Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде ұлттық музыка өнері де елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Қазақтың мәңгілік сарыны жаңа бір белеске көтерілді. «Қазақтың мың күйі мен мың әні» жарық көріп, дәстүрлі әндеріміздің антологиясы оқырман назарына ұсынылды. Рухты көтеретін патриоттық әндер көбейді. Ең үлкен жетістік – 2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж.Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады.
Негізі, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдардағы қиындықтарға қарамастан, өнер мен мәдениетті ешқашан екінші сатыға ысырған емес. Мәселен, 1990 жылы алғаш рет ұйымдастырылған «Азия дауысы» фестивалі үздіксіз 1995 жылға дейін, кейін ішінара үзілістермен 2004 жылға дейін өткізілген болатын. 90-жылдары «Үркер», АБК тәрізді топтар ел көңілін аулағаны есте қалыпты. Одан бөлек, классикалық өнер де қатардан қалған жоқ. 2001 жылы «Ұлытау» тобы құрылып, қазақстандық музыкаға этно-рок жанрын әкелгені бар. Сол жылы топ Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында Бас жүлдені жеңіп алды. Жарысқа 86 елдің музыканттары қатысқан болатын. Міне, бұл мысалдардың өзі қазақстандықтардың өнер мен мәдениет саласындағы табыстары аз болмағанын көрсетеді. Ал кейінгі жылдардағы жетістіктер тіптен бөлек.
Әнімен әуелеткен Димаш
Қазақтың атын әлемге әйгілейтін екі дүние бар: бірі – спорт, екіншісі – ән. Сол ән өнері арқылы танылған тұлға кім десе, бірден Димаш Құдайберген ауызға ілігеді. Жас әншінің есімі Қытайдың I am a Singer вокалдық байқауынан кейін танымал болды. Байқауда жас жігіт екінші орынды ғана жеңіп алған жоқ, сонымен бірге миллиондаған аудиторияның сүйіспеншілігіне бөленді. Бұл оған D-Dynasty әлемдік турына баруға мүмкіндік берді.
Димаш бұған дейін де ТМД елдері арасында өтетін «Славян базарына» қатысып, 2015 жылы Гран-при иегері болған. Кейін ол Витебскіге қазылар алқасының мүшесі ретінде барды. Димаштың әнші болмауға құқы жоқ еді: ата-анасы да Қазақстанның мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткерлер. Екі жасында-ақ ол алғаш рет Ақтөбеде театрландырылған қойылымда эпизодтық рөл ойнаған. Бес жасынан музыкалық мектепте білім алған жас дарын сол жылдары өзінің концертіне 30 мың адам (оның ішінде Қытай мен Ресей жанкүйерлері) билет сатып алады деп ойламаған да шығар.
Лондонда өткен концертінен соң, Димаш ағылшындық бұқаралық ақпарат құралдарына бірнеше рет сұхбат берген. Ұлыбританиялық BBC жалпыұлттық қоғамдық телерадио таратылымы ұйымының телестудиясында Димаш қазақ тілінде бірегей сұхбат беріп, өз шығармашылығын бөліскен еді. Бүгінде әлемнің 150 елінде Димаш Құдайбергеннің 200-ден астам фан-клубы бар екен. Олардың барлығы биыл сүйікті әншісінің туған күнінде ерекше сый әзірлеп, ақжарма тілегін де арнаған. Мәселен, қытайлық жанкүйерлері 24 мамырда қала ішіндегі еңселі ғимараттардың біріне Димаштың суреті мен бейнежазбасын шығарып, тілек жолдаған. Өз кезегінде қазақ әншісі Қытайға бармағанына бір жылдан асса да, жанкүйерлерінің бұл ыстық сәлемін ерекше ілтипатпен қабылдады.
Мария салған ән қандай!
