«Отанға барар жол»: қандастарға Қазақстанда тегін оқуға қандай мүмкіндік бар?
«Отанға барар жол»: қандастарға Қазақстанда тегін оқуға қандай мүмкіндік бар?
412
оқылды

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Отанға барар жол» байқауы қалай өткізіледі?

Халықаралық білім беру корпорациясының бастамасымен шетелде тұратын қандастардың Қазақстанда жоғары білім алуына мүмкіндік беретін ХБК Бақылау кеңесінің төрағасы Айғазы Әмірланұлы Құсайынов атынан «Отанға барар жол» байқауын жариялады. Халықаралық білім беру корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев «Отанға барар жол» байқауының қалай өткізілетінін түсіндірді. Меңдіғалиевтің айтуынша, Қазақстанда бакалавриатқа қабылдау ережесі бойынша шетелдіктердің мемлекеттік грант байқауына қатысуға құқығы жоқ. Шетелде тұратын ұлты қазақ отандастарға бөлінген грант жалпы гранттың 4%-і ғана тиесілі.

«Бакалавриатқа оқуға түсуге мемлекеттік грант алу үшін отандас талапкерлер де қазақстандық түлектермен бірдей ҰБТ тапсыруы тиіс. ҰБТ міндетті және бейінді пәндерден тұрады. ҰБТ-да Қазақстан тарихы, оқу сауаттылығы және математикалық сауаттылық міндетті. Бейіндік пәндер талапкерлер оқуға түсетін білім беру бағдарламаларына сәйкес таңдалады. Қазақстан тарихы, Қазақстан географиясы секілді пәндерді, шетелдің мектебінде базалық оқу бағдарламалары бойынша ерекшеленетін, кейбір мектептерде тіпті оқымайтындықтан, көп жағдайда ҰБТ-да отандастардың осы пәндерден алған білімі жеткіліксіз болып жатады, – деді ол.

Сондықтан грантқа түсу үшін мемлекет бөлетін 4% квота отандастар үшін қолжетімсіз. Себебі, көбісі жоғары оқу орнына түсуге шекті балл жинай алмайды. Шетелдік азаматтар сияқты отандастар жоғары оқу орындарында әңгімелесуден өту негізінде ақылы түрде оқуға құқылы. Бірақ көбісінің ақылы оқуға мүмкіндігі жоқ.

«Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарын біздің бастаманы, этникалық қазақтарды қолдауға шақырамын. Егер келешекте 129 жоғары оқу орнының әрқайсысы 1 гранттан бөлсе, тиісінше 129 отандас Қазақстанда оқуға мүмкіндік алады», – деді ол.

Халықаралық білім беру корпорациясының ректоры Маргарита Имандосованың айтуынша, бұл бастаманың мәні өте зор.

«Бұл байқау ұлты қазақ азаматтарға сапалы білім алуға мүмкіндік беру үшін ұйымдастырылып отыр. Жалпы, шетелден келген студенттердің Қазақстанға, оқу жүйесіне бейімделуіне уақыт керек екені түсінікті жайт. Бұл бағытта біздің корпорацияның тәжірибесі мол. Корпорацияның құрамына кіретін Қазақ Бас сәулет-құрылыс академиясы мен Қазақ-Америка университетінде 69 шетелдік студент білім алып жатыр. Ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алып жатқандар да бар. Бізде оқуға қажет барлық жағдай жасалған. Әрдайым көмектесуге әзірміз. Сол себепті, байқау арқылы біздің грантты иеленетін қандастар елге келгенде еш кедергіге тап болмайды» ­– деді Маргарита Амандосова.

Корпорациясының бірінші проректоры Қайыржан Меңдіғалиев байқау ережесі барлық қандасқа қолайлы екеніне де тоқталды.

«Шетелде бес миллионға жуық қазақ тұрады. Қазақстанда оқығысы келетіндердің қарасы көп. Бұған әлеуметтік желілер арқылы және біздің байланысу орталығына келіп түскен хаттар дәлел. Білім және ғылым министрлігінің қандастарға арналған бағдарламасы бар. Бірақ қандастардың көпшілігі қажетті ұпай жинай алмай қаламыз-ау деп қорқады. Сол себепті, корпорацияның Бақылау кеңесі «Отанға барар жол» байқауын ұйымдастырып, қандастарға 20 грант бөлу туралы шешім қабылдады» ­– деді ол.

Қазақстанда оқығысы келетін қандастар байқау арқылы ҰБТ тапсырмай-ақ, оқуға түсе алады. Байқаудың бірінші кезеңінде талапкер әлеуметтік желіде қазақ тарихындағы танымал тұлғалар туралы эссе жазуы тиіс. Екінші кезеңде «Мен неге Халықаралық білім беру корпорациясына түскім келеді?» деген тақырыпта эссе жазуы қажет. Бұл екі кезеңнің қорытындысы 18 шілде күні белгілі болады. Сосын 25 шілдеде әңгімелесу кезеңінен өтіп, ертеңіне жеңімпаз анықталады.

Қандастарға қолдау көрсететін жоғары оқу орындарының саны артқан сайын, шетелдегі қазақтардың елде білім алуға мүмкіндігі көбейе бермек.