Теріскейдегі тұрғыны таусылған ауылдар

Теріскейдегі тұрғыны таусылған ауылдар

Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар ауыл жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Өңірде барлығы 635 ауыл болса, соның тең жартысының болашағы бұлыңғыр. 112 елді мекенде тұрғын саны 50 адамға да толмайды. 10 шақты ғана адам тұратын 25 ауыл бар.

Болашағы жоқ деп танылған ауылдардың барлығында білім ошағы жоқ. Тұрғындардың жап­пай көшуіне бірден-бір себеп болған да осы жайт. Мәселен, ке­зінде дүркіреп тұрған Үлгі, Аман­гелді, Сарман, Алқа, Талапкер, Жекекөл, Мәдениет, Орталық, Қарақамыс, Суаткөл, Қоскөл сияқ­ты ауылдардың құруына білім оша­ғының оты сөнгені себеп болды. Жаркөл, Катанай, Николаевка, Трудовое, Коволь, Сливное, Мирное, Северное, Приозерное секілді 9 ауыл суды тасымалдап ішіп отырса, 61-інде сумен жабдықтау орталықтан­ды­рылмаған. 60 ауылда шаруашылық жұмысы жолға қойылмаған. Жол мәселесі де өзекті. Түптеп келген­де, осы секілді тұрмыстық қиын­дық халықтың үдере көшуіне түрткі болған.

ДӘУРЕНІ КӨШКЕН ДАЛА

Бүгінде облыс аумағындағы төрт ауылдың бір ғана тұрғыны бар. Солардың бірі – Жамбыл ауданындағы Амангелді ауылы. Белгілі жазушы Сафуан Шай­мерденов туған ауылдың мәдени-әлеуметтік нысандарының үйінді­леріне қарап көңіл құлазиды. Мектеп, дүкен, клуб, дәрігерлік қосын жермен-жексен. 1999 жылы мұнда түтін түтетіп келген
400 шақ­ты тұрғынның тең жар­тысы 10 жылда күрт азайып, басқа жаққа көшіп кетіпті.
Әділхан Байтасов бір жылдан бері бұл ауылда жалғыз тұрып жатыр. Жұртта қалған жігіт аға­сының жалғыз серігі де, сырласы да – жылқы. Бүгінде ол адам­дармен әңгімелесудің өзіне зар. Ермегі – мал бағу. Ауылдастары басқа жаққа қоныс аударуға бел байлаған кезде сатылмаған мал­дарын Әділханға сеніп тапсырып кеткен екен. Енді ол қысы-жазы соны ба­ғып күн көреді. Кіндік қаны там­ған жерден кеткісі жоқ.

«Та­бысым жақсы. Қалаға барсам мұн­дай ақша табу қайда?! Тұр­мысым жаман емес. Ешкімге тәуел­ді емеспін. Өз күнімді өзім көре аламын. Осы жерде туып-өскендіктен, әбден үйреніп қал­дым. Ешқайда кеткім де келмейді. Әрі жылқыларымды қимаймын. Жылқы малын жақсы көре­тінім соншалық, кетіп қалсам, жаутаңдап қалатындай болып тұрады» деп ағынан жарылды. Тіпті, ауырып қалса да, ешқайда бармай, қолынан келген ем-домын жасап алады. Тек кәрі ата-анасын бұрын аудан орта­лығы болған Благовещенка ауы­лына көшіріпті. Өйткені қарт адамдар алда-жалда ауырып қал­са, жағдайы мүшкіл болар деп осындай шешімге барған көрі­неді. Амангелдіде қыста боран болса, ешкім жол ашпайды. Сондықтан қарттарды дәрігерге апарудың өзі қиямет-қайым.  Өзі жолсызда атпен қатынап жүре беруге бейімделген. Суды 12 шақырым жерде орналасқан көрші ауылдан тасып ішеді. Үй шаруасын өзі реттейді. Көлігін де өзі жөндейді. Көңілге медеу болары, ауылда әзірге жарық бар. Сапасыз болса да интернет те қосылған. Туған-туыс, дос-жарандарымен ұялы телефон арқылы хабарласып отырғанына шүкіршілік етеді. «Кемесі апатқа ұшырағанда тіршілік нышаны жоқ аралда жападан-жалғыз қа­лып, керек-жарағының бәрін қолдан жасаған Робинзон Крузо­ға қарағанда менің жағдайым едәуір жақсы» деп күледі өзі.

Облыс орталығының бүйі­рін­де тұрған Янцено ауылы да құрып бітті. 2019 жылы бұл ауыл ресми түрде жабылған деп та­ныл­ды. Мұнда да бүгінде бір ғана адам тұрып жатыр. Алты жыл­дан бері Александр Бурма­гиннің бойы жалғыздыққа әбден үйренген. Әйелі қайтыс болған­нан кейін  ескі жұртты қиып кете алмаған Александр өзін бақытсызбын деп санайды. «Мен­де бәрі бар, тек бақыт жоқ» деп мұңаяды ол. Бау-бақша­сында картоп, қырыққабат, тіпті  тартатын темекісін де өзі өсіреді. Не керектің бәрі бар. Ол да адамдармен шүйіркелесуге зар.