Мария Мудрак – әйгілі опера жұлдызы. Оның бес жасында жазған жеке альбомы 250 мың данамен шығып, дүниежүзіне тараған. Мария осы альбомы арқылы Гиннестің рекордтар кітабына енді. 10 жасында Италияға көшіп, сол жақта жоғары музыкалық академияға оқуға түсті. «Болашақ» стипендиясын жеңіп алған жас дарын иесі. 14 жасында Джузеппе Верди атындағы консерваторияның студенті атанды. Консерваторияны үздік бітірген әнші бүгінде әлемнің ең үздік театрларында өнер көрсетіп жүр. Мария Джузеппе Вердидің «Травиата» және «Риголетто» операларында Виолетта мен Гильданың, Моцарттың «Фигароның үйленуінде» Сусаннаның, Пуччинидің «Ла Богемасында» Мими рөлдерін сомдады. Ол ән салған ең көне театрлардың қатарында «Сан-Карло» опера театры бар. Сосын Бейжіңдегі Ұлттық опера театрында да ән салды. Мария ерекше өнерімен әлем сахналарына шығып жүрген санаулы қазақстандық әншілердің бірі.
Данэлия, Ержан, Қарақат...
15 жастағы Данэлия Тулешова – украиналық «1+1» арнасы ұйымдастырған «Голос. Дети» вокалдық шоуының жеңімпазы, Junior Eurovision байқауына қатысқан. 2019 жылы америкалық CBS арнасының The World's Best шоуына қатысып, гранд-финалға өте алмады. Үндістандық пианист Лидиан Надхасварам шоу жеңімпазы атанды. 2020 жылы Данэлия America's Got Talent танымал шоуының финалында жеңіске жете алмады.
Талантты қыз әншілік жолға ерте түссе де, оқуын да сырт қалдырған жоқ. Оның ең сүйікті пәні – математика. Жалпы білім беретін мектепте оқиды. Әннен бөлек, би сабағына да қатысады. Қосымша сабақтарын қалт жібермеуге тырысады. Ана тілін жетік біледі, орыс және украин тілдерінде де еркін сөйлейді. Ағылшын тілін үйренуді қолға алған. Музыкалық білімін де жетілдіру үстінде. Данэлияның бағындырсам деген биігі өте көп.
Данэлиядан кейін есімі ерекше аталған жас дарындардың бірі – Ержан Максим. Оның есімі 2019 жылы «Голос. Дети» жобасынан кейін танымал бола бастады. Сол жолы Ержан үздік атанып, байқаудан екінші орын алған еді. Байқау барысында Ержанға бірнеше ән ұсынылған екен. Алайда ол Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әнді орындаймын деп шешіпті. «Бірнеше ән ұсынылды. Біреуінде акцент болса, енді біріне дауысы келмейді. Ержан кішкентайынан жоғары диапазонды әндерді жақсы көреді. Ержан Димаштың ізін қуып келе жатқан інісі деп ойлаймын. Өйткені барған жерінде Димашты аузынан тастамайды. Димаштың репертуарындағы әндердің көбі ұнайды. All by Myself пен Adagio әндерін таңдады» деген еді әншінің анасы.
Өткен жылы Junior Eurovision-2020 байқауында еліміздің намысын қорғаған Қарақат Башанова екінші орынды иеленді. Ол байқауда «Forever» әнін шырқады. Бала жасынан өнерге баулыған асқар тауы әкесіне деген сағынышын сезімге толы мұңлы да әуезді әнімен жеткізді. Үлкен тебіреніспен, жоғары шеберлікпен орындап шығуы ән мен әншінің жұлдызын жарқыратты. Сөйтіп, өнер көгінде тағы бір әншінің аты жарқ етті. Димаш Құдайберген мен Мария Мудряк бастаған жол Данэлия, Ержан, Қарақаттарға ұласып жатыр. Қазақта дарынды әншілер көп. Олар да бір күні әлемнің өнер көгінде жарқырап шығатыны анық.
Сондай-ақ ТМД елдеріне павлодарлық Әділ Жалелов (Скриптонит) пен шымкенттік Нәзима Жәнібекованың (NaZima) есімдері жиі аталып жүр. Екеуі де ресейлік шоу-бизнесті бағындырып жүрген талантты өнер жұлдыздары.
Осыдан бір ғасыр бұрын Әміре Қашаубаев Париж төрінде әуелетіп ән салып, қазақ өнерінің мерейін бір тасытса, арада ғасыр өткенде Димаш Құдайбергеннің жұлдызы жанды. Міне, әннің құдіреті!
Димаш, Данэлия, Ержан, Қарақат және тағы басқа жұлдыздарымыз қазақ ән өнерін ары қарай да асқақтата берері анық. Дарабоздар салған жол мұнымен тоқтап қалмайды. Өнер көші жалғаса бермек.