16 жол өлең үшін 18 жыл айдауда болған қазақ ақыны
16 жол өлең үшін 18 жыл айдауда болған қазақ ақыны
257
оқылды

1932 жылы қазақ даласын жаппай ашаршылық жайлаған кез. Сол кездегі орыс империясының мақсаты –  қазақтың ұшы-қиыры жоқ даласын, ен байлығымен бірге бауырына басу. Ол үшін көшпенді халықтың көзі ашық зиялыларын құрту керек деп шешті. Сталиндік жоспар, асыра орындалғаны соншалық - халық аштан қырылып, қазақ даласы өлексе сасыды. Осы оқиғаны көзімен көріп, ашынған жігіт Шахан Мусин көп ұзамай "Майлықара" яғни, азапты айдауға түсуіне себеп болған 16 жолдан тұратын "Наркомға хат" өлеңін жазды. Өлең бастан-аяқ, сол кездегі қазақ даласындағы жағдайды баяндаған.

HAPKOMFA ХАТ Сүйеніш қып сынған құрық-таяғын, «Қайран өмір, қайда сенің баяғың?» деп еңіреп, тепсе темір үзетін, Ер-азамат әрең басып аяғын… Мінерге ат, ішерге ас жоқ сенделіп, Ой-арманын әлдекімдер өңгеріп. Күлге аунатып, күресінге тастаса, Сен отырсың қай жеріңді меңгеріп?! Қараң қалып сый-салтанат, сән-сауық, Қабағынан қар емес-ау, қан жауып. Атамекен, алтын бесік елінен Әлдеқайда жеті түнде жер ауып. Айналасы ұлыған аш қасқырдай, Аш өзегі күйе жеген басқұрдай. Сонда-дағы жалбарынбай, жасымай, Жасанды бір Құдайларға бас ұрмай. Өзі шегіп ащы азабын аштықтың, Көзін сүзіп қала берді бастықтың. Голощекин атындағы жалаулы Ұзын «қызыл керуеніне» астықтың. Жұртта қалып жүре алмаған кемпір-шал Күңіреніп көкірек қан, көңіл дал. Құша беріп немересін, қош десіп Көз жұмысты, босап буын, құрып әл. Сәбилерін құрым киізге орасып, Әке-шеше тағы бірер дөң асып. Сүлдер құрып, Сібірге де жете алмай, Сұлай кетті айдалада жыласып. Күні кеше күн күлімдеп, көл күлген, Кең далада көмілмеген, көмілген. Ойда-қырда өлген қазақ жемтігі, О, замана, бұл азаны кім білген?! Талақ болып байлық, дәулет, бақ-мұрат, Енді зар боп сыңар тілім нан сұрап… Әне жатыр Шыңғыстауда Шәкәрім Қаныпезер атқан оқтан қансырап… Сақалынан ыстық жасы тарамдап, Өлерде де «елім, далам, балам» деп. Күңіренді Қақпажартас – қарт куә, Еңлік тағы иен көрінде мың аунап. Көрші осыны, ағатайым – бастығым, Ел-жұртыңа болмаса егер қастығың. Аштан қырмай асырашы, жатыр ғой Қоймаларда етің, майың, астығың. Көрші осыны, ағатайым – наркомым, Өзің қаздың көрін тірі әкеңнің. Баласың деп маған егер сенбесең, Айтсыншы анау Голощекин крайкомың. Естіп жүрсің, көріп жүрсің, білесің, Көрсең-дағы көрмеген боп күлесің. Күйбеңдейсің, жорғалайсың жағымсып, Дейсің бе әлде түпсіз түнек түнесін. Қайран елім, қарапайым қазағым, Тарттың міне, ауру, аштық азабын. Налыма, күт, кезең берген тағдырың Сыйлар екен тағы қандай мазағын.

«Поэзия әлемі» парақшасынан алынды.

Осы өлең оған қауіп болып төнді. 1936 жылы "Халық жауы" деген жалған жаламен Қиыр Шығыстағы "Колымаға" түседі. 10 жыл ауыр, азапты айдауда болады. 1946 жылы туған жері Семейге оралып, театрға жұмысқа орналасады. Шахан Мусин бостандықтың дəмін татып та үлгермеді. 1948 жылы баяғы "жау, тыңшы" деген жаламен қайта ұсталып, Сібірге өмір бойына жер аударылды. Сол үшін де өмірінің 18 жылын айдауда өткізді. 1954 жылы Сталин өлгеннен кейін ғана ақталып, босады. Елге оралған соң театрға қайта орналасып, өмірінің соңғы жылына дейін сонда жұмыс істеген.

Жиырма жылдай айдауда болса да, Шахаңның сексенге келгенше тісі түсіпті. Әрі қимылы да ширақ болған екен. Бірде атақты ақын Қалижан Бекхожин Шахаңнан: «Шахан, сен осы түріңді бермей, аса қартаймай қалай сақталып жүрсің?» – деп сұрапты. Сонда Шахаң: «Е, етті бұзылмасын деп мұздатқышта сақтайды ғой, мені де 20 жылдай 45-50 градустық қақаған аязы бар, қысы 9 айға дейін созылатын, табаныңнан өткен ызғар миыңнан бір-ақ шығатын суық жерде сақтады. Екіншіден, диета ұстаған адамның дене бітімі бір қалыпта сақталып, өзі қартаймай жүреді дейді ғой, мені сан жылдар ашқұрсақ ұстады. Үшіншіден, ешкім ұрып-соғып кетпесін, жүйкесі тыныш болсын деп 10 жылдап төрт бұрыштан төрт күзетші мылтық ұстап күзетіп тұрды, мен сақталмай, кім сақталады?! Менімен бірге болсаң, сен де қартаймас едің», – деп жауап беріпті.

Міне, қайсар қайрат пен өр рухтың мықтылығы! Жылдар бойғы айдау, суық жер, тар қапас, мұздай қаруланған күзет атамыздың рухын сындыра алмаған.