Атырауда көлік апаты азаймай тұр
Атырауда көлік апаты азаймай тұр
178
оқылды

Елімізде сырқаттан емес, тасжолда болатын жол-көлік оқиғаларынан болатын адам өлімі көбейіп кетті. Жол апатынан мүгедек болып қалғандардың есебінен адам жаңылғандай. Құзырлы органдар мен халықтың өзі қауіптен сақ болуды ескертуден кенде болмаса да, күн сайын жол-көлік апатының болуы алаңдатады.

Елімізде жол-көлік апатының көбеюін құзырлы органдар автокөлік санының артуымен байланыстыруы себепсіз емес. Республика көле­мінде автокөлік саны жыл сайын өсуде. Бұл жағ­дай Атыраудан да байқалады. Бүгінгі мәлімет бо­йынша, облыс аумағында 164 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Ал 2014 жылы облыс көле­мінде 135 201 мың автокөлік тіркелген екен. Сөй­тіп, 7 жылдың ішінде облыста көлік саны 82 па­йызға өсіпті. Атырау облыстық Полиция депар­таментінен алған мәліметке сүйенсек, облыста автокөлік жолдарының ұзындығы 6 161 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 1 120, облыстық және жергілікті жолдар – 2055 шақырым, ауылшаруашылық жолдары – 113, елді мекен жолдары 2 873 шақырым. Сайып келгенде, халық санының өсуі мен ықшамаудандардың облыс орталықтарынан қашықта орналасуы да халықтың автокөлікпен жүруіне ықпал етеді.

Сонымен қатар соңғы жылдары жүктерді көлікпен тасымалдау үрдісінің өсуі байқалады. Полиция департаменті мен «КазАвтоЖол» АҚ мамандары республикалық маңызы бар авто­мобиль жолдарында бір тәулік ішінде жүретін автокөліктерге жүргізген, нәтижесінде «Атырау – Карабатан» жолымен – 8 215, «Карабатан – Доссор» жолымен – 5 347, «Атырау–Орал» тасжолы бойынша 6 150 жүк және жеңіл авто­көліктер жүргені тіркелді. Биылғы 5 айда облыс көлемінде 92 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жан түршігерлік оқиғадан 15 адам қаза болып, 126 адам жарақат алған.

Былтырғы кезеңмен салыстырғанда, жол-көлік оқиғасы жалпы 75 оқиғадан 92 оқиғаға, оның салдарынан жарақат алғандар 53,7 пайызға өсіп, ал қаза болғандар саны 28,6 пайызға дейін төмендеді. Республикалық маңызы бар тасжол­дарда жол-көлік оқиғасының саны 100,0 пайызға, одан қаза болғандар саны 75,0 пайызға , жарақат алғандар саны 184,6 пайызға өсіп отыр. Жол-көлік оқиғаларының алдын алу мен оларды ескертуге бағытталған кешенді шаралар нәти­жесінде биыл облыс көлімінде жол жүру ережесін бұзған 96 376 дерек тіркелген. Оның ішінде жүргізушілердің жылдамдықты асырғаны үшін 41 500, қарсы бағытқа шығу салдарынан 138 және мас күйінде автокөлік жүргізгендері үшін 322 құқықбұзушылық анықталған.

Жалпы, атыраулықтар мен Атырау өңіріне қатынайтын автокөлік жүргізушілері мен жолаушылар тарапынан «Атырау–Астрахан», «Атырау –Орал», «Атырау – Бейнеу», «Атырау – Құлсары» тасжолдарында жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Әсіресе, «Атырау –Астрахан» мен «Атырау –Орал» тасжолдарынан зәрезап болып, жергілікті билікке жол салу мәселесін жыл сайын айтатын тұрғындар бүгіндері тым болмағанда облыс орталығы Атырау қаласынан Құрманғазы ауданына қатынайтын пойыз шығаруды сұрайды. Себебі халық өз өмірін қауіп-қатерге тігуден шаршады.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы