Қазір елордада 100 вакцинация пункті жұмыс істеп тұр. Пункттер мемлекеттік және жеке емханалармен қоса ірі сауда ойын-сауық орталықтарына орнатылған. Бұл туралы Нұр-Сұлтанның әкімі Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар орталығында айтты.
Әкімнің айтуынша, коронавирус жұқтырғандардың саны күрт өскен. Қаладағы 14 стационарда 2 мың орын бар. Қазір оның 75%-ы бос емес. Стационарға күніне 200-ге жуық пациент жатады.
"Астана тұрғындарын белсенді түрде вакцинациялау жүріп жатыр. Әсіресе, ұжымдық вакциналау жұмыстары қолға алынды. "Дельта" штамы тарағалы вакцина салдырғысы келген тұрғындар саны көбейді. Сонымен бірге мекемелерге барып, вакцина егетін мобильді топтар да жұмыс істеп жатыр. Нұр-Сұлтандағы медицина қызметкерлерінің 90%-ы, коммунал қызметкерлерінің 70%-ы вакцина алған", - деді астана әкімі.
Алтай Көлгіновтің айтыунша, тұрғындарды вакцина салдыруға ынталандыру үшін бағалы сыйлықтар ойнатылады.
"Вакцина алған тұрғындар арасында ұялы телефон, көлік, пәтер ойнатылады. Лотерея Birge платформасында, тікелей эфирде, ашық өткізіледі. Азаматтардың ЖСН-і көрсетілмейді, сондықтан оған әр тұрғынға берілген ID бойынша қатысуға болады. Сарапшылардың пікірінше, пандемиямен күресудің вакцина салдырып, ұжым иммунитетін қалыптастырғаннан басқа жолы жоқ. Мен де тұрғындарды вакцина алып, тек ғылымның тұжырымына сенуге шақырамын", - деді әкім.