Жетісулық қаламгерлер алғыс алды
Жетісулық қаламгерлер алғыс алды
498
оқылды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­кер­лері күніне орай Талды­қор­ғандағы Салтанат сара­йында журналистер қауымы­мен кездесу өткізді. Дөңге­лек үстел басында пікір алмасып, өңір­дегі жаңалық пен жақсылықты жұртшылыққа жеткізуде жақсы қызмет­терімен ерекшеленген бірқатар журналисті марапаттады.

Мерекелік басқосуда жетісу­лық журналистердің тындырым­ды тірлігі, үздіксіз ізденісі мен шабытты шығармашылығы жайлы ауқымды көрме ұсы­нылып, экраннан бейнефильм көрсетілді. Фильмде өткен бір жыл ішінде бақилық болған белгілі журналистер және ақпа­рат саласы мамандарының есім­дері мен еңбектері ерекше аталып өтілді. Жиналған қауым танымал тележүргізуші, «Жетісу» теле­арна­сының басшысы болған Бей­сен Құранбек, ҚР Мәдениет қайраткері, Журналистер одағы мен «Алтын Жұлдыз» сыйлы­ғының иегері Нұртілеу Иманғали, ішкі саясат саласының ардагер­лері - Гүлжиян Сүлейменова, Ғалым Жазылбеков, қаламгер-журналист Мұхаметәлі Қазбан­бетов сынды азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Салтанатты шараны құттық­тау сөзімен жалғаған облыс әкімі Амандық Баталов Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында мереке күні кездесіп отырғанына қуа­ныш­ты екенін жеткізіп, БАҚ-тың қоғам өміріндегі рөліне тоқ­талды. Жетісу өңірінің жаңа­лық­тарына жаршы болып жүрген тілшілердің есімін атап, респуб­ликалық БАҚ өкілдеріне әріп­тес­тік байланыстары үшін риза­шылығын білдіріп, ізгі тілегін айт­ты:
– Сіздерді кәсіби мереке­леріңіз­­бен шын жүректен құт­тық­таймын. Қаламдарыңыз қа­рым­ды, еңбектеріңіз жемісті болсын! Ақпарат құралдары мем­­лекеттік саясатты, жүргізіліп жат­қан ірі реформаларды, рухани жаңғыру қадамдарын халыққа жеткізуде зор қолдау көрсетіп келеді. Бүгінде медиа кеңістіктің ауқымы ұлғайды. Осы 30 жыл ішін­де мақтануға тұратын, тәуел­сіздікті нығайтып, бүкіл әлемге паш етуге лайықты ау­қым­ды істер жасалды. Тарихи оқи­ғалар, тағылымды істердің бұқаралық ақпаратта жария­лануында сіз­дер­дің еңбектеріңіз мол. Жан­кешті жұмысты, шы­ғар­машылық зор қабілетті талап ететін жауапты қызметтеріңіз та­бысты болсын! – деді өңір бас­шысы.
Одан соң «Қазақ газеттері» серік­тестігінің бас директоры Шам­шидин Паттеев, «Тен­гриНьюс» сайтының бас дирек­торы Сұңқар Қарабалин, ұзақ жылдар «Хабар» агенттігінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі болған ардагер журналист Тілеуқабыл Мыңжасар, Көксу ауданы мәслихатының депутаты, «Нұрлы Көксу» газетінің бас редакторы Айгүл Айманбекова әріптестерін құттықтап, арнайы қабылдау үшін ризашылықтарын білдірді. Бірқатар журналист, ардагер қаламгерлер, өңірлік баспасөз қызметінің өкілдері облыс әкімінің қолынан наградалар алды. «Іле таңы» газеті редак­торы­ның орынбасары Роза Ай­дар­бекова мен «Жетісу» газетінің меншікті тілшісі Қанат Біржан­салға жылдар бойғы еселі еңбегі «Еңбек ардагері» медалі табыс етілсе, «Огни Алатау» газетінің мен­шікті тілшісі Рамазан Еле­шевке Қазақстанның «құрметті журналисі» атағы берілді. «Же­тісу» газетінің тілшілері Ұлбосын Исабекова мен Гүлжан Тұрсы­нова, «Жетісу» телеарнасының журналисі Назгүл Бошан, облыс әкімі баспасөз қызметінің бас инспекторы, ақын Сағыныш Намаз­шамова ақпарат саласын­дағы атқарған алғаусыз қызметі үшін «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Тағы бірқатар журналист Ақпарат және қоғамдық даму министрінің құрмет грамотасымен, облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды. Кәсіби мерекелері күні ме­рей­лері тасыған журналистер аты­нан сөз алған Қанат Біржан­сал әріпестерін құттықтаған соң арнайы шақырып, құрмет көр­се­тіп отырған облыс басшы­лығына алғысын жеткізіп, жырдан шашу шашты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы