Шығыс Қазақстан облысында 12 жастағы қыз жоғалып кетті. Оны полицейлер мен еріктілер іздеп жатыр.
Еріктілердің мәліметінше, Марина Кнельц 17 шілде күні 13 жасқа толады. Жасөспірім 18 маусым күні Черемшанка ауылындағы үйінен шығып кетіп, сол күйі байланысқа шықпаған.
Жоғалған қыздың белгілері: бойы - 155-160 см, шашы ақ сары, дене бітімі арықша келген. Жоғалар күні Маринаның үстінде қара көк түсті олимпийка, сұр трико мен аяғында көк түсті үйде киетін аяқ киім болған.
ШҚО полиция департаментінің хабарлауынша, 24 маусым күні Глубоковский аудандық полиция бөліміне мектеп оқушысының әкесі жүгінген.
Ол 18 маусым күні үйден кетіп қалған кәмелетке толмаған қызы Марина Кнельцты іздеуге көмектесуді өтінген.
"Глубоковский аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері іздеу шараларын жүргізуде", — деп хабарлады ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкерлері жасөспірім туралы қандай да бір ақпарат білетіндерден 102 нөміріне хабарласуды сұрайды.