Қазақстан көшелері қайыршыға толды
Қазақстан көшелері  қайыршыға толды
399
оқылды

Қазақстанда бір апта ішінде ғана қайыршылықпен айна­лысып жүрген 62 шетелдік ұсталған. Олар енді елден алас­та­лады және ең кемі 5 жыл бойы орала алмайды. Дегенмен қала көшелері бәрібір қайыр-садақа сұрау­шылардан арыл­мауы мүм­кін. Сарапшылардың байламынша, бұл тұрғыда үрдіс-тренд өзгерді. Егер 10 жылдай бұрын тіленшілердің 80%-ы жат­­жұрттықтар болса, қазір қол жайғандардың көбі - қазақ­стан­дықтар. Жалпы, елде және әлемде бұл кері құ­­былыспен қалай күресуде? Осыны талдап көрсек.

Жұрттың тынышын алмаса, полиция тиіспейді

Көші-қон заңнамасын қа­са­қана бұз­ғандарды анықтау мақ­сатында таяуда, 7-16 маусым ара­лығында ел аумағында «Келім­сек-Мигрант» жедел алдын алу опера­циясы өткізілді. Оның бары­сында полицейлер барлық өңірде шетел­діктер шоғырлана тұрып жатқан жерлерге тексеру жүргізді. Жолай автокөліктерді тексерді. Нәти­­жесінде, жедел іс-шаралар кезінде көші-қон заңнамасын бұзудың 13 467 фактісі әшкере­ленген. Сонда қайыр-садақа сұрап, өткен-кет­кенге тиіс­кен 62 шетелдік ұсталды.

Қолға түскен 62 тілемсек – шетел­дік­тер. Ал «отандық» қайыр­­­­­­­шылардың саны әлдеқайда көп. Мысалы, тек Ақмола облы­сында ғана тәртіп сақшылары жарты жыл ішінде қайыр тілеп, жұртқа тиіскен 640 адамға айып­­­­пұл салыпты. Қо­­ғамдық орын­да қайыршылықпен айналысу – қоғамдық тәртіпті бұзу болып есептеледі. Бірақ ауыл-ай­мақта, тіпті, елорданың өзін­де кө­шеде қол жайып, жүргіншілерге үнсіз телмір­гендерге полицейлер көп тиі­се бермейді. Ал егер адам­дардың етегіне оралып, қо­­лына жармасып, ақша талап етсе немесе жолға шығып, көліктер ара­­сын араласа, ол әрекетті тәртіп сақшы­­ла­ры тыюы тиіс. 

Осы мақсатта Әкімшілік құ­қық­бұзу­­шылық кодексінде «Қо­ғам­дық орындарда тиісу» деген 449-бап бар. Ол бойынша «қо­ғам­дық орындарда бал ашу, қайыр­шы­лық, сексуалдық сипатта қыз­мет көрсету­ді күштеп таңу мақ­сатында тиіскен, яғни мазалап өтініш біл­­­дірген» жан 5 АЕК (14 585 теңге) айып­пұлмен жазаланады. Әдетте, бірінші жолы тек ескертумен құ­ты­­ла­ды. 1 жыл ішінде қайта қолға түс­­се, айыппұл 10 АЕК-ке (29 170 тең­­геге) дейін өседі. Немесе 5 тәу­лікке изоляторға қама­лады. Осы тірлік­пен шетелдік құрық­талса, ол 5 АЕК айыппұл төлеуі немесе Қазақ­­­стан­нан әкімшілік жолмен шығарып жіберілуі мүмкін.

Тіленшілерде тренд өзгерді

ІІМ-нің талдауынша, 10 жылдай бұ­рын ұсталған қайыршылардың 80 пайызы шетелдік болып келетін. Әсіресе, Тәжік­стан азаматтары және азаматтығы жоқ босқындар қарасы көп болған. Ол кезде заңнамада қайыр сұрауға қатысты еш­қандай бап жоқ-тын. Тиісінше, егер ұр­­лық жасамаса, төбелеске тартылмаса, тәр­­­тіп сақшылары тек полиция бөліміне әкеліп, әңгімелесіп, жөніне қоя беретін. Оларды құр әңгімемен тоқтата алмай­тыны даусыз. Сөйтіп, қалаларымыздағы кө­ріністі бұзатын, жұртшылыққа жай­сыз­дық әкелетін құбылыс белең алды. Ақыры 2016 жылы ІІМ-нің бастамасымен Әкім­ші­­­­лік кодекске әлгінде аталған 449-бап қосылды, айыппұлмен жазалау енгізілді.

