай тәртіпсіздік ұйымдас­тыр­ды» деп айыпталды. Екі адам «тәртіп­сіздікке шақырды» деп сотталды. 51 адам «тәртіпсіздікке қатысқаны үшін» жазалан­ды. 42 айыпталушыға «билік өкіліне күш қолданды» деген айып тағылды.

Осыған дейінгі отырыстарда айып­талу­шы­лардың кейбірі айыппен келіспе­ген. Олар ғимараттарды өртемегенін, полиция­ға қол көтермегенін айтып, «тер­геу қанша­лықты айыпты екенімізді дұрыс анық­тамады» деді. Кейін барлығы айыбын мойындап, прокурормен процессуалды келісімге келді. Бұл келісімге сай, сотқа тартылғандар айыппен, прокурор сұраған жазамен, дәлелдермен келісіп, үкімге шағым түсірмейтінін жеткізді. Бұған дейін айыпталушылар соттан өздерін қатаң жазаламауды өтінген. Ал адвокаттар судьядан «айыпталушылардың жүйкесі сыр бере бастағандықтан» істі тезірек аяқтауды сұраған болатын.

Айыпталушылардың басым бөлігі – ер адам. Ең үлкені – 47 жаста, кішісі – 17 жаста. Үйқамақта отырған сотталушы­лардың бірі жақында 18 жасқа толған екен. Жауапқа тартылғандардың арасында 21-46 жас арасындағы алты әйел бар. Шартты жаза алғандар сот қаулысымен қамаудан босатылды. Ал түрме жазасына кесілгендер сот үкімі күшіне енгенге дейін изоляторда болады, кейін зонаға жібе­ріле­ді.
Түйін. Азғындықтың шегі болған кәмелетке толмағандарға жыныстық зорлық-зомбы­лық көрсету ісі бойынша жыл басынан бері 113 педофил түзеу мекемелеріне қамалған екен  және де еліміздің түрмелерінен 50 педофил жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Бұл біздің қоғамда әлі де балаларға жасалатын қылмыстың азаймай тұрғанын білдіреді. Азғындарды осылай өмір бойы бас бостандығынан айырса дұрыс болар еді. Әйтпесе, жазасын өтеп шыққан педофил бұрынғы ісіне қайта бармасына кім кепіл?
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы