Көкшетауда айы-күні жетіп, перзентханада босануға барған әйел дәрігерлердің кесірінен қазір жарымжан жандар қатарында. Осыдан тура екі жыл бұрын акушер-гинеколог дәрігерлердің қателігінен І топ мүгедегі болып қалған Айғаным Боташқа ота жасаған ақ халаттыларға сот үкімі шықты.
Оқиға осыдан тура екі жыл бұрын болған. Перзентханаға Айғаным Боташ мамыр айындағы мереке күндері түскен. Алайда кезекші дәрігерлер оның бұрынғы дәрігерлер жазған диагнозы мен тексерістерін назарына да алмапты. Дәрігерлердің шалалығынан құрсағынан су кеткеннен кейін 50 сағат бойы босана алмаған әйелге кесарь тілігін жасауға мәжбүр болған. Бұдан кейін қатты ауырған әйел отыз күн бойы комаға түсіп, ақыры барлық жатыры түгел алынып тасталған. Аяқ-қолдарының саусақ ұштарына дейін кесіп алуға мәжбүр болған әйел перзентханадан І топ мүгедегі болып бір-ақ шыққан.
Босанған әйелді мүгедек еткендер жазасыз қалды
Бүгін екі жылға созылған соттың соңғы үкімі шықты. Дәрігерлер Е. мен О. Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-тармағына сәйкес кінәлі деп табылған. Қылмыс аса ауыр емес санатқа жатқызылыпты. Қалалық сот судьясының айтуынша, қылмыстық құқықбұзушылықтың жасалғанына екі жылдан аса уақыт өтуіне байланысты кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
«Сот үкімімен сотталушылар О. мен Е.-нің қылмыстық іске айыпты екені анықталды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 71-бабына сәйкес, қылмыстық істің болғанына екі жылдан асып, қуыным мерзімі өтіп кеткендіктен әрі онша ауыр емес қылмыс болғандықтан, олар қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот өз бастамасымен оған бұдан ауыр жаза кесе алмайды. Өйткені прокуратура істі Қылмыстық кодекстің 317-бабына сәйкес қозғағандықтан, сот осы бап бойынша қарады. Соттың жеке ұйғарымымен Ақмола облысының көпбейінді облыстық ауруханасынан 3 928 168 теңге сомасында материалдық шығын, 15 млн. теңге моральдық шығын, сондай-ақ өкілдің көмегін өтеу шығындары үшін сотталушылардан 1 млн. 500 мың теңге өндіріліп алынды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – дейді Көкшетау қалалық сотының судьясы Ринат Шақуақов.
Оған қоса, сот прокуратура және Полиция департаментіне істі тергеу кезіндегі қағазбастылыққа жол бергені үшін жеке қаулылар мен дәрігерлер жұмысынан анықталған заңбұзушылықтарға байланысты Денсаулық сақтау басқармасына қаулы шығарылған.
Сотта сотталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Ал жәбірленуші жақ қағазбастылық пен уақыттың созылып кетуі сот үкіміне де әсерін тигізгенін айтады. Журналистермен әңгіме кезінде Арман мен Айғаным Боташ сот үкімімен келісіп, қанағаттанғанын білдірді.
«Заңда осылай жазылса, біз не істей аламыз? Келісуге мәжбүрміз», – дейді Арман Боташ.
Дәрігерлер әлі жұмыс істеп жүр...
Алайда акушер-гинекологтердің бұдан кейін де жұмыс істей беруіне олар қанағаттанбаған.
«Сотта дәрігерлерді айыптау үкімі шығарылды. Бұл - ең бастысы. Біз олардың осыдан кейін қайтадан жұмыс істегендерін қаламаймыз. Денсаулық сақтау басқармасы оларды жұмыстан шектейді деген сенімдеміз. Әрине, барлық дәрігерді жаман дей алмаймын. Олардың ішінде Айғанымның өмірін сақтап қалу үшін жанталасып баққандары қаншама?! Оларға шексіз алғысымызды білдіреміз», – дейді Арман Боташ.
Жәбірленушілер алда одан әрі күресіп, өміріне балта шапқан тағы төрт дәрігерді жұмыстан шығартуға барын салмақ ниетте.
«Наурыздың соңында Полиция басқармасы мен прокуратураға оларды теріс уәжбен атқарған лауазымдарынан шектеу туралы ұсыныс берілді. Бірақ бұл ұсыныс күні бүгінге дейін орындалған жоқ», – дейді Айғанымның жолдасы Арман Боташ.
Денсаулығым әлі қалпына келмеді...
Дәрігерлер жасаған қателік жас босанған Айғанымның өмірін тас-талқан етіпті.
«Мен жиырмадан артық отаны бастан кешірдім. Сепсис, перитонит, клиникалық өлім, өкпе, бүйрек пен бауырым істемей қалды. Бір айдан артық комада жаттым. Диализге тәуелді болдым. Өз бетіммен тыныс ала алмағандықтан, жасанды өкпені желдету аппаратымен жаттым. Қайтадан тыныс алуға, жүруге үйретті. Саусақтарымның басын, аяғымдағы башайларды кесіп тастады. Барлық аналық жыныс органдарымды кесіп алып тастаған. Енді балалы бола алмаймын. Ішімнің тоқсан пайыз терісі қайта алынып тігілген. Көп наркоз берілгендіктен, басым қатты ауырады. Жүрегім тоқтап қалғандықтан, үнемі тахикардия болады. Қазір әлі денсаулығым қалпына келген жоқ», – дейді Айғаным Боташ.
P.S. Жұбайларды әлі қандай қиындықтар күтіп тұрғаны беймәлім. Дәрігерлер қателігінен ауыр сынға тап болған Айғаным мен Арман шетелдік дәрігерлер мен емханаларды іздемек. Оған Денсаулық сақтау министрлігінен көмек болса дейді. Әрі болашақта басқа адамдар мұндай жағдайға ұшырамас үшін мемлекет тарапынан бақылаудың аса қатал болғанын жөн көреді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы