Ғылыми-реставрациялық жұмыстардың олқылықтары айтылды
Ғылыми-реставрациялық жұмыстардың олқылықтары айтылды
262
оқылды

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша әзірленген Жол кар­тасында 2025 жылға дейін 259 мәдениет ныса­ны­ның құрылысын жү­зеге асыру жоспарланса, биыл соның 89-ы салынып, 211-і жөн­деуден өту ке­рек. Бағдарламада көзделген мақ­сат­тар іс жүзінде атқарылып жатыр ма және ғылыми-реставрациялау жұмыс­тарын жүргізу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, сонымен қа­тар мәдениет нысандарын салу және жөндеу кезінде тағы қандай мәселелер ескерілуі керек? Бұл туралы «Nur Otan» па­р­тиясы жанындағы Miras республи­калық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында айтылды.

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бүгінде республика бойынша 43 мәдениет нысанын салу және қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Жол картасына сәйкес, биыл жөндеуден өтуі тиіс 211 нысанның 107-сінде жұмыс жүргізілуде. Осы ретте сала басшысы қазір жоспарда бекітілген көр­сеткіштердің толық орындалмау қаупі бар екенін жасырмады. Себебі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәдениет объектілерін салу, қайта жаңарту мен жөндеу жұмыстары жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіреді.

– Жол картасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдардан 2021 жылғы «Жұмыспен қамту», «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламалары аясында қаржыландыруға бюд­жеттік өтінімдер ұсынылған болатын. Алайда қазіргі экономикалық ахуалға байланысты республикалық бюджеттен қолдау таппай отыр. Жұмыстарды жандандыру мақсатында жергілікті атқарушы және мүдделі мемле­кеттік органдарға, атап айтсақ, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне тап­сырма берулеріңізді сұраймын, – деді министр. 

Осы орайда, Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазір реставрация жүргізетін ме­кемелер мен ғалымдардың арасында туын­дап отырған қарама-қайшылық туралы айтты. Оның айтуынша, көптеген ескерт­кіш­терді қайта қалпына келтіру жұмыстарына ғалымдардың көңілі толмайды. Себебі олар реставрациядан гөрі құрылыс жұмыстарына көбірек ұқсап, еурожөндеу сияқты жасалған.

– Реставрация жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Жеткілікті қаражат бөлінеді, мекеме де бар. Бірақ сол мекемелерде маман­дар тапшы. Реставратор мамандардың тап­шылығы өңірлерде қатты байқалады. Көбіне қалпына келтіру жұмыстарын құрылысшылар атқарады. Мәселен, Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің іргесіндегі Орда Базар қалашы­ғында іргетасын кәдімгі үй салғандай төрт­бұ­рыштап цементтен құйған. Тарихи кесенелер осылайша көнелілігін жоғалтып алады. Мұндай мысалдар көп. Сондықтан тарихи-мәдени орындардағы жұмыстардың арнайы ма­ман­дармен, ғалымдармен ақылдаса оты­рып жасалуына көңіл бөлсеңіздер, – деді депутат министрге. 

Ал Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры Ерлан Сыдықов «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасында қайта қарайтын мәселе бар деп есептейді. Аталған жобада ұлттық құн­дылықтар республикалық және өңірлік нысандар деп бөлінген.

– Бұл идеологиялық жағынан да, адам­гершілік тұрғысынан да дұрыс емес. Сонда қалай Сұлтанмахмұт – Павлодардың, ал Мәди – Қарағандының ғана тұлғасы немесе құндылығы болып қала ма? Оларды әр об­лыстың проблемасына айналдырудың қажеті жоқ. Сондықтан да елдің мәдениеті мен бір­лігіне қызмет ететіннің бәрін ұлттық құнды­лық деп бір ғана институционалды мәртебе бе­руді ұсынамын. Ал бұл мәселеде облыс, ай­­маққа бөлу жұмыс бабы үшін ғана пай­даланылуы керек, – деді ол.

