Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдіктері және Жетісу өңіріндегі кәсіпкерлер облыс пен қала аумағында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Талдықорғандағы салтанат сарайында өткен кездесу барысында Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев өзара келісімнің жай-жапсарын тарқата түсіндірді.
«Жетісу» ӘКК «ӨДИ» АҚ-ның ұйымдастыруымен өткен жүздесуде облыс пен қала басшылығы, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен ірі сауда желілері жетекшілері отандық өндіріс орындары шығаратын азық-түлік өнімдерін ешбір делдалсыз тікелей сауда орындарына жеткізу мәселесін талқылап, ортақ тоқтамға келді. Кездесуге Алматы облысы әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов, «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Руслан Қожасбаев, «Алматы» ӘКК төрағасының орынбасары Айдын Керімбек, сондай-ақ, ірі кәсіпорындар мен шаруа қожалықтардың басшылары, сауда желілерінің жауапты тұлғалары қатысты.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов өз сөзінде бірінші кезекте Алматы облысы әкімдігіне арнайы алғысын жеткізді. Облыс жетекшілігі қала басшылығы тарапынан түскен ұсынысты жерге тастамай, бірлесе жұмыс істеуді барынша қолдапты. Өңірдегі шаруашылықтар мен кәсіпкерлер көтерме бағамен қалаға азық-түлік жеткізетін болды. Бұл ынтымақтастық Алматы агломерациясында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігін тигізері сөзсіз. Мәселен, Көксу қант зауытымен келісім аясында 3,5 мың тонна қант қалаға жеткізіледі. Ал «JLC Сүт» ЖШС сүт өнімдері Алматы қаласында орналасқан дүкендері арқылы сауда көлемін ұлғайта түспек. Алда Magnum Cash&Carry дүкен желісінің сөрелеріне де «JLC Сүт» өнімдері қойылады.
Талдықорғанға Алматы қаласынан келген делегация «JLC Сүт» ЖШС сүт өнімдерін шығару зауытына, «Көгер ЛТД» ЖШС және «Алатау Құс» АҚ құс фабрикаларына, Көксу қант зауытына, «Маревен Фуд Тянь-Шань» ЖШС азық-түлік өнімдерін өндіру компаниясына және «Наздана» шаруа қожалығына барып, азық-түлік тауарларының шығарылуы барысын өз көздерімен көрді.
– Кездесу мен жасалған меморандумның қорытындысы бойынша біз азық-түлік тауарларын жеткізу бойынша келісімшартқа қол қойдық. Сондай-ақ Алматы қаласының әкімдігі Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге жеңілдетілген несие бере бастайды. Мысалы, Magnum Cash&Carry ірі сауда желісінің өкілдері сүт өндіруші «JLC Сүт» ЖШС-мен және «Көгер ЛТД» құс фабрикасымен ынтымақтастық орнатты. Болашақта облыста өндірілетін азық-түлік пен көкөністер сауда желілеріне тікелей жеткізіліп, алматылықтар мен Алматы агломерациясының тұрғындары үшін қолжетімді болады. Бұл іске басқа да азық-түлік шығарушылар мен сауда желілерін тартамыз, – дейді «Жетісу» ӘКК басқарма төрағасы Руслан Қожасбаев.
Алматы облысында былтырдан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен несиелеу тетігі қолданылады. Содан бері «Сабыржан company» ЖШС, «Көгер ЛТД» ЖШС, «Ақсай нан» ЖШС, «Ляззат-2016» ЖШС, «Ақсу қант» ЖШС және тағы басқа да бірқатар азық-түлік тауарын өндірушілерге жеңілдетілген несие беріліпті.
Қалай болғанда да, еліміздегі ең ірі мегаполис пен онымен қоңсылас үлкен облыста тұратын 4 миллионнан астам тұрғынды бағасы қолжетімді, сапасы күмән тудырмайтын азық-түлікпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес. Сондықтан еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің 20 пайызғы жуығын өндіретін Алматы облысының шаруалары және кәсіпкерлері мен ірі сауда орындары арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын делдалсыз тікелей сауда сөрелеріне жеткізу ісін жолға қоюдың маңызы зор. Мұндай қарекет бұрын да болған. Қымбатшылық жағадан алғанда барып жанталасатын биліктегілердің ықпалымен бұған дейін де меморандум жасалған. Бірақ жағдай сәл оңалса, ондағы тараптар міндетке алған уағдаластықтарын тарс естен шығаратыны шындық. Бірақ бұл жолғы талпыныстың жөні бөлек. Басқа-басқа, қыстай қалыпты бағада тұрған көкөністің, оның ішінде картоп пен сәбіздің бағасы шарықтап кеткені халықты алаңдатып тастады. Осы орайда, жұртшылық облыс шаруалары мен қала кәсіпкерлерінің азық-түлікті «араағайынсыз», халыққа тікелей жеткізу жолындағы келісімдерінен үлкен үміт күтеді.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы