Қазақстандықтардың банк алдындағы несие қарызы жан басына шаққанда 420 мың теңгенің үстіне шыққан. Бүгінде ел азаматтарының қаржы мекемелеріне берешегі 7,9 триллион теңгеден асты. Халық алған несиенің 90%-ы тұрғын үй жағдайын жақсарту мен тұтынушылық мақсатқа жұмсалған.
Біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті жағдайға айналып кеткені соншалық, экономикалық белсенді қауымның 80%-ның басында бірден, екіден, тіпті үштен несиесі бар. Қаржы нарығын талдайтын «Бірінші кредит бюросы» ЖШС атқарушы директоры Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, несиелеу жүйесіне жыл сайын жаңадан 500 мың адам қосылады екен.
Бір қарағанда, бұл адамның жеке басының ісі сияқты, бірақ, түптеп келгенде, ол - мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының ең көкейкесті мәселелерінің бірі. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен кепілсіз тұтынушылық қарызы бар 500 мың адамның жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейін негізгі берешегі мен оған есептелген өсімақы қарыздарын өтеуді мемлекеттің өз мойнына алуының бір сыры осында.
Жұрт несиені не үшін алады?
Ең алдымен жұрт қарызды не үшін алатынына көз жүгіртейік: жеке тұлғалардың ссудалық портфеліндегі 7,9 триллион теңгенің 59%-ы – тұтынушылық несие, 30%-ы – тұрғын үй несиесі. Тұтынушылық несиенің жайы белгілі: теледидар, тоңазытқыш, электр плитасы, телефон, үтік, шәйнек сияқты күнделікті өмірде қажетті тұрмыстық заттар. Оның бірде-бірі республика аумағында шығарылмайды, бәрі шетелден тасымалданады. Сондықтан да бағасы қымбат.
Ал тұрғын үй жайына келсек, қазір 24,4 мың адам апатты баспанада өмір сүріп жатқанын, одан бөлек, 550 мың адам мемлекеттік қордан берілетін үй кезегінде тұрғанын ескерсек, ол да ешқашан өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ал ешқандай есепте жоқ, үйсіз-күйсіз жүргендер қаншама?!
Енді осы екі мұқтаждыққа таза «ұлттық» факторды қосыңыз: қазақ жағдайы қаншалықты мүшкіл бола тұрса да (жұрттан қалмас үшін), балаларының үйлену тойы үшін банктен қыруар қарыз алады. Қайта кейінгі екі жылда індетке байланысты ел ішінде той-томалақ азайып, талай ұл мен қыз «арзанға» отбасын құрып алып еді, бірақ осы бір ысырапшылдық мінез әлі де тыйыла қойған жоқ.
Қарыз қамыты
Бүгінде елдегі екінші деңгейлі банктердің несиелік портфелінің 30%-ы проблемалы деп танылған. Яғни, көпшілік алған несиелерін уақтылы өтей алмай жатыр. Оған борышкерлердің бірінің жалақысының жеткіліксіздігі себеп болса, енді біреулерінің табыс табарлық жұмысы жоқ. Осыдан қиналған адамдар бір несиені екінші несиемен жабу үшін банктерден қарыз алуға тағы кезекке тұрады. Яғни, тығырыққа тығылған жұрт несиеден құтыламын деп бұрынғыдан бетер берешекке бата түседі.
Белгілі қаржы сарапшысы Олжас Құдайбергенов: «Адамдарға әйтеуір бірдеңе қылып өмір сүру керек. Егер 2019 жылы несиелерін кешіргендердің басындағы жағдайын сұрап көрсең, олар ең бірінші туған-туыстарына, дос-жарандарына берешек болған, сосын қарыздарын қайтару үшін банктерден несие алған. Ақыр аяғында банктердің несиесін қайтаратын ақшасы болмай, пұшайман күйге түскен», – деді.
Әлбетте, қара халық мұқтаж болғандықтан, басқа амалы қалмағандықтан, банктен несие алады. Әйтпесе, біздегі қаржы институттары белгілеген 15-20 % өсімақымен несие алуға кім құштар дейсіз?! Оған комиссиялық алымдар мен жасырын үстемелерді тағы қосыңыз. Біздегі банктердің мөлшерлемесі қаншалықты жоғары болса да, халық күнкөріс үшін бәрібір несие алуға мәжбүр. Өркениетті мемлекеттерде (Еуропада, АҚШ-та, Жапонияда, басқа да елдерде) банктердің мөлшерлемесі 2-3 %-дан аспайды. Жергілікті халық тіпті оның өзін қымбатсынады. Ал мұндай мөлшерлеме қазақ үшін ертегі сияқты.
Айтпақшы, халық кейінгі жылдары денсаулығын сауықтыру үшін несие алуды азайтқан. Одан адамдардың денсаулығы күрт жақсарып кете қойды деп ойлау әбестік болар, бұл көпшіліктің күнкөрісі нашарлай түскенін білдірсе керек.