Е.Сыдықов қазақ халқының шетелдегі мәдени нысандары мен тарихи-мәдени құндылықтарының тізбесі туралы мәселені алға тартты.
Шетелдерде де қазақ тарихына қатысты нысандар, тарихи-мәдени жәдігерлер баршылық. Олардың тағдырына қоғам алаңдаушылық білдіреді. Жиын барысында сон­дай жәдігерлерді күтіп-баптау жауапкер­шілігіне қатысты халықаралық мәселелер бар екені айтылды. Сондықтан кеңес мүшелері әл-Фараби, Сұлтан Бейбарыс, Төле би, Құрманғазы, Мұстафа Шоқай және тағы басқа жат жерде жерленген арыстарымыздың қорымдары қазақ халқының ұлттық құн­дылықтарына енуі керек деп есептейді. Кеңес мүшесі, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бүгінде Түркістандағы Ясауи кесене­сінің маңында үлкен қарқынмен жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына қатысты алаңдаушылығын білдірді.

– Мұнда бір кездері гидромелиоративтік-құрылыс мамандары құрғақшылық мәсе­лелерін, судың шығу деңгейін анықтап оты­ратын. Қазір осы мәселе ескеріле ме? Әсіресе, «Керуен сарайды» салу, кесене маңын кеңейту кезінде асқан мұқияттылық қажет. Олай болмаған жағдайда мавзолейдің іргесі ыза тартуы мүмкін. Сондықтан кесенелерде реставрация жасаған кезде міндетті түрде гидромелиоративтік-құрылыс мамандары мен археологтер қатысқаны жөн деп ойлаймын, – деді.

Сондай-ақ сенатор реставраторларды даярлау мәселесін қазақта бұрыннан бар ұсталық атакәсіпті дамыту және Иран, Өзбекстан, Түркия елшіліктерін пайдалана отырып, реставраторларды қысқа мерзімде даярлайтын бағдарламалар жасау сияқты жолдармен шешкен жөн деген ұсыныс айтты.
Жиын барысында қара археологиямен күресу, Мәдениет министрлігінің мәртебесін көтеру, тарихи-мәдени ескерткіштерді функ­ционалды түрде қолдану, ғылыми-реставра­ция­лық жұмыс атқаратын мекемелерге ли­цензия беру, мамандардың біліктілігін арт­тыру, ғылыми-реставрациялық жұмыс есеп­терінің орталықтандырылған базасын жа­сақтау және мониторинг жүргізу, аршылған, қазылған нысандар мен орындарға рекульти­вация жасау мәселелері сөз болды.
Мәжіліс депутаты, кеңес төрағасы Жанарбек Әшімжанов жиынды қорытын­дылай келе, Miras республикалық қоғамдық кеңесі барлық қатысушылардың баяндама­ларын, ой-пікірлерін тыңдап және талқылап, Үкіметке оннан аса ұсыныс жолданатынын жеткізді. Атап айтқанда, қазақ елінің ұлттық тарихи-мәдени мұрасы саналатын Өзбекстан­дағы Әйтеке би, Сейітқұл баба кешеніне, Төле би кесенесіне және Ресейдегі Бөкей хан мен Сейіт баба мемориалды кешеніне реставрация жасау мүмкіндіктерін қарастыру, тарихи-мәдени ескерткіштердегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойы­латын біліктілік талаптары мен шарт­тарын сала мамандарымен бірлесе отырып қайта қарастыру, жыл сайын мамандарды аттестациялау тәртібін енгізу мәселесі баса назарға алынады. Сондай-ақ ғылыми-рес­тавра­циялық жұмыстарды атқару барысында әрбір нысанның ерекшелігін ескеру және оларды әлемдік стандарттарға сәйкес жүзеге асыру, атқарылған ғылыми-реставрациялық жұмыстар есептерінің орталықтандырылған базасын жасақтау, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды атқаратын мамандардың бі­ліктілігін арттыру мәселесін жолға қою және басқа да ұсыныс жолданды.
Ерке ЕРҚОҢЫР