2000 жыл: жаңа дәуірдің жылнамасы жазылды
2000 жыл: жаңа дәуірдің жылнамасы жазылды
492
оқылды

ХХ ғасыр аяқталып, ХХІ ғасыр басталды. Жаңа дәуір жаңаша үміттерге жетеледі. Барша адамзатпен бірге қазақстандықтар да үшінші мың­­жылдықты қарсы алуға үлкен құлшыныспен кірісті. Президент Үкіметке экономиканың өсуін қамтамасыз етуді көздейтін бесжылдықтың инди­­кативті және онжылдықтың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында: «Мен бұл ғасыр Қазақстанның тарихындағы ең ғажап ғасыры болады деп сенемiн. Бұл ғасыр бiздiң тарихымызға жа­­­­сампаз iске толы, бейбiт өткен ғасыр болып енедi» деген еді.

Астана қақпасы ашылған сәт

Осыдан бір жыл бұрын Астана ЮНЕСКО шешімімен «Бейбітшілік қаласы» атағын иеленіп, 2000 жылдан бастап астаналар мен ірі қалалардың халықаралық ассамблеясының мүшесі атанған еді.
Жыл басында елорда әкімі Ә.Жақ­сыбеков пен бас архитектор Б.Досма­ғанбетов Мемлекет басшысына қаланың бас жобасын таныстырды. Онда «Нұр Астана» мешітінің, Президент рези­денциясының, «Трансойл» компания­сының және тағы басқа еңселі ғимарат­тардың құрылысы көрсетілген. Жоба мақұлданған соң, құрылыс жұмыстары басталып кетті. Бұл күнге Н.Назарбаев «Бұл – Астана қақпасы ашылған сәт» деп баға берді. Сондай-ақ Премьер-Министр Қ.Тоқаевтың төрағалық етуімен Үкімет отырысы өтіп, онда «Астана қаласын одан әрі дамыту тұжырымдамасы» бекітілді. Елбасының «Астана қаласының ше­карасын өзгерту туралы» Жарлығы жа­рияланып, қала іргесі кеңейтілді. Ас­тананың маңайындағы елді мекендер – «Мичурин», «Күйгенжар», «Пригородное», «Учхоз», «Интернациональный», «Көк­тал» ауылдары бас қаланың қарамағына беріліп, елорда аумағы ұлғайды.

Мәдениетті қолдау жылы

Жаңа дәуір Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. Осыған орай «Мың­жылдық – Думан – Астана» атты мерекелік бағдарлама жасалды. Жаңа ғасырды қарсы алу салтанаты «Алатау» спорт сарайында өтті. Арқа төсінде тұңғыш рет қазақ әндері фестивалі ұйымдастырылып, оған елі­міздің түкпір-түкпірінен танымал әншілер шақырылды.

Сондай-ақ әдебиет пен өнер қайрат­керлерін қолдау мақсатында 50 стипендия бекітілді. Осы жылы бір топ меценаттар бастамасымен тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы тағайындалды. Оның жалпы жүлде қоры 120 мың долларды құрады. Ол ғылым мен өнердің әр саласының майталмандарына берілді. Күләш Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры ашылды. Қазақ ұлттық музыка академиясы өз жұ­мысын бастады. «Шабыт» жастар шы­ғар­­машылық фестивалі осы жылдан бастап өте бастады. Ақындар айтысы ұйым­дастырылды. Елорда іргесінде қазақтың қас батыры Қаракерей Қабанбайға ес­керткіш орнатылды.

Жалпы, осы жылы республика ау­мағында 239 мәдениет үйі, 468 кітапхана күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан 5 театр ашылған. Мемлекеттік мұражай, Президент мәдени орталығы бой көтерді, мұның бәрі рухани-мәдени өміріне ай­­тарлықтай дүмпу берді. Жаңа ғасырда халықтың асыл мұ­расына айрықша бетбұрыс жасалды: ауыз әдебиеті 100 томдық жинақпен, Қазақ­станның тарихи-мәдени ескерткіштерінің 10 томдығы шықты. Академик Әлкей Марғұланның 14 томдық жинағы жарық көрді. Қостанайда – Ахмет Байтұрсын­ұлының, Павлодарда – Сұлтанмахмұт То­райғырұлының, Атырауда – Сұлтан Бейбарыс пен күй атасы Құрманғазының, Алматыда Абылай ханның ескерткіштері қойылды.

Ұлттық қор құрылды

Еліміздің мұнайдан түсетін табысы осы кезеңде күрт артты. Мұнай ел экс­портының 75 пайызын құрады. Статис­тикаға үңілсек, республикада 2000 жылы 35 млн тонна шикі мұнай өндіріліпті. Мұ­най экспортының ақшаға шаққандағы көлемі 4,2 млрд АҚШ долларына жетті. Ол бұдан бес жыл бұрын ғана 23 млн тонна болған және 0,7 млрд доллар кіріс әкелген.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен 23 тамыз күні «Ұлттық қор» құрылды. «Ұлттық қор құру туралы идея алғашында 1997 жылдың өзінде-ақ «Қазақстан-2030» стратегиясы дайындалып жатқан кезде пайда болған еді. Ол кезде халықаралық кеңесшілердің, отандық басқарушылардың және эконо­мистердің көбіне бұл идея сандырақ сияқ­ты болып көрінді. Бірақ 1998 жылы мұнай бағасы құлдырады. Сондықтан біз Ұлттық қор құру мәселесіне тек 2000 жылы қай­тып келе алдық» деп жазды Н. На­­зарбаев «Қазақстан жолы» атты кітабында.

