Туризм мен тәуекел егіз бе?
Туризм мен тәуекел егіз бе?
355
оқылды

Елімізде биыл адамдардың табиғат аясына демалысқа шығып, төтенше жағдайға тап болып жатқан оқиғалары көбейіп кетті. Бірі тауда адасып, бірі суда тұншығып, хабарсыз кетіп жатыр. Өкінішке қарай, көз жұмғандары да жоқ емес. Шарын шатқалындағы, Өгем өзеніндегі оқиғалар осының айғағы. Бірінші оқиғада оқушы қыз бен мұғалім қаза тапқан болса, екінші оқиғада төрт жігіт опат болған. Ендеше елімізге турист тартамыз деп жүргенде өз аза­мат­тарымыздан ай мен күннің аманында айырылып қалып отырғанымыз не сұмдық? Әлде Қазақстанда туризм мен тәуекел егіз бе?

Бір аптада екі қайғылы оқиға

Мамыр айының соңы елді елең еткізген екі оқиғамен есте қалды. Соның алғашқысы, Түркістан облысы Төле би ауданының «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде болды. 7 адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама 25 мамырда түскен болатын. Оның үшеуі аман-есен табылып, үйлеріне қайтарылды. Қалған төртеуді төтенше жағдай қызметі 1 айға жуық уақыт іздестірді деуге болады. Әуелі 29мамыр күні сағат 00.30-да үздіксіз іздестіру жұмыстарының барысында Өгем өзенінен бір адамның жансыз денесі табылды. Көп ұзамай екінші жігіттің денесі сол жерден 3 шақырым жерден табылған. Одан кейінгі іздестіру жұмыстары ұзақ уақыт нәтиже бермеді. Тек 12 маусым күні «Сайрам-Өгем» шатқалынан тағы бір адамның денесі табылды. Ал таяуда, 22 маусым күні құтқарушылар төртінші адамның денесін тапқанын хабарлады.
Екінші оқиға Алматы облысы Шарын шатқалында болып, онда екі адам қаза тауып, бір адам жоғалған. Тағы алты адам зардап шеккен. Табиғат аясына экскурсияны Алматыдағы №199 мектеп-гимназиясы оқушыларының ата-аналары ұйымдастырыпты. Балалар онлайн оқып, бір-бірін ұзақ уақыт көрмегендіктен, оқудан кейін біраз демалсын деп келіскен олар 29 мамыр күні сыныптас балаларын қаладан 200 ша­қырым жердегі Шарын шатқалына алып барған. Сол күні өткінші қатты нөсер жауын жауып, соңы селге ұласқан. Селдің жолында қалып қойған топты лай су шайып әкеткен. Салдарынан бір мұғалім мен оқушы қаза болды. 11 жасар оқушы қыз селмен бірге ағып кеткен. Сол күні түсте жоғалған қызды «Шарын» МҰТП қызметкері тек келесі күні таңертеңгісін аман-есен таба алды. Қазір екі оқиға бойынша тергеу жүріп жатыр.

Болжам сабақ болса игі...

Қазір «Сайрам-Өгем» шатқалындағы төрт туристің өліміне қатысты алғашқы болжам айтылып жатыр. Олардың барлығының денесі судан табылған. Түркістан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерік Сарыбаев оларды іздестіру барысында жаяу 2 543 шаршы шақырым шарланғанын, тікұшақпен 16 090 шаршы шақырым аумақта іздестіру шаралары жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар сүңгуірлер Өгем өзенінің бойымен 22 шақырым жерді сүзіп шыққан. Нәтижесінде, бірінші жігіттің денесі табылған жер мен екінші туристің мәйітінің арасы 6 шақырымды құраған. Ал үшінші мен төртінші мәйіттің арасы 7 шақырымнан көп. Төтеншеліктер жас жігіттердің ажалына қатысты үш болжам айтып отыр.

