Тектегі жұрнақтан қашан құтыламыз?
Тектегі жұрнақтан қашан құтыламыз?
293
оқылды

Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде бұл мәселе БАҚ бетінде ауық-ауық көтеріліп жүр. Кезінде Шерхан Мұртаза «арада ұрпақ өтер, келер ұрпақ тазаланар» деп үміттенген-ді. Қазір – ова, - еваны былай қойғанда, «Жаппаркеліні, Берік әулеті» деп жазуды шығардық. Ататегімізге келгенде, бірізділік жоқ. Одан қалса, орысша қосымшадан толық арыла алмай жүргенімізге біршама уақыт болғаны бар.

Ататекке қашан ребрединг жасаймыз?

Иә, бүгінде тегіндегі жалғауға қа­рап адамның қай жылдары дү­ниеге келгенін бағамдауға бо­лады. Мәселен, өткен ғасырда туылған адамдарда көбінесе -ова, -ева, -ина, -ин жұрнағы кездеседі. Одан кейін 2000 жылдардың басында -тегі деп жазу сәнге айналған-ды. Оның ішінде -ұлы, -қызы деп жаз­дыру да бар. Ал кейінгі жылдары есімі мен әке­сінің не бабасының есімін жұр­нақсыз жазу кең тарап жатыр. Кейде «келіні», «әулеті» деп жаз­дырғандарды кезіктіресіз. Қала берді, ілік септігінің -дың, -дің жал­ғауларын қосатындар да шық­ты. Қазбалай берсек, сөздің бір ұшы атына туған қаласын қо­сып, оған -әл қосымшасын жал­ғай­тындарға тиеді. Қысқасы, бір елде тегін жаздыру үшін он шақты үлгі қолдануға болады. Осы орайда, құжатта аты-жөнін жаздырудың заңды үлгісін қол­данысқа енгізу қажет тәрізді. Зиялылар бұл мәсе­лені бірнеше мәрте көтергенімен, ел арасында жағымпаздана қостау­дан артық демеу жоқ. Айтқан сөз айтқан жерде қала береді.
Ал мұндай істің басын аты-жө­німіздегі орысша жұрнақтан құ­тылудан бастау қажет. Осы түйт­­кіл төңірегінде әлеуметтік желі­де бірнеше жыл бойы наси­хат жүргізіп келе жатқан ұстаз Дархан Ардақұлы да «Рухани жаң­­ғыруды» ататекті жаңғыр­тудан бастау керегін атап өтті.

«Кезінде Әлихан Бөкейханұлы: «Қазақтың аты-жөнін орыс халқына елік­теп, «-ов,-ев» деп жазу тоқтатыл­сын. Бұдан былай, қазақ азаматтары өз аты-жөндерін ұлттық дәстүрмен Абай Құ­нанбайұлы деген сияқты жаз­дыр­сын, біз де Ахмет Байтұрсынұлы, Әли­хан Бөкейханұлы болайық»,– де­ген екен. Өзім де тегімді Ардақұлы деп өзгерткенмін. -Ов,-ев, -ова,-ева-дан құжат бойынша құтылу оңай, бі­рақ психологиялық жағынан қиын. Көпшілігі құлдық санадан шыға ал­май­ды. Қазақша сөйлейтін қазақ­тар­дың өзі де «ой, уақыт жоқ, құжаттың бар­лығын ауыстыру керек» деп жата­ды. Оның бәрі бос әңгіме, сылтау. Уа­қыт жоқ емес – ниет жоқ», – дейді ол.

Расымен, орысша жалғаудан құ­тыл­­ғыңыз келсе, ХҚКО барып, «те­гімнен қазақтың салт-дәстүріне бай­­ланысты –ов, -ев жұрнағын алып тастауыңызды сұраймын» деп арыз жазасыз. Әрине, одан кейін тегіңізге ыңғайыңызға келетін қосымшаны жал­ғауды өтінесіз. Мысалы, Самат Ма­ратұлы немесе Самат Жексен дей­тін нұсқаны таңдайсыз. Оған қо­сым­ша ретінде жеке бас куәлігі үшін 0,2 АЕК, төлқұжат үшін 4 АЕК көлемінде ақы ­төлейсіз. Ал орталық арызыңызды 3-7 күн ішінде қарап, шешім шы­ға­рады.

Ел айтып жүрген мәселе неде?