«Қазақстанда қайыршылық бизнеске айналып кетті. Заңнамада ешқандай жа­заның болмауы Қазақстанда қайыр-садақа сұрау кәсібінің дамуына қолайлы жағдай жасады. ТМД елдеріндегі қатаң қудалаудан ыққан тілемсектер респуб­ликамызға ағылды. Олардың кейбір санатының табысы ресми, заңды жұмыс істейтін қатардағы көптеген адал еңбек­керлердің тапқан жалақысынан да асып түседі. Біз тек қоғамдық орындарда аза­­маттарға белсенді түрде тиісетіндерін жауапкер­шілікке тартамыз, – деді ІІМ-нің Әкім­шілік полициясы комитетінің сол кездегі төрағасы Игорь Лепеха.

Содан бері жағдай өзгере қойған жоқ. Тіленшілер саны көбеймесе, азаймады. Дегенмен олардың құрамында өзгеріс бар: көшенің басым көпшілігінде қа­­­зақ­стан­дықтар қол жайып жүр. Мысалы, Шым­кентте бір апта ішінде қалалық По­лиция департаментінің Жедел басқару орта­лығының «102» нөміріне саналы 21 азамат қоғамдық орындарда қайыр сұрап, тиіскендерге қатысты шағым айтқан.

Бұл «бизнестегілер» түрлі қулыққа баратыны да әшкереленді. Мысалы, өзін мүмкіндігі шектеулі адам ретінде көр­­сеткен қайыршы анықталды. Тұрғын­­дардың бірі шымқаланың Полиция де­партаментінің «Жедел әрекет ету» атты арнайы чатына әлдебір әйелдің өз еркімен жүріп-тұра алатынына қарамастан мүге­дектер арбасына отырып, жүргін­­шілерден ақша сұрап, мазалап жатқаны жөнінде хабарлама жазады. Расында, Республика даңғылында қайыр тілеп отырған әйелдің жеке басы анықталды: ол Қаратау ауданы Бозарық елді мекенінің тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары оның саусақ таңбасының іздерін алып, сұхбат жүргізіп, әкімшілік хаттама толтырып, ескертумен қоя берген.

Әрине, бұл «кәсіптің» қулықтары да жыл өткен сайын жаңғыра түсуі мүмкін. Мәселен, халықаралық ақпарат құрал­­дары Кореяда және Шотландияда көшеге қайыршы-роботтар шыққанын жазды. Ал Қытайда, дамыған елдерде тіленшілер қайыр-садақаны қолма-қолсыз ақшамен, картамен, терминалмен жинайды.

Қайыршылыққа куә болудан қымсынады

Шымкенттегі «Абай саябағында» ба­лиғат жасқа толмаған қызын қайыр­шылық жасауға үйретіп жүрген әке по­лицияға жеткізілді. Бұл дерек те қырағы адамдардың хабарлауы арқасында ашыл­ды. Абай АПБ №1 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары паркте ер адамды тауып алып, полицияға жеткізген. Ол 1957 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты. Осыған дейін Жамбыл облысында қайыршылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескертумен құтылған. Тәртіп сақшыла­рына ол Талдықорғанға қайту үшін ақша жетіспей жатқанын, зейнетақы алмай­тынын мәлімдеген. Қасындағы балақай өз қызы екен. Аталған жайт бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, құжаттар сотқа жолданған. Өткен жылы үлкен дау тудырып, қайтарып алынған зорлық-зомбылық туралы жаңа заң жобасы осындай әкейлерді ата-аналық құқы­ғынан айыруды қарастырған болатын. Сонда полиция баланы тартып ала алатын еді. Алайда қолданыстағы заңның жұмсақ болуы нәтижесінде сот көбіне баланы қолайсыз отбасында қалдыра береді.
Ақмолалық полицейлердің айтуынша, қайыршылардың «жұмыс орны» негізінен мешіт, шіркеу, базар, қалалық парк ай­наласында шоғырланған. Жарты жыл ішінде ғана Ақмола облысында 640 адам тілемсектенгені үшін жауапкершілікке тартылыпты.