«Олар төртеуі қол ұстасып, Өгем өзенінен бірге өтпек болған кезде суға ағып кеткен болуы мүмкін. Судың екпіні тым қатты болғандықтан, бірін-бірі ұстай алмай қалған. Екінші болжамымыз, олар өзеннің тас көп жері –Таскөпірден өтпек болған. Бірақ тастардың беті тайғақ болғандықтан, бірі ағып кетіп, қалғандары оны құтқарамыз деп мерт болуы мүмкін. Ал үшінші болжам – олар аюлардан қорыққан. Өйткені, іздестіру барысында сол маңайдан біздің қызметкерлер 20-дан астам аю көрді. Қазір аюлар қон­жықтаған, сондықтан олар аг­рессивті болады. Мүмкін, бұл жігіттер өзенді бойлап жүрген кезде алдарынан аю шығып қалды ма? Содан қорыққанынан суға секіріп кетті ме? Бұл нұсқаны да қарастырып отырмыз», – дейді азаматтық қорғау подполковнигі.

«Сақтансаң сақтармын» деген...

Біз тек елді елең еткізген резонансты жағдайды айтып отырмыз. Өйткені осындай оқиғаларды мысалға келтіріп қана, қазақстандықтарды сақтық шараларына шақыру нәтиже беретін секілді. Әйтпесе, одан бөлек те жыл басынан бері табиғатта болған жазатайым оқиғалар аз емес. Оның ішінде суға батып кету дерегі де бар.

«2021 жылдың басынан бері еліміздің су айдындарында ТЖМ құтқарушылары 105 адамды, оның ішінде 13 баланы аман алып қалды. Ал 129 адам, оның ішінде 57 бала суға батып қайтыс болды. Алғашқы жартыжылдықта құтқарушылар тауда 64 адамды, соның ішінде 12 баланы құтқарды. Өкінішке қарай, тауға серуенге шыққан 10 адам, 2 кәмелеттік жасқа толмаған бала қайтыс болды», – дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.

Осы ретте Төтенше жағдайлар минстрлігі судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға кеңес береді. Сонымен бірге тауда да сақ болуды ескертуде.
«ТЖМ барша азаматтарға таулы жерлерде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, дайындықсыз тауға шықпауға кеңес береді. Тауда адасып кеткенде ең алдымен не істеу керек? Халықаралық практикаға сүйенсек, егер адам тауда адасып қалса, аман қалудың ықтимал 3 жолы бар. Біріншіден,  тоңып қалмауы үшін үнемі қозғалыста болу қажет. Екіншіден,  соңғы хабарлаған жерден кетіп қалмай, құтқарушылардың көмегін күту және мүмкіндігінше дыбыс немесе жарық белгілерін пайдаланып, көмекке шақыру. Бастысы, үрейге бой алдырмау. Жағдайға баға беріп, өзіңіз тұрған жер туралы мәлімет жинауға тырысыңыз. Ол үшін бұрын білетін жерден қаншалықты алысқа және қай бағытта қарай кеткеніңізді еске түсіріңіз. Ерекше есте қалатын биік шың, жолайрығы, сарқырама су немесе орман алаңқайы секілді белгілер болды ма? Жолда келе жатқанда нені көрдіңіз, барлық деректі картаңыз болса сонымен тексеріңіз. Егер сізде спутниктік навигация құралы болса, оны пайдаланыңыз», – дейді ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.

Қысқасы отандастарымыздың сақтықты ұмытпағаны абзал. Қауіп-қатер тауда да, далада да,  өзен-­көлде де аз емес. Әрине сақтық шараларын сақтамады деп алдымен аза­маттарды айыптармыз, бірақ  төтенше оқиғаның салдарымен  кү­рес­кеннен гөрі алдын алған дұрыс болса керек. Ол үшін туристік өңірлердегі инфрақұрылым, байланыс мәселесіне көңіл бөлетін кез келді-ау. 

Нұрлан ҚОСАЙ