Сенатор Талғат Мұсабаев қызға шабуыл жасады деген айыптауға жауап берді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"24.06.2021 ж. кешкі уақытта Триатлон саябағында болған оқиғаға байланысты былай дегім келеді. Кешегі серуен кезінде ит жетектеген қыз бізге қарсы жүгіретін жолақпен келе жатты. Оған итінің тұмылдырықсыз екенін айтып, ескерту жасадым, себебі мұны басқа адамдарға қауіпті деп санадым. Бірақ бізге жағымсыз әрі дөрекі жауап берді, әлеуметтік желідегі парақшасында ол өзі де жазды", – деді Мұсабаев.
Оның айтуынша, қыз полиция шақыртқаннан кейін полицейлер келуін күтіп, куәлік беруге, өз құқығын заң бойынша қорғауға дайын екенін жеткізген.
"Полиция – ІІМ-нің екі қызметкері келген соң түсінік берілді, арызданушы да түсінік берді. Менің тарапымнан ешқандай да заңға қайшы әрекет, дене жарақатын салу әрекеті болған жоқ. Оның үстіне, қыз бізге қол созып, кешірім сұрады. "Ұрып-соғу" туралы айыптау негізсіз деп есептеймін", - деді ол.
Еске салайық, Мұсабаев пен астаналық тұрғын Алина Нұртастың қақтығысы 24 маусымда итпен серуендеп жүргенде болған. Алина Нұртастың айтуынша, оқиға орнына полиция шақырылған, кейін ол құқық бұзушы сенат депутаты Талғат Мұсабаев екенін білген.
Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті Tengrinews.kz тілшісіне бұл жанжалға Талғат Мұсабаевтың шынымен де қатысы бар екенін растады.