Отан қорғау қызметінде жүрген әскери қызметшілердің баспаналы болуы үшін соңғы шыққан заңда қандай өзгерістер бар, мәселе қаншалықты шешімін тауып жатыр, сараптап көрейік.
Заң бойынша тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері әскери қызмет өткеру кезеңінде мемлекет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты іске асыру қызметтік тұрғын үй беру немесе әскери қызметшілердің жеке арнайы шотына тұрғын үй төлемдерін аудару арқылы жүзеге асырылады.
Ал енді ресми мәліметке сүйенсек, бүгінде тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер тізімінде 47 138 адам тұр. Ал тұрғын үй қорында 12 444 пәтер мен жатақханада 4 562 бөлме бар. Оның 4 293 пәтері мен жатақханадағы 2 375 бөлмесі ашық әскери қалашықта орналасса, 5 447 пәтер мен жатақханадағы 1 512 бөлме жабық әскери қалашықта, ал 2 692 пәтер және жатақханадағы 687 бөлме оқшауланған әскери қалашықта орналасқан.
Бұрын қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету 2013 жылғы 1 қаңтардағы әскери қызмет мерзіміне байланысты жүзеге асырылатын. Ол бойынша барлық әскери қызметшілер үш санатқа бөлінді. Бірінші санат бойынша көрсетілген уақытқа дейінгі әскери қызмет мерзімі 10 жылдан кем әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік тұрғын үй беріліп, мұндай қызмет болмаған жағдайда тұрғын үйді жалдау үшін мақсатты өтемақы төленді.
Екінші санатқа сәйкес әскери қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі әскери қызметшілерге қалдық сомасы бойынша тұрғын үйді жекеменшіктендіру құқығы болды, бірақ қызметтік тұрғын үй берілгенге дейін тұрғын үйді жалға алғаны (жалдағаны) үшін мақсатты өтемақы ала алмады.
Үшінші санат. Көрсетілген уақытқа дейін 15 жылдан астам қызмет еткендерге күнтізбелік мерзімде 20 жыл әскери қызметте болғаннан кейін ақысыз жекешелендіру құқығымен қызметтік тұрғын үй берілді, сонымен бірге тұрғын үйді жалға бергені үшін мақсатты өтемақы құқығы жоқ қызметтік тұрғын үй.
Ал ұсынылған қызметтік тұрғын үй жекешелендіруге жатпаған жағдайда, тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құқығы бірреттік ақшалай өтемақы төлеумен ауыстырылды.
Тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйе мәселені толықтай шеше алмады. Бұған дейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес баспанаға мұқтаж әскери қызметшілер мемлекет тарапынан бөлінетін төлемдерді тек пәтер жалдауға жұмсап келді. Жыл сайын әскерилерге тұрғын үйді жалдап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәселесі шешілмеген еді. Оның үстіне әскери қызметтен босаған адамға пәтер жалдауға берілетін бюджеттік қаржы бөлінбейтін.
Ал 2018 жылдан бастап аталған жағдай өзгеріп, заңдарға енгізілген бірқатар өзгертулер нәтижесінде тұрғын үй төлемдері тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілердің барлық санаттарына, әскери қызмет өтіліне қарамастан, оларды ай сайын екінші деңгейдегі банктегі жеке арнайы есепшотқа аудару арқылы төленетін болды.
Заңға сәйкес 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғын үй төлемдері арқылы жүзеге асырылады. Енді тұрғын үйді жалдау үшін өтемақы «ұғымы» тұрғын үй төлеміне «ауыстырылды». Ал тұрғын үй төлемі әскери қызмет өтіліне қарамастан әскери қызметшілердің барлық санатына берілді. Бұл ретте әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үйді одан әрі жекешелендірумен алу немесе қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы алу құқығы сақталады.
Сөйтіп, 2017 жылғы 12 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес әскери қызметшілер тұрғын үй төлемдерін тек пәтер жалдауға емес, сондай-ақ оларды «Отбасы банкіндегі» шоттарында жинап, жеңілдетілген несиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банктердегі ипотекалық займдарды қайта қаржыландыруға және де үлестік тұрғын үй құрылысына қатысуға пайдалана алады. Яғни, несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әскери қызметшінің ай сайынғы жалақысынан емес, мемлекет тарапынан бөлінетін тұрғын үй төлемдері есебінен алынатын болды.
Бұл заң жобасы үш санаттағы әскерилердің барлығына қатысты орындалады. Осы күнге дейін бюджеттен бөлінетін қаржы І топтағы әскери қызметшілерді (10 жылдан кем қызмет еткендер) ғана арендалық баспанамен қамтуға жеткен. Тұрғын үй қорының шектеулігіне байланысты қазынадағы пәтерлер бәріне бірдей жете бермегеннен, көп әскерилер баспанасыз жүрді. Жаңа заң осы олқылықтың орнын толтырды.