«Егер қайыршылықпен бө­тен елдердің азаматтары айналысып жүрсе, олардың жалғыз әрекет ететінін, әлде артында қылмыстық топ тұрғанын анықтауға тырысамыз. Сондай-ақ олар арнайы есепке алынады. Көші-қон заң­намасын бұза берсе, сот шешімімен елден қуылады», – дейді полицейлер. 

Полицияның мәліметінше, бел­сен­ділік танытып, «102»-ні теретін шым­кенттіктерден айырмашылығы сол, ақ­молалық тұрғындар тіленшілерге назар аудармауға, қасынан жай ғана өтіп кетуге, олардың тиісуіне үнсіз төзуге не өз бе­тінше тойтаруға тырысады: «Аза­маттар­дың қайыршыларға шағымдануы сирек. Кейбірі тіпті құқық қорғау органдарына қоңырау шалғанымен, артынша куәгер ретінде қатысудан, қайыршылық фактісін растаудан бас тартады. Сондықтан поли­цияға қайыр-садақа тілену дерек­терін тіркеу және ол бойынша дәлелдемелер жинау қиынға түседі», – дейді жергілікті тәртіп сақшылары.
Бірқатар адамдар бұлардың артында қылмыстық топтар тұр деп үрейленсе, енді бірі қайыршылық ісі бойынша куә болудан арланады.

Тіленші «экспорттайтын» елдер бар

Жемқорлық сияқты қайыршылықты да бірде-бір ел жеңе алған жоқ. Әйтсе де, әлемде тіленшілікпен күрестің неше түрлі тәсілі қордаланған. Кезінде КСРО-да қайыршылық жасау – «паразитизм және қоғамға пайдалы еңбектен жалтару» ретінде қабылданды. Онымен айналы­сушылар Қылмыстық кодекс баптары бойынша сотталатын.

Бразилияда да 1941 жылғы Қыл­­мыс­тық бұзушылықтар туралы кодекске сәй­кес, қайыр сұрау қылмысқа теңес­ті­­рілген-тін және онымен шұғылдан­­ғандар 15 күннен 3 айға дейін тұтқын­далатын. 2009 жылы ғана мемлекет қыл­мыстық қуда­лауды жойды. Дегенмен Шетелдіктер туралы жарғының 65-ба­бына сәйкес, Бразилия шетелдіктердің тілемсектенуіне қатал қарайды. Мысалы, жатжұрттық адам жергілікті тұрғыннан әлдебір затын, айталық смартфонын уақытша пайда­лануға сұраса, бұл оны елден шығарып жіберуге себеп болуы мүмкін. 

Осы орайда, көрші өзбек елінің үлгісі қызықты: олар тіленшілерді тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Өзбекстанның Қылмыстық кодексінің 127-1-бабына («Қайыр­шылық») сәйкес, белсенді түрде ақша, тамақ және басқа да материалдық құндылық сұрағандар ұсталса, міндетті түрде 200 сағат қоғамдық жұмыс істеуі тиіс. Болмаса, 2 жылға дейін еңбекпен түзеу орындарына аттанады немесе 1 жылға сотталады. Егер қайыр сұрауға ба­­лаларды, қарияларды, мүгедектерді тартса, міндетті қоғамдық жұмыс 360 са­ғатқа, қылмыстық жазасы 3 жылға дейін өседі. Нәтижесінде, қазір Өзбек­станның ірі қалаларында қайыршы көзге түспейді. Оларды полиция дереу еңбекпен түзеуге әкетеді.

Швейцария осы күресте қулыққа барды. Ол таяуда, екі ай бұрын «қайыр­шылар саяхатын» жолға қойды: Basler Zeitung басылымының жазуынша, көше­дегі тіленшілерге, даладағы сығандарға Еуропаның кез келген қаласына тегін жолдама ұсынылады. Билетті алу кезінде тіленші адам Швейцарияға бірнеше жыл ішінде қайтпауға міндеттеме алып, тиісті құжатқа қол қояды. Ерте оралса, қатаң жазаланады. Швейцарияның көп елмен визасыз режимі бар. Бірақ бұл «қайыр­шылық экспорты» оларға ұнамауы мүмкін.

Елдос СЕНБАЙ.