Петропавлдан небәрі 40 шақырым жерде тұратын ер адамның облыс орталығына жолы түспегелі 20 жылдың жүзі болыпты. Пайғамбар жасына жақын­дағандықтан жуырда зейнетақы құжаттарын рәсімдеу үшін қалаға барған. «Мүлдем танымай қалдым. Адам таны­мас­тай өзгеріп кетіпті. Зәулім ғимараттар көп екен. Адамдары да өзгеше» деп таңданысын жасырмады.

Оның айтуынша, туып-өс­кен ауылында бұрындары 80 шақты үй түтін түтетіпті. 2009 жыл­­ғы халық санағының нәти­жесіне сәйкес, мұнда 6 адам бол­ғ­ан. Ауылдың негізін кезінде  неміс помещигі қалағандық­тан, тұрғындардың басым бөлігінің ұлты не­міс болған. Олар Гер­манияға көшіп кет­кен. Одан соң мектептің жоқтығынан бала­ла­ры бар отбасылар басқа жаққа бет алған. Ауылға апаратын жол асфальтталмаған. Салдарынан бірқатар адам қоныс аударуға мәжбүр болыпты.
Жалғыз қалған Александр ағаш бұта­лары­н­ан сыпырғыш жасап, соның арқасын­да күн көреді. Жасаған бұйымдарын 15 жыл­дан бері қаладан бір кәсіп­кер келіп са­тып алады екен. Артылғанын тасжолдың бойын­да отырып саудалайды. Өзіне де ермек. Бірақ қазір жасы келген сайын жұмыс ауырлап бара жатқанын жасырмайды. Көрші ауылдарда екі қолына бір күрек таба алмай жүрген жастарға өз кәсібін үйретпекші болып, көмекке шақырған екен. Табысының жартысымен бө­лісуге де даяр. Бірақ олар әр нәр­сені сылтауратып, бұл кәсіпке ниет таны­та қоймапты.  Өзінің 4 баласы, 4 неме­ресі бар. Олар бірге тұруға қанша шақыр­са да, қарт көнбей отыр. «Ауыл­дың жарығын өшіріп тастаса да, ешқайда көшпеймін. Жарықсыз да өмір сүре аламын. Барлық туған-туысқандарым, ата-әже­лерім, әйелім осы жерде жерлен­ген. Оларды тастап кете алмай­мын», –дейді ол.
Сонымен қатар Мағжан Жұ­ма­баев ауданындағы Изобиль­ное және Тайынша ауданындағы Мирное ауылдарында да бір-бір адамнан  тұрып жатыр.

УРБАНИЗАЦИЯ  НӘТИЖЕСІ

Облыстық Экономика бас­қар­масының мәліметі бойынша, соңғы бес жылда 38 ауыл жабыл­ған. Облыстық әкімдіктің мәлі­меті бойынша, өңірдегі бола­шағы жоқ деп танылған ауыл­дарда 2 532 адам тұрады. Оның 64 пайызы ересек адам болғаны­мен, арасында балалар да бар. Бірақ оларды оқытатын мектеп жоқ. Ендеше болашақта тағы 112 ауыл карта бетінен жойылып кетуі әбден мүмкін.

«Бұл үрдісті тоқтату мүмкін емес. Өйт­кені барлық жерде урбанизация жүріп жа­тыр. Тұрғыны аз ауылдарды ұстап отыру мем­ле­кетке экономика­лық тұрғыдан тиім­сіз. Сондық­тан ауылдарды тарату жұмысы ары қарай жалғастырыла береді. Соңғы уа­қыт­та халық санағына байланысты бұл жұ­мыс тоқтап тұр», – дейді облыстық Эконо­ми­ка басқармасының бөлім басшысы Жанар Ахмиева.

P.S.Соңғы жылдары ауылдық аймақ­тарды дамытуға Үкімет тара­пынан  түрлі бағдарлама қабыл­данып, миллиардтаған қаржы бөлінгені­мен, оның игілігін ауылдықтар көріп отыр ма?  Сол қаржыға ауылдарға жол салынып, су тартылды ма? «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» де­ген­дей, ауыл тұрмысы жақсы бол­са, халық үдере көшер ме еді? Әттең, осы сұрақтар мазалағаны­мен, оң жауап табу қиын. Осы қар­қын тыйылмаса, ертең ауыл­дардың барлығы жойылып кет­песіне кім кепіл?
Роза Шәкен,
Солтүстік Қазақстан  облысы