«Қара дәптерге» не жазады?
Елордада үлкенді-кішілі азық-түлік дүкендерінің көпшілігінде елдің қарызын жазып қоятын «қара дәптер» бар. Дүкеншіге көзтаныс болып қалған келушілер ақшасы жоқ болса, «қара дәптерге» қарызын жаздырып, қажетін ала береді. Бұл енді таза қазақстандық «ноу-хау». Ресейді қайдам, ал Еуропада, Америкада немесе Күншығыс елінде ондайды елестету мүмкін емес. Біздің көнбіс халық күнкөріс үшін оған да көнген. Дүкеншіге тауарының қарызға болса да өткені керек, ақшадан қысылған жанға жаздырып болса да тамақ алып ішуі керек.
Елордадағы Сейфуллин көшесінің бас жағындағы 4-5 дүкенге кіріп шықтық. «Жан и К» дүкенінің иесі Әбдумәжит Тастанұлы сауда орнын жалға алып, жұмыс істеп жатқанына 3 жылдан асқан екен.
– Дүкенге келген 10 адамның 3-еуі қарызға жаздырып әкетеді. Қазір жұрт жаздырып алған азық-түліктің қарызы 800 мың теңгеден асып кетті. Кейбір кісілер 50-60 мың теңгеге дейін қарыз. Бұл аудандағы үйлер мемлекеттік бағдарламамен салынған ғой, пәтер жалдап тұратындар көп, олар жиі көшіп-қонып жүреді. Кейбіреулері берешектерін бермей қашып кетеді. Ақшасын 2-3 ай, тіпті жарты жылдан кейін әрең қайтаратындар бар, – дейді ол.
– Қарызын қайтармайтын адамға неге бересіз? – деймін.
– Қалай бермейсің? Біреуі жалынып, ақырғы сөзін айтып тұрып алады. Біреулерінің жалақысын кешіктіріп жатады, енді біреулерінің тұрақты жұмысы жоқ. Оның үстіне, олар арақ-шарап алып жатқан жоқ қой, нан, су, вермишель, қант, өсімдік майы сияқты ас-ауқат сұрап тұрған соң бетін қайтара алмайсың.
«Әмина» дүкенінің сатушысы Нұргүл Ерболқызы:
– Жаңа жылдан бері тауарлардың бағасы қатты қымбаттады. Темекі мен арақ бағасына 50-100 теңге қосылды. Шоколадтар 40-50 теңгеге өсті. Нан бұрын 85 теңге болатын, енді 90 теңгеге әкелетін болды. Біз үстінен 5 теңге қосып, 95 теңгеге сатамыз, кей дүкендер 100 теңгеден сатады. Жалпы, тауардың бәрі қымбаттап кетті ғой. Жұрт бағаны құдды мен өсіріп жатқандай ренжиді, көтерме саудадан жеткізетін бағасы сол болса не істейміз?! Қарызға бермесең, ренжіп, дүкенге келмей кететіндер бар. Бізге клиенттің көп болғаны керек, әрине, олар төлем төлеуге қабілетті болса жақсы ғой. Айналадағы дүкендердің бәрінде де жұрттың қарызын жазып отыратын «қара дәптер» бар. Міне, қазір сатып алушылар дүкенге 550 мың теңге қарыз, – деп сатушы суырмадан қалың дәптерді алып көрсетті.
Жыл сайын нарық бағасының қымбаттауымен бірге ақшаның құнсызданып бара жатқанын да ескерген жөн. Осыған орай, Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин жалақыны индексациялауды заңмен бекітуді ұсынды.
– Жалақыны индексациялау – маңызды мәселе. Біз Еңбек кодексіне ғана емес, Конституцияға жұмысшылардың жалақысын, сондай-ақ түрлі әлеуметтік төлемді индексациялау туралы норманы енгізу керек деп санаймыз, – деді ол.
Өкінішке қарай, заңда мұндай норма жоқ. Дегенмен 2016 жылдан бастап индексациялау талабы үшжақты салалық еңбек шарттарында жазылатын болды. Ол енді жекелеген компаниялардың өз құзырындағы мәселе.
P.S. DF Eurasia компаниясының 20-65 жас аралығындағы 12 мың қазақстандық қатысқан зерттеуіне жүгінсек, ел азаматтарының 63%-ы егер жұмысын жоғалтса, күнкөріс көзінен айырылады екен. Ал депозитіміз бар дегендердің 23%-ы банктегі жинағының тек үш айға дейін ғана күнкөрісіне жететінін айтқан. Сондай-ақ жұмыс істеп жүргендердің 12%-ы жалақысының бір айдан екінші айға жетпейтінін, сондықтан ай соңында тамыр-таныстарынан қарыз алатынын мойындаған. Ал қарыз дегеніңіз де несиенің бір түрі. Тек пайызсыз.
Дәулет АСАУ