Аты-жөнін қазақыландырған та­нысымызға «басқа құжаттар үшін әурелеп жүрген жоқ па?» деп сұрақты төпелететініміз бар. Себебі қоғамда стереотип қалыптасып қалған: «бір жеке куәлігін ауыстырсаң, қалғанын да ауыстыруға тура келеді». Заңгерлер мұндай мәселе тумайтынын алға тартып отыр. Мысалы, тегіңізді қазақыландырғанда жеке куәлігіңіз бен төлқұжатыңызды ала барасыз. Артынша туу туралы куәлікті, неке куәлікті, диплом және тағы басқасын ауыстырудың қажеті жоқ. Өйткені ЖСН өзгеріссіз қалады. Яғни, жаңа текті де, ескі текті де компьютерден іздегенде бір адамның ЖСН көрінеді. Ал баланың туу туралы куәлігінде сіз­дің ескі тегіңіз көрсетілсе, алаңда­маңыз. Заңға сәйкес, «Неке және отбасы туралы» кодекстің 64-бабында көр­сетілгендей, ата-анасы тегін өз­герт­кен кезде кәмелетке толмаған ба­лалардың да тегі өзгереді.
Алайда аты-жөніндегі қате, атасы не арғы атасының тегін алу мәселесіне келсек, табаныңыздан тозуға тура ке­леді. Себебі мұндай түзетулер үшін жұ­мысты АХАЖ бөліміне барудан бас­тайсыз. Оған қоса кейбір тұста аға­сының тегі інісіне ұқсамайтын бол­са проблема туындауы мүмкін. Заңгерлер мұны «ХҚКО артық жұмыс істе­гісі келмейтінімен» байланыс­ты­рады.

Жақында әлеуметтік желіде Әділбек Жапақ осы мәселеге қатысты басынан өткен жағдайды жазған-ды. Оның айтуынша, Ресейде туған адам­дарда құжатқа келгенде проблема көп. Кейіпкердің інісі сол себепті 1,5 жыл құжатсыз жүрген. «Жақында куәлік жаңартқанда аты-жөнімді қа­зақ­шалайын деп едім, ХҚО қызмет­кері құжатты әрі-бері қарап, ауыстыру үшін Ресейге сұраныс жіберу керегін айтты. Оған шамамен 4-5 ай кетеді. Одан кейін зейнет жасына жеткенде қайтадан түбінен қазады екен. Менің туу туралы куәлігімде ата-анам Джапаков, інімдікінде Жапақов деп жазылғаны үшін зейнетақы қорын­дағы ақшамды ініме бере алмай жүр­геніме 3 апта болды»,– дейді ол. 

Иә, көпшілік осындай ірілі-ұсақ­ты мәселеге тап болып жүр. Кейбірін ХҚКО-дан АХАЖ бөліміне, одан Неке туралы куәліктегі жазу Туу тура­лы куәлікпен сәйкес болуын сұ­рай­ды. Ал ол үшін көші-қон полиция­сы­нан анықтама алуды тапсырады. Осы­лай мысық-тышқан ойынын ой­нап жүргенде әбден титықтаған жұрт «тегі құрсын, -ова болса, бол­сын» деп қолын бір сілтейді. Негізі, мұндай мәселе аты-жөніндегі қатені жөндеткенде не басқа текке ауысқан­да туындайды екен.

Қай нұсқаны таңдаймыз?

Бұдан кейін «қазақ тегін қалай жазуы керек?» дейтін сұрақты қарас­тырамыз. Жоғарыда айтқанымыздай, нұсқа көп болғанымен, бірізге түсіру керек-ақ. Көпшілік -ұлы не -қызы деп жаздыруды қолдайды. Одан бө­лек, ата текті -ов,-ев-сіз жазу да сәнге ай­н­алды. Бірақ осы тұста қоғам те­гіңізді орысша жұрнақсыз жазар болсаңыз, Оспан Сәкен емес, Сәкен Оспан деп жазу керегін айтып жүр. Байқасаңыз, халықаралық стандартта да алдымен аты, сосын тегі жазылады. Ал кейбір ұлтты тегіне қарап-ақ бірден ажыратасың. Мысалы, түрік­терде ата-тегіне «-оғлы», грузинде «швили», «-дзе» қосымшасы жалға­на­ды. Сондықтан ұлттық кодқа айна­лар, заң жүзінде стандарты бар аты-жөн жұрнағы қазаққа да керек.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