Қызылордалықтар «Nur Otan»-ға үміт артады
Қызылордалықтар  «Nur Otan»-ға үміт артады
225
оқылды

Қызылордадағы келеңсіз­діктерге шарқ ұрып әділдік іздеген тұрғындар «Nur Otan» партиясының пәрменімен талай тірлікті тіктеп жатқаны жасырын емес. Көзге көріне бермейтін қоғамдағы олқы­лықтар мен күн тәртібінен түс­­пей тұрған түйткілді мәсе­ле­лердің түйіні де осы партия қабырғасында тарқатылып жатқаның бірі білсе, бірі біл­мес, сірә. Айталық...

Таяуда «Nur Otan»-ның сай­лауалды бағдарламасының нақты бағыттарын іске асыруға, үйлес­тірілген жұмыстарды бақылауға негізделген партия жанынан 12 қоғамдық кеңес құрылды. Аталған қоғамдық кеңестер партия Төра­ғасының алға қойған міндеттерін ескере отырып, бюджет қаражаты­ның тиімді және ашық жұмсалуына мониторинг жасауды қамтамасыз етеді.
Әр саланы қамтыған 10-нан аса қоғамдық кеңестің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде көшбасшы партияның пәрмені одан әрі арта түсті десек те артық айтқандық емес. Қарапайым ха­лықтың тілімен айтсақ, «мәселені шешетін» ұйымға айналды.
КҮРМЕЛГЕН ТҮЙІН ТАРҚАТЫЛМАҚ
Қызылорда қаласына қарасты Абай ауылы тұрғындарының ауылдың іргесінен өткен көгілдір отынның игілігін көре алмай отыр­ғандарына он шақты жыл бол­ды. Бұл мәселе жылда қозғалға­нымен 600-ге жуық түтіні бар ауылға газ әлі келген жоқ. Осы мә­селені көтеріп, газетіміздің өт­кен санында «Құрғақ уәде халықты қажытты» тақырыбында мақала жарық көрді. Аймақтағы әрбір істің оң шешімін табуға ықпал етіп жүрген нұротандықтар бұл мәсе­лені де тұрғындардың пайдасына шешілуін бақылауға алғаны ауыл жұртын бір серпілтіп тастады.

Тұрғындардың айтуынша, ауыл әкімі осыдан 4 жыл бұрын әр шаңырақ табиғи газдың рахатын көреді деп сөз берген екен. Бірақ әдеттегідей уәде сол күйі орындал­май, жұрт әлі күнге көмір жағып, күл шығарып жүр. Осылай деп ашын­ған тұрғындар «Nur Otan» пар­тиясының облыстық филиа­лына барып, елді мекенге газ же­лісі тартылмай жатқанын жеткізді. 

 «Nur Otan» партиясы Қызыл­орда облыстық филиалынан: «Абай ауылы тұрғындары партия Төрағасының Бірінші орынбаса­рының қабылдауында болып, газ мәселесін жеткізді. Бұл жағдайды «Nur Otan» партиясы өз бақылауы­на алды. Ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстарына қажетті қара­жат бөлу жайы сессия отырысына ұсынылады» деген абайлықтар үшін жағымды хабар келді.
ШИЕЛІДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ ТЫЙЫЛМАЙ ТҰР
Бұл туралы партия жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқыланды.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2020 жылы облыс кө­лемінде сыбайлас жемқорлық си­патындағы қылмыстық құқықбұзу­шылықтардың тіркелуі 2019 жыл­мен салыстырғанда 130-дан 90-ға дейін, яғни 30,8% азайған. Ағым­дағы жылдың 4 айында облыс көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық құқық­бұзушылықтардың тіркелуі өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 53,4% азайғандығы бай­қа­лады, яғни 58-ден 27-ге төмен­деген. Дегенмен, 2020 жылы Шиелі ауданы бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы қыл­мыстық құқықбұзушылық­тардың тіркелуі 2019 жылымен салыстыр­ғанда 1-ден 2-ге дейін, яғни 100% өскен болса, осы жылдың 4 айында 0-ден 3-ке дейін көбейіп отыр.

Мұнан бөлек, Қазақстан Мем­лекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша де­партаментінің мәліметіне сәйкес 2020 жылы және 2021 жылдың қаңтар-мамыр айларында Шиелі ауданының жергілікті атқарушы органдарының лауазымды тұлға­ларына қатысты қозғалған тәр­тіптік істер мен жауапкершілікке тартылған тұлғалар да аз емес.

Оның ішінде әлеуметтік желіде резонанс алған мәселелер, каран­тин талаптарын бұзған мемлекеттік қызметшілер саны, әкімшілік құқықбұзушылық фактілері де жетерлік.
Бұл ретте, кеңес мүшелері Шиелі ауданы бойынша сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық­бұзушылықтың облыс көлемінде ал­дыңғы қатарда екенін ескеріп, аудан әкімінің өз қызметкерлеріне бақылау жасау, жұмысты үйлестіру деңгейінің төмендігін алға тарта отырып, партиялық жауапкер­шілігін Партиялық бақылау ко­мис­сиясының отырысында қа­рауды ұсынды. Ұсынып қана қоймай, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау бойынша талдау жұмысына аса мән берілу керегін тағы бір ескертті.
ПАРТИЯНЫҢ АРАЛАСУЫМЕН ЖАЛАҚЫСЫН АЛДЫ
Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасап, олардың құқықтарының қорғалуы төңірегінде заңнаманың сақталуын барлық құзырлы органдарға міндеттеген болатын. Бұл бағытта да Қызылордадағы партия филиалының басшылығы қоғамдық-партиялық мониторинг жүргізіп, мүмкіндігі шектеулі аза­маттар үшін қолжетімді орта қа­лыптастыруға өз үлесін қосып келеді. «Кедергісіз келешек» жо­басы аясында партия филиалынан құрылған партиялық бақылау ко­миссия мүшелері әлеуметтік ны­сан­дарға барып, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар үшін бейім­ділігіне тексеру жұмыстарын ұдайы жүр­гізіп отыр. Кейбір ғи­маратқа кі­ретін арнайы пандус­тардың талап­қа сәйкес келмейтіні анықталып, мекеме басшыларына ескерту берілетін жайттар да көп кездеседі.

Иә, қоғамда түрлі мәселелер бар. Соның ішінде, кісі ақысын жеп, жұмысшыларына келісілген қаржыны беруге құлықсыз жандар да кездеседі. Жалдамалы жұмыс істеп, еңбекақысын ала алмай, әбігерге түскен жандар да партия есігін қаққан. Қоғамдағы олқы­лық­қа бейжай қарай алмаған нұротандықтар дереу тексеріс жүргізіп, мәселенің оң шешімін табуға ықпал еткен. 

Ал қарттарымызды қадірлеуге, үлкенге ізет, құрмет көрсетуге және олардың ғибратқа толы өмір жолын жастарға үлгі ететін пар­тияда «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы бар. Жоба аясында жал­ғызбасты және әлеуметтік аз қам­тамасыз етілген тыл ардагерлерінің үйіне түрлі көмек тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Сонымен бірге, «Кедергісіз келешек», «Ұлы Дала Қазынасы», «Бақытты отбасы – бақытты балалық шақ», «Тарлан тарих тағылымы», «Сәтті қадам», «Жастар – Отанға!» және басқа да партиялық жобалар аясында біршама игілікті істер атқарылып келеді.
Н.ҚАЗБЕКОВ,
Қызылорда облысы