Кейін осы Ұлттық қордың ақшасы елімізді талай қиын-қыстау күндерден аман алып шығуға үлкен септігін тигізді. Мұнай қаржысын орынды жұмсап, сауатты пайдалану ел экономикасының дамуына көп демеу болды, оны әлемдегі озық тәжірибе көрсетіп берді.

Түркі әлемінің бесігі

Қазақстанның Мәдениет жылының шаралары ел ауқымынан асып, халық­аралық деңгейде де көрініс тапты. Мұқым түркі жұртының бесігі – Түркістан қала­сының 1500 жылдығы ЮНЕСКО шең­берінде аталып өтті. Оның мерейтойына бүкіл түркі елдерінің мемлекет басшылары түгелге жуық келді. Дегенмен сол кездің өзінде қаланың жасы «1800 жыл» дегендер болды. Кейіннен табылған қазба жәді­герлері мен зерттеу жұмыстарының арқа­сында қала тарихы тіпті одан да ерте, 2200 жылдан асқаны мәлім болды.
Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Б.Бай­­та­наевтың айтуынша: «Түркістан қаласы ке­зінде 1500 жыл деп тойланып кетті. Бірақ ол кезде мемлекеттік бағдарлама жоқ еді. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағ­дарламасы пайда болып, соның аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, Түркістан қаласы­ның ғасыры одан да көп екені анық­­талған еді. Қазіргі мәліметтер бойын­ша Түркістан­ның жасы – 2200 жыл. Бірақ қаланың мәдени қабаттары толық зерт­телген жоқ. Сондықтан да институт ұжы­мы және Қазақстан ғалымдарына Түр­кістан қаласы­ның нағыз уақытын анықтау мақсатында, археологиялық әдістер бойын­ша страте­графиясы мен мәдени қабаттарын зерттеу қажеттігі туындап отыр»,– дейді.

XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хан­дығының астанасы болған. Бұл қалада Қожа Ахмет Ясауи өзінің уағызшылық қызметін жүргізген. Кесене аумағында Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан, Есім хан, Хақназар хан, Тәуке хан, Қанжығалы қарт Бөгенбай батыр, тағы басқа би, батыр, хандарымыз жерленген. 

Майдангерлерге машина сыйлады

Осы жылы Екінші дүниежүзілік со­ғыстың 55 жылдығы тойланды. Әлемнің 72 мемлекеті қатысып, 62 миллион адам ажал құшқан адамзат тарихындағы ең қасіретті, ең алапат соғысқа 1 млн 200 мың қазақстандық та қатысты. Майдан алаңы­нан олардың 601 мыңы тірі оралмады. Республика аумағынан 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бри­гадасы және 50-ге жуық жеке полктер мен батальон жасақталды. Ерлігі үшін 528 адам ең жоғары атақ – Кеңес Одағының Баты­ры атанды, 100-ден астам адам «Даңқ» орденін иеленді. 100 000-нан астам отанда­сымыз жауынгерлік медаль-ордендермен марапатталды. Ал қазақстандық 4 ұшқыш «Кеңес Одағының Батыры» деген құрметті атақты 2 рет иеленді.

Шығыс қыздарының арасынан екі қазақ батыр атағын алды. Кейінгі жылдары Кеңес Одағы Батырлары сапын сол со­ғыста ерлікпен қаза тапқан қаһарман ұшқыш Бақтыораз Бейсекбаевтың есімі толықтырды.

Жеңістің 55 жылдығын мерекелеу ке­зінде қала әкімі Ә.Жақсыбеков 26 соғыс ардагеріне пәтер кілтін және 18 май­­дангерге «Таврия» жеңіл автокөлігін тарту етті. 

Жеңісті күндерде жүздесейік

Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан екінші Олимпиада ойындарында зор табысқа қол жеткізді. ХХVІІ Сидней Олимпиадасында біздің боксшылар үздік өнер көрсетті. Сайысқа түскен жеті боксшы­мыз да ширек финалға жетті, со­ның екеуі – Ермахан Ибраимов пен Бекзат Саттарханов алтыннан алқа тақса, Болат Жұмәділов пен Мұқтархан Ділдәбеков күмісті иеленді. Сондай-ақ жеңіл атлетші Ольга Шишигина алтын иеленді. Еркін күрестен Ислам Байрамуков пен вело­спорттан Александр Винокуров күміс медальді қанжығалады.

Ал тәуелсіздік мерекесіне орай «Ала­тау» спорт сарайында тұңғыш рет қазақша күрестен өткен ұлттық чемпионат Елдос Ықсанғалиев түйе балуан атанып, Қазақша күрес федерациясының президенті Мұх­тар Құл-Мұхаммед оған жеңіл көліктің кілтін табыс етті.

Дәулет АСАУ