Тағы бір маңызды жаңа норма жабық әскери қалашықтар мен заставаларда орналасқандықтан, жекешелендіруге жатпайтын қызметтік баспанамен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге қатысты. Заң жобасы бойынша оларға сол өңірге тиесілі тұрғын үй төлемдері ай сайын 50 пайызының көлемінде аударылатын болады. Бұл шара оларға алыстағы гарнизондарда әскери қызмет өткеруге кеткен уақытты қаржылай өтейді және әртүрлі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік береді.
Себеппен жұмыстан шығарылған әскерилерге де баспана тиесілі. Оларға жұмыстан шығып кеткен уақытына дейін тұрғын үй төлемақысы төленеді.
Заңға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде 2018 жылы 14 000 әскери отбасы баспаналы болды. 5 772 әскери қызметші біржолғы тұрғын үй төлемі мен ақшалай өтемақы алды, 1 244-і қызметтік үйін жекешелендірді. 7 000 әскери қызметші тұрғын үй бағдарламасына қатысқан. 2018 жылы – 310 пәтер, 2019 жылы – 520 пәтер, 2020 жылы 414 пәтер жекешелендірілді.
2018 жылы 40 096 әскери қызметшіге 35,8 млрд теңге көлеміндегі тұрғын үй төлемі төленді. Қамтамасыз етілмеген кезеңде жұмыстан босатылған кезде 1,1 млрд. теңге көлеміндегі біржолғы тұрғын үй төлемі 140 әскери қызметшіге төленді. 897 әскери қызметшіге қайтарымсыз жекешелендіру құқығының орнына 17,7 млрд. теңге ақшалай өтемақы берілді. Бұл үрдіс 2019 және 2020 жылдары да жалғасын тапты. Атап айтқанда, 2019 жылы 43,7 млрд. теңгенің тұрғын үй төлемі 42 084 адамға, 2020 жылы 50,2 млрд. теңге 60 630 адамға төленді. Ал 2019 жылы қамтамасыз етілмеген кезеңде жұмыстан босатылған 2 350 адамға 10,5 млрд. теңге, 2020 жылы 3 282 адамға 9 млрд. теңге төленді. 2019 жылы 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап 2018 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңде әскери қызметтен шығарылған адамдарды өтеусіз жекешелендіру құқығының орнына ақшалай өтемақы 11 адамға 137 988 мың теңге, 2020 жылы 37 адамға 1,3 млрд. теңге төленді. Жалпы, сол жылдарда әскерилерді баспанамен қамтамасыз ету қарқынды түрде жүргізілді.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қарулы Күштерде 742 адам жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйде тұрған. Оның ішінде 312 адам жекешелендіруге жатпайтын және жабық немесе оқшауланған әскери қалашықта орналасқан қызметтік тұрғын үйді жекешелендіруге жататын тұрғын үйге айырбастау құқығын пайдаланды. 430 әскери қызметші қызметтік тұрғын үйлерді алуды жалғастыруда.
Жалпы, тұрғын үй төлемдері барлық санаттағы әскери қызметшілерге бірдей төленеді. Оның ішінде тұрғын үймен қамтамасыз етілмеген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 100 пайызы, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдерінің 50 пайызы аударылады.
Бұл заңның өзгешелігі бойынша 2018 жылдан бастап еңбек өтіліне қарамастан барлық әскери қызметшілерді пәтермен қамту көзделген. Енді әскери қызмет уақыты ескерілмейді. Төлем сомасы отбасы мүшелерінің санына қарай есептеледі.
Осы орайда, «Отбасы банкі» арнайы қаржы бөліп, арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. «Бұл бағдарлама әскери қызметшілердің тиімді шарттар бойынша өз баспанасына қол жеткізуіне көмек көрсету мақсатында дайындалып, іске қосылды. Арнайы осы үшін «Отбасы банкі» 98 млрд. теңге қаражат бөлді. Олардың 48 млрд. теңгесі – банктің өз қаражаты, ал 50 млрд. теңгесі – қарызға алынған ақша» делінген банктің хабарламасында.
Айта кетейік, «Әскери өнім» бағдарламасына, әсіресе Нұр-Сұлтан, Алматы және Семей қалалары мен Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының тұрғындары белсенді түрде қатысты. Ал «Отбасы банкі» алдағы 15 жылда 60 мың әскери азаматты баспанамен қамтуды көздеп отыр.
Отанын қорғау жолындағы әскери қызметшілерді материалдық және моральдық қолдау, олардың баспана мәселесі әрдайым мемлекет назарында.
Е.ТАЙЖАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты